Өтепов көшесіндегі трамвай желісі жерден қазып алынып, бұрынғы темір жол орнына жаңадан асфальт төселе бастады. Алматы қаласының әкімдігі биыл жаз айында өтетін құрылыс жұмыстарының аясында Шевченко мен Қонаев, Өтепов көшелеріндегі барлығы 7,5 шақырымға созылатын трамвай жолдары рельстен толықтай тазартылады деп мәлімет таратты. Алда – Мақатаев көшесі! Шойын жолдан босаған аумаққа асфальт төселіп, жеңіл көліктер аялдайтын автотұрақтарға орын дайындалып, жол жиектері сәнделуде. Оған Алматының тағы бір соңғы жаңалығы – велосипед жолдары жарыса төселе бастады.
Күн санап көркейіп, сағат санап айналаға қанатын жайып ұлғайған алып мегаполистің қоғамдық көлік қатынастары қызметінің мүлдем жаңа үлгіге көшкені де белгілі. Оның бірі – Алматы метросы. Алдағы жылдың соңына дейін жаңадан «Сарыарқа,» «Достық» бекеттері пайдалануға берілмек. Мұның сыртында қала басшылығының таяу мезгілде тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруын мейлінше жеңілдететін «Алматы-2020» атты жаңа жобаны жүзеге асыратын түрі бар.
...Ең алғашқы трамвай Алматы көшелерінде 1937 жылы күзде жолға шыққан екен. Сол заманның ең тиімді әрі өркениет үлгісі саналған трамвай көлігі араға 80 жыл салып Алматымен қоштасып отыр.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ