Бизнес • 14 Маусым, 2017

Қазақ-Америка іскерлік қатынасы сөз болды

422 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Қазақстан-Америка бизнес-форумы өтті.

Қазақ-Америка іскерлік қатынасы сөз болды

Екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік қызметкерлері қатысқан шарада Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек АҚШ-тың Қазақстанға ең көп инвестиция салып келе жатқан ел екенін айта келіп, алдағы уақытта өзара іскерлік қатынасты одан сайын дамытуға шақырды.

«Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың бір мүшесі ретінде кедендік шекарасы жоқ 180 млн-нан астам халқы бар, сыртқы тауар айналымы шамамен 1 трлн долларға жететін ірі нарықтың бір бөлігі», - деген министр Қытай нарығына да Қазақстан арқылы еркін шығу мүмкіндігін таныстырды.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда инвестиция тарту үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Бүгінде Қазақстанда 10 арнайы экономикалық аймақ пен түрлі салаларға бағытталған 20-ға жуық индустриалды аймақ жұмыс істейді. АЭА қатысушыларына рұқсат беру процедураларын жеңілдету және жеңілдіктер топтамасы қарастырылған. Сонымен қатар, үш мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда, атап айтар болсақ,  «Нұрлы жол» - көліктік-логистикалық, индустриалды, энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы және  2020 жылға дейін индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасы -  ол қайта өңдеу саласында жоғары технологиялық экспортқа бейімделген өнімді өндіруге бағытталған. Мұнда түрлі мемлекеттік қолдау шаралары бар: несие бойынша пайыздық үстемақыны субсидиялау, сервистік қызмет көрсету, инвестициялық және салықтық артықшылықтар.

Министр өз сөзінде мемлекет тарапынан ірілі-ұсақты бизнесті қолдау үшін ұсынылған осы мүмкіндіктердің шетелдік кәсіпкерлер үшін де, соның ішінде америкалық іскер адамдар үшін де ұсынылатынын айтты.

Қазіргі таңда елімізде түрі салаларда америкалық капиталдың қатысуымен бірлескен 500-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы он жылда Қазақстанға тікелей инвестиция ағымы 265 млрд доллардан асып жығылған.

Өз сөзінде «Астана халықаралық қаржы орталығы» (АХҚО) басқарма директоры Қайрат Келімбетов жыл соңына дейін елордада жұмыс істей бастайтын өңірлік қаржы орталығының шетелдік инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасайтынын айтты.

Астана қаржы орталығы Шанxай қор биржасы мен америкалық Nasdaq Inc биржасымен орнатылған әріптестікті одан әрі кеңейтіп, Еуропаның ең ірі биржаларының бірін тартуды көздейді. “Nasdaq бүгінде сауда процестерін IT-шешімдермен қамтамасыз етуші провайдер болып отыр. Сонымен қатар біз Nasdaq-ты АХҚО акционері болуға шақырып жатырмыз”, – деді Келімбетов.

Орталықтың акционері және стратегиялық серіктесі – Шанxай қор биржасы қазақстандық биржаны әлемдік стандарттарға сай жоғары теxнологиялық биржалардың біріне айналдыруды жоспарлап отыр.

“Қазір біз Еуропада ең ірі ұлттық биржалардың бірін “Астана” қаржы орталығына серіктес ету үшін келіссөздер жүргізудеміз. Бұл xалықаралық биржалардың Астанадағы әріптестігінің бірінші кезеңі ғана. Келесі кезеңде біз жаһандық инвестициялық банктерді және жаһандық қорларды шақыратын боламыз. Бұл екінші кезең болады. Жыл соңында алғашқы нәтижелерді жариялайтын боламыз”, – деп толықтырды Қайрат Келімбетов.

Келімбетовтың атап өткеніндей, Астана халықаралық қаржы орталығының ағылшын заңымен жұмыс істеуі, ондағы сот жүйесінің Қазақстан Республикасы сот жүйесінен тәуелсіз болуы инвесторларға қолайлы орта қалыптастырмақ.

Сөз соңында басқарма қаржы орталығының басшысы Астана қаласының ТМД елдері, ШЫҰ ұйымына мүше мемлекеттер мен Оралық Азия елдерінің қаржылық астанасына айналатынын айтты.

Өз кезегінде АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джордж Крол Астананың бизнес әлеуетін жоғары бағалай отырып: «Қазақстандағы экономикалық өрлеу тек елдің ішінде көрініс тауып қана қоймай, сонымен қатар көршілес елдердің алаға жылжуына түрткі болып отыр. Бұл тұрғыда Астананың маңызы орасан. Кешегі ШЫҰ елдерінің қатарына Үндістан мен Пәкістанның қосылуын Америка Құрама Штаттары қолдап отыр және алдағы уақытта өңірмен экономикалық байланысты арттыруға мүдделі. Астананың ЭКСПО көрмесінен кейін де өңірлік «жасыл экономика» және IT орталығына айналатынына күмәніміз жоқ», - деді.

Бауыржан Мұқанов, 

"Егемен Қазақстан"