14 Маусым, 2017

Риддерде кеніш маңындағы тұрғындарға баспана берілді

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мамырда Риддер кен байыту кешеніне қарасты Риддер Сокольный кенішіндегі Андреев карьерін су алып, шахтадағы жұмысшыларға да, карьер маңында тұратын тұрғындарға да қауіп төндірген болатын.

Риддерде кеніш маңындағы тұрғындарға баспана берілді

Мамандардың сөзіне сенсек, кенішті су басуына қыста жауған қалың қардың еруі мен Филлиповка өзенінің ағынды суының қосылуы әсер еткен. «Қазцинк» компаниясы кен байыту өндірісінің атқарушы директоры Валерий Завьялов қазіргі уақытта кеніштегі жағдайдың тұрақталып қалғанын, суды сору жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатқанын айтады. «Оқиға орын алған күннен бастап жедел түрде арнайы штаб құрылып, карьер ішін судан тазалау, кеніш маңында тұратын тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары шұғыл қолға алынды. Карьер түбіндегі сулар су айдау қондырғылары арқылы сыртқа сорылып шығарылып, комбинаттың қалдық сақтау орнына қарай ағызылып жатыр. Шұғыл іс-шаралардың нәтижесінде кенішті су басудан сақтап қалдық. Бірнеше күннен бері кеніштің ішіндегі жағдай тұрақтанды. Кенішті судан тазартып, су басудан сақтау үшін еліміздің ғана емес, Ресейдің білікті деген мамандарының көмегіне жүгініп жатырмыз», - дейді ол.

Ал кеніш маңындағы тұрғындарға келсек, төтенше оқиға тіркелген 7 мамырдан бастап олар кәсіпорынның Риддер қаласындағы профилакторийіне көшіріліп, жатар орын, ішер аспен қамтамасыз етіліпті. Дүние-мүліктері қарауға алынып, күзет қойылыпты. «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазаревтің айтуынша, қазіргі уақытта карьер маңында орналасқан жеті үйдің тұрғындарының барлығы да баспанамен қамтамасыз етілген. Кәсіпорын бұл мақсатқа 50 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырыпты.

«Кенішті су алғанын біз әуелде аңғарған жоқпыз. Бірақ қорадағы қаз-тауықтарымыздың тыпыршып, мазасызданғанын көрдік. Су басқан күннің ертеңінде бізді қауіпсіз жерге көшірді. Бұрын екі бөлмелі үйіміз болса, қазір міне, төрт бөлмелі баспанаға қол жеткіздік», - дейді Риддерден жаңа баспана алған зейнеткер Вера Феклистова.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласы