ЭКСПО-2017 • 15 Маусым, 2017

Кинетикалық күш көлік жүргізеді

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 көрмесі аумағындағы бесінші күн. Көпшілік қатары сағат тоғыздан-ақ жиілеп үлгерген. Қалашықтағы қызу тіршілік Австрия Республикасының ұлттық күнін мерекелеумен бас­талды. Салтанатты рәсімде 1071 жылы монастырь қабырғасында құрыл­ған, әлемге әйгілі «Әулие Флориан» атты ұлдар хоры екі елдің әнұрандарын орындады.

Кинетикалық күш көлік жүргізеді

Алғашқы басқосуда Австрия делегациясының басшысы, Ғылыми зерттеулер және экономика вице-министрі Бернадетте Гирлингер сөз сөйлеп, Қазақстан өздерінің Орталық Азиядағы маңызды серіктесі екенін әңгі­меледі. «Күллі дүние көз тіккен көрме аясында Қазақ елінің астанасы «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша жаңа идеялармен және шешімдермен алмасу үшін ең қолайлы алаңға айналды. ЭКСПО – ақпараттандыру, шабыттандыру және қарым-қатынас жасау үшін таптырмас орын», деді министрдің орынбасары.
Мереке қонақтары Авс­трияның павильонымен танысып, күш энергиясын тамашалады. Бұл павильонның ерекшелігі де сол, келушілер «Болашақтың энергиясын» өздері өндіреді. Мәселен, мемлекеттің әсем табиғатын, көрікті өңірлерін, керемет қалаларын тамашалағыңыз келсе, LED экранға жалған­ған велосипедті тебуіңіз керек. Сол кезде экранды іске қосатындай энергия жиналып, бейнематериалдарды көресіз. Мұнда «ойнап жүріп» энергия жинайтын, сол арқылы іске қосылатын бірнеше құрылғы орнатылған.
Павильонда велосипед бас­қышын айналдырғанда қанша энергияны өндіруге болатынын да білуге болады. Айталық, жеңіл көлікті бір шақырым қашықтыққа энергиямен қамтамасыз ету үшін басқышты 12 сағат бойы айналдыру қажет. Сол сияқты бір үйге қажетті энергияны 5000 сағат өндіруге тура келеді. Ал компьютерде бір клик жасау үшін велосипед басқышын 52 секунд айналдырса жеткілікті. Бұдан бөлек, әткеншектерді теуіп, музыканы ойнатуға мүмкіндік бар. Осылайша, австриялықтар кинетикалық энергияның, яғни қозғалыс күшінің маңыздылығын көрсеткен. 

Сырт көз – сыншы

Анастасия БОНДАРЕНКО, 
австриялық гид:
– Австрияны музыкасыз және велосипедсіз елестету мүмкін емес. Сол себепті, біз павильонды жасақтау барысында осы екі нәрсені барынша пайдаланып, баламалы энергияның маңыздылығын айшықтауға тырыстық. Мұнда энергия өндіру үшін барлық инсталляцияларды қозғау қажет, айналдыру керек және қол жұмсауға міндеттісіз. Өйткені, энергияның бас­ты көзі – адамның өзі, оның ақылы, жүрегі мен күші. Соның бәрі сарқылмас энергия көзі болып саналады. 
Петер ВИСКОВСКИЙ, 
австралиялық қонақ:
– Көрме кешенінің инфрақұрылымы өте ыңғайлы жасалған екен. Мұнда бірер күннен кейін басталатын Астана экономикалық форумына қатысатын болғандықтан, әлі біраз күн аялдайтыным анық. Әлем павильондарымен танысуға мүмкіндігім бар, әсіресе, АҚШ, Венесуэла елдерінің тақырыптары қызықтырады. Астанаға алғаш келіп тұрмын, архитектуралық әр алуандығымен Лас-Вегасқа ұқсайтын әдемі қала екен. Осы даму қарқынын жоғалтпаса, туристер көп ат басын бұратын аймақ болатыны сөзсіз.

Асхат Қойшығараұлы,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген 
Ерлан Омаров, 
«Егемен Қазақстан»