Бәсекеге қабілетті осындай мемлекеттердің тарихи тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды. Елімізде Қазақстан қандай жолмен дамиды, болашақ таңдауымыз қандай болмақ деген өзекжарды сұрақтарға жауап іздеудеміз. Бұл істе жаңа сөзді Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтты.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Қазақстан қауымында үлкен рухани серпіліс тудырған бағдарламалық мәндегі еңбек болды. Зиялы қауым ғана емес, қарапайым халық та бұл мақаланы талқылауда. Себебі, Елбасы осы уақытқа дейін шешімін толық таппай келе жатқан, алайда, қазақ халқының дамуында өз орны бар күрделі мәселелерді көтерген. Президент еліміз алға қарай қалай дамиды, қазақ халқының рухани құндылықтары мемлекетті жаңартуда қалай пайдаланылады деген сұрақтарға жауап іздейді. «Қазақстанның мемлекеттілігін күшейтуде, бәсекеге қабілеттілігін арттыруда қазақ халқының ұлттық кодының сақталуы ерекше маңызды», – дейді Елбасы.
Бұл пікір қазақ халқының тілінің, тарихының, салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтарының жаңа сапалық деңгейінің көтерілуін қолдайды. Ұлттық код, тарихи жад, ұлттық болмыс революциялық төңкерістер мен тартыстар кезеңінде ешқандай дамымайды. Әсіресе, таптық, пролетарлық революциялар мен төңкерістер ұлттық өмірдің хас жауы. Революциялар түрлі әдемі ұрандарды жамылғанымен, түптің түбінде ұлттық болмысты талқандаумен тынады. Кейде революциялар этноцидтік сипат алып кетеді. Революцияның ең басты қаупі халықтың табиғи даму заңдылығын бұзуында. Революция біртұтас халықты, ұлтты бөлшектеп бір-біріне қарсы қояды.
Көбінесе, революциялар ағайындар, бауырлар бірін-бірі қыратын азамат соғыстарына ұласып жатады. Қайшылықтардың асқынуы, әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі, халықтың кедейленіп, қайыршылануы, бұратана халықтардың ұлттық езгіге ұшырауы сияқты революцияларға себеп болатын құбылыстарды болдырмаудың маңызы арта түседі.
Тарихи тағдыр Қазақстанға тәуелсіз мемлекет болу бақытын сыйлады. 1991 жылғы Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан халқы революциялық емес, эволюциялық даму жолын таңдады. Бізге билікке таластың қарулы қақтығыстар жолы керек емес. Билікті жеңіске жеткен элита сайлау жолымен, бейбіт саяси бәсеке барысында ғана иеленеді. Қазақстан тапқа, топқа, жікке бөлінбейді. Біздің мақсат – жалпыхалықтық және жалпымемлекеттік міндеттерді бейбіт жолмен, еңбекпен, жасампаздықпен және жаңашылдықпен шешу. Эволюциялық дамудың сара бағыты осындай.
Революция осы байланыстарды, қалыптасқан даму жүйелері мен арналарын тас-талқан етеді. Революциядан кейінгі кезең жаңа қоғамды құру кезеңі қаншалықты жаңалықтарға, ізденістерге толы болғанымен, табыстарға жеткізбейді. Себебі, дәстүрлі даму бағыты бұзылады. Жаңа даму бағыттарын орнықтыру барысында зорлыққа, қырғынға, әділетсіздікке жол беріледі. Әсіресе, Қазан революциясының астан-кестең еткен қайғылы салдарынан кеңес халықтары 100 жыл уақыттан бері толықтай арыла алмай келеді.
Осындай ойларды түйіндей келе, Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына революция емес, эволюция керек деп айтады. Қазақстандағы эволюциялық даму мақсаты – кенжелеп қалған ел экономикасын дамыған мемлекеттер қатарына қосу. Яғни, реформалар саясаты «қуып жету үшін дамуды» қамтамасыз етуі міндет. Екіншіден, Қазақстан билігі қазіргі кезеңде тек экономиканы ғана өркендетіп, дамыған 30 елдің қатарына қосыла алмайтындығымызды жақсы түсініп отыр. Ол үшін білім мен ғылымды жедел дамытпай болмайды. Ал білім мен ғылым ең алдымен мемлекеттік қазақ тілінде дамығаны қажеттілік.
Қазақ тілі ел халқының басым көпшілігі болып отырған қазақ ұлтының саналық қасиеттерін арттырады. Бүкіл Қазақстан халқы білімді, ақылды, іскер мемлекет жасаушы қазақ ұлтының төңірегіне топтасады, ұйысады. Эволюция демократиялық қоғам құндылықтарымен үйлескен жағдайда жасампаз, өміршең, іскер және батыл ұлт қалыптасады.
Сайын БОРБАСОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор