Яғни, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап қайырымдылық шараларымен айналысып келе жатқан қор қоғамды ізгілендіріп, жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмек көрсету барысында қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен тығыз байланыс орнатты. Басқарма халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі функцияларды жүзеге асырушы ретінде аз қамтылған мұқтаж жандарды анықтап қорға ұсынады. Бастапқы кезеңде басқарма тарапы ұсынған аз қамтылған отбасылардан шыққан 818 баланың тізімі қарастырылып, оның ішінде ақшалай сертификат түрінде 15 мыңнан 35 мың теңге сомасында 350 отбасына көмек көрсетілген. Әзірге, көрсетілген қаржылай көмектің жалпы құны 7,5 миллион теңгені құрады. Қор жетекшілерінің айтуынша, «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатқан бастама алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
– Бірінші кезеңде мамыр айынан бастап «Ниет» қоғамдық қорымен «Азық-түлік себеті» бағдарламасы бойынша әлеуметтік мұқтаж азаматтарға біршама қолдау көрсетілді. 2017 жылдың тамызынан басталатын екінші кезеңде «Мектепке жол» бағдарламасы бойынша мектеп жабдықтары мен киімге (мектеп формасы) мұқтаж балалар қамтамасыз етіледі. Ал қараша айынан басталатын үшінші кезеңде барлық мұқтаж жандарға, соның ішінде «Ниет» қоғамдық қорында тіркелгендерге көмек көрсетіледі деген жоспар бар – дейді «Ниет» қоғамдық қорының президенті Айнұр Темірханқызы.
Бір айта кетерлігі, қор онлайн платформасында қайырымдылыққа мұқтаж жандардың пайдасына әзірленген және оны кез келген адам енгізе алады.
Арман Октябрь,
«Егемен Қазақстан»
Алматы