15 Маусым, 2017

Емнің алды – еңбек

969 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Тыныш құлақ, сау бас, бас сауында аулақ қаш» дегендей, заманның әлпеті ауырмаудың жолын нұсқайды. Бірақ «басы аманның малы түгел» деген қамсыздық тағы бар.

Емнің алды – еңбек

Елімізде былтырдан бері мін­детті әлеуметтік медициналық сақтан­ды­ру жүйесін енгізуге байланыс­ты ақпараттық түсіндіру шаралары жүр­гізіліп келеді. Яғни, ақпараттық науқанның шідері ағытылғанына жыл айналды. Алғашқы кезекте орталықтан құрылған ақпараттық-насихаттық топтардың өңірлердегі медицина қызметкерлеріне, одан соң ақ халатты абзал жандардың халықтың өз ортасында түсіндіруімен жалғасқан шараға ақпарат құралдары да айтарлықтай үлес қосып жатыр. Телеарналарда түсіндіру бейнероликтері, сюжеттер мен ақпараттық шығарылымдар көбейді. Басылымдар күн құрғатпай білікті медицина мамандарының сұх­бат­тары мен авторлық мақалаларын, ба­ғандарын және инфографикаларын жариялауда. Бір қуантатыны, барлық материалдар бірсыдырғы емес, бірқыдыру мәселелерді қамтиды, мәліметке толы. Былай қарасаңыз, ешкім де енжар, бей-жай емес сияқты. Ал шын мәнінде халық медициналық сақтандыру жүйесіне алаңдай ма? Осы жайт ойлантады.

«Ауру кірді дегенше, әлек кірді десеңші» дейтін жұрт ертең екінші бір әлектің медициналық сақтандыруға дайын болмауына тірелетініне әсте қазір құлақ аса қоймаған сияқты. Әрине, екі дүниенің арасы бір қадам екенін ел жақсы біледі. Десе де, жақсы білу жақсы қам жасауға жетелеп отырған жоқ. Өйткені, үш адамның басы қосылса – қауым, әлдебір әнші мен әдептен тыс әңгімені талқылай жөне­летін жұртшылық медициналық сақтандыруға айтарлықтай бас қатыра қоймайтыны байқалады. Мұны аталған саладағы жаңа заңның өзгерістері мен толықтырулары қоғамда жіті тал­қы­ланбауынан, жиындар мен жүз­де­су­лерде министрлік пен тиісті сала же­текшілеріне жиі сауал қой­ыл­мау­ынан, әлеуметтік желілерде әдетте іліп ала жөнелетін желі қол­да­­ну­шы­ла­ры­н­ың осы тараптағы үнсіз­ді­гінен де аңдау қиын емес.

Ең алдымен, биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енетін МӘМС туралы заң аясында әр азамат жұмыс берушімен арадағы қарым-қатынасының заңдылық негіздеріне назар аударуы тиіс. Яғни, көлеңкелі бизнесте, заңсыз және стихиялы сауда нысандарында кәсіпкерлер тарапынан көрсетілетін салықтан жалтару мақсатындағы қағаз жүзіндегі еңбекақы көрсеткішіне байланысты мәселелер туындауы мүмкін. Сол сияқты жұмыс берушілер мен есепшілер (бухгалтерлер) МӘМС аясындағы төлем мен оны орындамау кезіндегі айып­пұл төлемдері туралы не біледі? Осы сияқты өзекті мәселелерге азамат­тар алдын ала қам жасап жатыр ма? 

Екіншіден, азаматтар МӘМС жүйе­сіндегі мәртебесін анықтауға бай­ланысты сәуір айынан бастап жер­гі­л­ікті емханаларда науқандық жұ­мыс­тар жүргізіліп жатқанына әлі де жүрдім-бардым қарайтыны жасырын емес. Бұл ертең МӘМС-ке жарна аудару міндеттелген кезде нөпір кезек, әлеуметтік санаттағы және сырқат адамдар үшін қиындық тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, тұрғындардың тү­сін­діру жұмыстарынан сырт қалуы не­месе көңіл аудармауы алыпқашпа әңгімелерге ден қоюына, сенімсіздікке, делдалдық танытпақ алаяқтарға алданып қалуларына соқтыруы да кәдік. 
Сондықтан, ресми ақпарат көз­де­рінің мәліметтеріне қанық болған абзал. Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, қазір жұмыс істемейтін тұрғындардың саны жалпы халықтың 2,5 пайызын құрайды. Осы ретте жұмыссыз жандар өздері үшін жарнаны кім төлейтіндігін (мемлекет пе, жұмыс беруші ме, өзі ме) анықтап жатыр ма, ол да өз алдына бір мәселе.

Жалпы, міндетті сақтандыруды енгізуде өркениетті елдердің тәжіри­бе­лері ескерілгені көңілге сенім ұяла­та­тыны жасырын емес. Мәселен, Францияда алғашқы жылдары жарна төлеудің ауыртпалықтары жұмыс берушілер мен жұмыскерлерге түскен, ал шығынның 50 пайыздан астамы халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігіне жұмсалатыны анық­тал­ған болатын. Бұл бюджет аударымдарын арттыруға алып келді. Ал Германияда ауруханалық касса ұй­ым­дарының құрылуы медициналық ұйымдар арасында қаржыны бөліске салуды қиындатты. Сондықтан кейіннен қор құрылды. Қазақстан осы тәрізді қателіктерден сабақ ала отырып, қоғам­дық сақтандыру үлгісіне көшпек. Бұл жүйе мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың ортақ жауапкершілігі бойынша жұмыс істейтіндіктен, оның мүлтіксіз қызметіне баршамыз да мүдделіміз. Оның ең басты шарты – еңбек. Яғни, емнің алды – еңбек. Еңбек – ауруды да жеңбек! Еңбек етсеңіз, жарна да аударылады немесе аудара аласыз, медициналық сақтандыру қызметін де пайдалана аласыз.

Думан Анаш,
«Егемен Қазақстан»