Министр елдегі қылмыстық ахуал көптеген бағыттар бойынша жақсарып келе жатқандығын жеткізді. Биылғы жылдың бес айы ішінде елімізде 123 мыңға жуық қылмыс тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,8 %-ға аз. Қарақшылық 28,4%, тонау 19,3%, денсаулыққа ауыр залал келтіру 6,9%, қыз зорлау 29,3%, ұрлық 10,1%, алаяқтық 27,6%, бұзақылық 40,4% шамасында қысқарған. Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс 12% және көшедегі 14,2% азайған. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс 3,6%, сондай-ақ, бұрын сотталғандар тарапынан жасалған қылмыс 9,1% қысқарған.
Қылмыстардың барлық түрлерін ашу жағы да жақсарып, оның ішінде ауыр қылмыс түрлерін де (60,2-ден 71,3%-ға) және аса ауыр түрлерін де (85,5-тен 90,6%-ға) ашуды жақсартуға мүмкіндік туған.
Қалмұханбет Қасымов халықпен кездесу барысында ішкі істер органдарының тек құқық қорғау функциясымен ғана емес, сондай-ақ, халыққа 39 мемлекеттік қызмет түрін де көрсететіндігін атап өтті. Бұл қызмет түрлерінің ішінде азаматтардың жеке куәліктерін, төлқұжаттарын рәсімдеу, мекенжай анықтамасын беру, азаматтарды тұрғылықты жеріне тіркеу және басқа да мәселелер бар.
«Егер былтыр біз миллионнан сәл ғана көп адамды тіркесек, биыл бес ай ішінде 1,7 млн адамды тіркедік. Уақытша қоныс аударып, тіркелгендердің саны 800 000 болды. Ал қалған 900 мыңы – басында баспанасы, пәтері бар, бірақ тіркеусіз жүрген азаматтар. Осыншама адамды біз «көлеңкеден» шығардық», деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, министр есірткіге қарсы күрес мәселесіне де кеңірек тоқталды.
«Біз заң жобасын әзірлеудеміз. Соған сәйкес елімізде тыйым салынған есірткі заттарының тізімі заңмен емес, Үкіметтің шешімімен бекітілетін болады. Бұл есірткінің пайда болған жаңа түрлеріне қарсы шұғыл әрекет етуге және есірткіге қарсы заңнамалық икемді жүйені құруға мүмкіндік береді», деді Қасымов.
Министрдің дерегінше, кеден органдарының, шекара қызметтерінің және полицияның бірлескен жұмыстарына қарамастан контрабандалық жолмен елімізге ауған героині де келіп жатыр. Оның біразы Қазақстанда қалса, қалғаны Ресейге шығарылады.
«Жыл сайын полиция органдары 3 мыңнан астам есірткі қылмысын анықтайды, оның 2 мыңы сату фактілері. Өткен жылы заңсыз айналымнан 35,3 тонна есірткі, оның ішінде шамамен 120 келі героин алынды. Есірткі бизнесі саласындағы 11 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды», деді Қ. Қасымов.
Министр елімізде ескірген «қол» радарларынан біртіндеп қолданыстан алынатынын, сонымен қатар, барлық шолғыншы автомобильдердің видеотіркегіштермен, ал полиция қызметкерлері видеожетонмен қамтамасыз етілгендігін атап өтті.
«Жыл басынан бастап жүргізушілерді негізсіз тоқтатуды жою және жол қозғалысы ережесінің сақталуын бақылау жұмыстарының бағыттылығын қамтамасыз ету үшін полиция автомобильмен шолғындауға көшірілді. Бұған дейін жолдарды шамамен 13 мың полиция шолғындайтын болса, қазір 2,2 мың автошолғыншы қызмет етуде. Олардың жұмыстары жол қозғалысы ережесінің бұзылуының алдын алуға және өрескел бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған. Бұдан бөлек, осы жылдың басынан бастап ІІМ бірте-бірте ескірген «қол» радарларынан бас тарта бастайды. Олардың орнына полицияның қатысуынсыз бұзушылықты анықтайтын автоматты радарлар сатып алынады. Бұған қоса, бұзушылық туралы ақпарат жүргізушіге пошта арқылы келеді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта бұзушылықтарды тіркейтін стационарлық автоматты жүйеміз жұмыс істеп тұр. Оның тиімділігі айқын», – деді Қасымов.
Министрдің дерегінше, республика жолдарында 1,7 мыңнан астам стационарлық бақылау жүйесі орнатылған. Олар 2016 жылы шамамен 900 мың жол қозғалысы ережесінің бұзылуын тіркеген.
Жиында белгілі болғанындай, қолға алынған шаралардың нәтижесінде еліміздің жолдарындағы жағдайлар біршама жақсарған. Нақтырақ айтқанда, былтыр жол-көлік оқиғалары 5%-ға қысқарған. Бұл көрсеткіш жол-көлік оқиғалары себебінен орын алатын адам өлімі мен жарақат алу көрсеткішінің төмендегенін білдіреді.
Кездесу барысында министр елімізде әрбір 7-ші қылмыс, яғни кісі өлтіру әрекеттерінің жартысына жуығы және отбасылық-тұрмыстық зомбылықтардың 60 пайызы алкогольдің кесірінен жасалатынын айтты.
Сонымен қатар, министр алкоголизмге шалдыққандарды мәжбүрлеп емдейтін наркологиялық ұйымдар санының да аз екендігін айтты. Бүгінде елімізде 2470 орынға арналған 22 ұйым бар. Тағы 4 қосымша орталық қажет.
«Өткен жылы сот шешімімен бұл ұйымдарға 5300 адам жіберілді. Алайда, орынның жоқтығы салдарынан 1 мыңнан астам адам мәжбүрлеп емдеуден өткен жоқ», – деді Қ.Қасымов.
Жолдыбай Базар,
«Егемен Қазақстан»