Конференцияның ашылу салтанатында университет ректоры, профессор, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева ғылыми шараның мән-маңызына тоқтала келіп:
– Біз Болат Шамғалиұлының өз ғұмырында ғасырға татитын еңбек атқарып кеткенін білеміз. Ол ежелгі көне музыкалық аспаптарды тауып, жүйелеп, қалпына келтірумен қатар, бұларды халықтың рухани өміріне енгізе алды. Осылайша біз замана керуені көшкен сайын қолданыстан тыс қалған, ұмыт болған музыкалық аспаптармен және олардың ерекше үнімен бүгінде қайта қауышып отырмыз, – деді.
Белгілі дипломат Қайрат Сарыбаев Болат Сарыбаевпен туыстығын мақтан тұтатынын, аталары Шамғали Ташкенттің Коммунистік университетінде, одан кейін Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында ұзақ жылдар сабақ бергенін, ал оның әкесі Харес те Жәңгір ханның тұсында Ордада мектепте мұғалім болғанын, үлкен аналары Нәсима (Болат Сарыбаевтың анасы) «Қазақ әдебиеті» басылымында көп жылдар жұмыс істегенін тілге тиек етті.
Қайрат Шораұлы:
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында білім, тарих, мәдениет, тіл мемлекетіміздің темірқазығы болып саналады деген болатын. Ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, міне, осыдан келіп шығады. Болат Сарыбаевтың сарқылмас мол мұрасы – осының жарқын дәлелі. Ол халқымыздың музыкалық аспаптарын баға жетпес құндылық деп таныды.
Ғалым бұларды зерттеп қана қоймай, оны уағыздай білді. Ұлттық аспаптардан құрылған «Шертер», «Фараби сазы», «Отырар сазы» ұжымдарын Бөкеңнің бастап бергені өз алдына бөлек әңгіме. Прагматизм, инновациялық жаңалық деген осы, – дей келіп, Дина Нұрпейісова Бөкеңе өз қолымен бала күнінде домбырасын ұстатқанын, бата бергенін айтты.
Пленарлық мәжілісте алғашқы болып сөз алған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Әсия Мұхамбетова Б.Сарыбаев тағдырының жұмбағына үңілді, оның жазбалары, мақалалары, диссертациялары қоғам санасында сілкініс туғызса, ғылыми ізденістерінің нәтижесі қайта қалпына келтірілген көне музыкалық аспаптары қазақ мәдениетіне құбылыс ретінде қабылданды. Б.Сарыбаев зерттеулеріне дейін қазақта тек домбыра, қобыз, сыбызғы аспаптары ғана болған деген жаңсақ пікір қалыптасып қалған еді, деді.
Өнертану ғылымының докторы, Ресей өнер тарихы институтының профессоры Игорь Мациевский аспаптық музыка мәдениетінің жинақтаушысы әрі зерттеушісі Болат Сарыбаевтың отансүйгіштігі, ғылымға, өз халқына деген адалдығы туралы ой толғап, шығармашылық қызметіне жан-жақты тоқталды.
– Оның толассыз ғылыми ізденістері қазақ ұлттық музыка аспаптары туралы түсінігімізді барынша кеңейтті. Орталық Азия елдерінде ғана емес, бұрынғы Кеңес одағы кеңістігіндегі елдерде де этноорганология ғылымының дамуына үлкен әсер етті, – деді ғалым.
Өнертанушы ғалымдар Р.Малдыбаева, Г.Абдрахман, Г.Әлпейісова, Г.Тасқарин, Л.Халтаева, Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері Р.Нүркенов, журналист Б.Оспан, Бакудегі У.Гаджибеков атындағы музыка академиясының оқытушысы Ф.Сафаралиева, өнертану ғылымының кандидаты, Ресей өнер тарихы институтының аға ғылыми қызметкері Г.Тавлай және басқалар музыкатану саласындағы заманауи бағыттар мен этноорганология мәселелерін қозғады.
Конференцияда сөз сөйлеген Бөкеңнің қызы Майра мен келіні Гүлнәр әкесінің қарапайымдылығы, еңбекқорлығы туралы баяндады. Өнер зерттеушісі басынан ешқашан тақиясын тастамағанын, іссапарға шыққанда қолындағы бар ақшасына барған жерінен музыкалық аспаптар ғана сатып әкелетінін айтып, Б.Сарыбаевтың 90 жылдығына арнап ұрпақтары шығарған «Болат Сарыбаев. Қазақтың музыкалық аспаптары» кітабын сыйға тартты.
Конференция аясында ҚазҰӨУ әзірлеген «Сарыбаев Б.Ш. Мақалалар мен материалдар» жинағының (құрастырушы С.Боранбаева) таныстырылымы өтті. Жинаққа Б.Сарыбаевтың мақалалары, қазақ зиялыларының қазақ аспаптану ғылымы туралы ой-толғамдары, Б.Сарыбаевқа арналған мақалалар, қосымша фотосуреттер мен естеліктер топтастырылған.
Сондай-ақ, конференция қонақтары университеттің Ақпараттық-кітапхана қызметі әзірлеген «Болат Сарыбаев көрнекті ғалым-этноорганолог» құжаттық кітап көрмесі мен Ұлттық музей қорындағы Болат Сарыбаев коллекциясынан ұйымдастырылған музыкалық аспаптар көрмесін тамашалады. Осы шара барысында тағы бір қызық дерекке кезіктік. Ғалымның өмір бойы тірнектеп жинаған әлем халықтары музыкалық аспаптарының 309 данасын ұрпақтары Ұлттық музейге табыстаған екен.
Еске сала кетейік, халықаралық конференцияға қазақстандық ғалымдармен бірге Ресей, Әзербайжаннан белгілі ғалымдар қатысты.
Ғазиза Исахан,
Ақпараттық кітапхана қызметінің басшысы