ЭКСПО-2017 • 14 Маусым, 2017

Институт ректоры 50 студентке ЭКСПО билеттерін сыйлады

94 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарованың қолдауымен оқу орнының 50 студенті халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне барады, деп хабарлайды ТарМПИ-дың ақпараттық-имидждік қызметі.

Институт ректоры 50 студентке ЭКСПО билеттерін сыйлады

Шақыру билеттеріне ие болғандар қатарында білім, өнер және спорт саласында үздік нәтижелерге қол жеткізіп, институттың қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген жастар бар.

Студенттермен кездесу барысында оқу орнының басшысы білімгерлерді оқу жылының аяқталуымен құттықтап, әлемдік технологиялық үдеріске зор үлес қосатын «ЭКСПО-2017» көрмесінің мәні мен маңызына тоқталды.

– Елорда төріндегі жаһандағы озық ойлы адамдардың қатысуымен өтіп жатқан көрме адамзат дамуының жаңа бағыттарын айқындамақ. Мыңдаған отандастарымыз бен әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан қонақтар соңғы ғылыми жетістіктермен танысуда. Бұл іс-шаралар мемлекеттер арасындағы өзара түсіністікті дамытуға, ғылым, бизнес және білім арасындағы табысты іс-қимылға, сонымен қатар Ұлы Дала мәдениетімен етене танысуға зор септігін тигізбек. Сіздер «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өтіп жатқан көрме кешенінің нысандары мен павильондарын аралап, ғылыми прогрестің қалай дамып жатқанын тамашалайсыздар. Көріп қана қоймай, технологиялық өрлеуді жете зерделеңіздер, – деді Д.Қожамжарова.

Өз кезегінде студенттер халықаралық көрмеге баруға мүмкіндік жасап отырған институт басшылығына ізгі ниетін білдіріп, іс-шараның Қазақстанның ғылымын дамытуға және экономикамызды жаңа белеске көтеруге септігін тигізетініне сенім білдірді.