Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советовтің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері мамандар тарапынан жабық су қоймаларында 467 бала жүзу машығына үйретілген. Бұл ретте 66 жағажайдың шомылушыларға даяр тұрғандығын да айта кеткен орынды. Әсіресе, демалыс аймақтарының көп бөлігі Бурабай және Зеренді шипажай-курортты массивтерінде орналасқан.
Міне, осы демалыс аймақтарында қайғылы оқиғалардың табан астында орын алып жатуы өкінішті. Мысал да жетерлік. Ақмола ТЖД ақпараттарына жүгінсек, өткен жылы 22 адам суға кетіпті. Соның біреуі бала көрінеді. Сондай қайғылы жағдайлардың көпшілігі ішімдік ішіп, суға түсуден туындайды екен. Бұдан басқа, шомылушылар суға түскенде қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейтіндігі тағы бар. Ең сорақысы сол, ата-аналары балаларын қараусыз қалдыратындығы. Қараусыз қалған бала өзгелерге еліктейтінін ескерсек, оларды дер кезінде құтқарып қалу да мүмкін еместігі белгілі.
Сондықтан да Төтенше жағдайлар департаменті тұрақты негізде балаларға шомылуды үйретуді қолға алған. Қыс мезгілі шомылу машығы жабық су қоймаларында (бассейндерде) жүргізілсе, ал жаз мезгілдерінде мұндай жаттығулар ашық су қоймаларында жүзеге асырылып келеді. Облыс орталығында жазғы жаттығулар Қопа көлінде жүргізілуде.
Асқар Тұрапбайұлы,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы