Аймақтар • 13 Маусым, 2017

Павлодарда болгарлар қазақ жеріне қоныс аударғанына 110 жыл толғанын атап өтті

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы атаулы шараға орай Ақтоғай ауданында облыстық «Славяне» этномәдени бірлестігінің 15 жылдығы аталып өтті.

Павлодарда болгарлар қазақ жеріне қоныс аударғанына 110 жыл толғанын атап өтті

Ауданға еліміздегі Болгария Республикасы Елшілігінің Консулы Митко Христов және елшіліктің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Бочварова Галина, этно-мәдени бірлестіктер, Ресей, Германиядан, Ақтобе, Талдықорғаннан келген болгар жұртының өкілдері қатысты.

Бессарабия мен Украина болгарларының қазақ жеріне қоныстанған алтыншы ұрпағы қазір елімізде тұрып, өмір сүруде. Жиналған жұртшылық халықтар бірлігінің дамуына үлес қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бұрынғы орынбасары Олег Дымовты еске алды.

Аудан әкімі Абылай Әмірин аудандағы Разумовка, Андриановка ауылдарына сол жылдары келген болгардың ұрпағы тұрып жатқанын, ауыл атауларының өткен күндерден қалған естелік екенін айтып өтті.

«Қазір облыста 1000-ға жуық болгар этносының өкілі, ал Ақтоғай ауданында 200-ден астам болгарлар тұрады. Олар мысалы, еліміздің, ауыл, ауданымыздың дамуына үлестерін қосқан Дымовтар, Фучижи, Тетикли, Драгановтар, Серовтар, Баклажанскийлер, Соколы, Витковтар, Миховтар, Стояновтар, Кисенко, Тодоровтар, Галюроевтер, Станчеловтар, Юсимбелилер әулеттерінің есімдері өңірімізде жақсы танымал», деді А. Әмірин.

2002 жылы облыс орталығында облыстық «Славяне» болгар этномәдени бірлестігі құрылды. Этномәдени бірлестіктің төрағасы Шатова Валентинаның айтуынша, орталықта болгар тілі мен мәдениетін үйренуге барлық жағдайлар жасалған. Жыл сайын мектеп түлектері Болгария жоғарғы оқу орындарына түсуде болгар тілінен жоғары баға алып София, Варны, Благоевград қалаларындағы жоғары оқу орындарына түсіп, оқуларын жалғастыруда.

Шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Концерт «Туған жер» әнімен басталды. Бағдарламада «Росна кидка», «Бяла роза» және «Лазарки» шығармашылық ұжымдары, сондай-ақ Андриановка ауылының өнерпаздары өнер көрсетті.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген: Мақсат Айтбаев