Кино • 15 Маусым, 2017

«Қазақфильм» мүмкіндігі шектеулі жастар туралы фильм түсіре бастады

317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақфильм» ұлттық киностудиясы «Қыз бен теңіз» атты шартты атаумен мүмкіндігі шектеулі жастар туралы фильмді түсіруге кірісті. Бұл – сал ауруымен дертті болған Әсел есімді бойжеткеннің үзілмеген үміті мен армандары жайлы әлеуметтік фильм.

«Қазақфильм» мүмкіндігі шектеулі жастар туралы фильм түсіре бастады

Фильмге «Арди» оңалту орталығының тәрбиеленушісі Динара Шәріпованың өмірі арқау болған. Басты рөлді де Динараның өзі ойнайды. Айрықша киножобада басты рөлдерден басқа кейіпкерлерді де «АРДИ» оңалту орталығының оқушылары бейнелейді. Сол сияқты «Өлсем бе, әлде қалсам ба?!» дилогиясының алғашқы бөліміндегі басты рөлдегі Тахир Омаровқа да басты рөлдің бірі бұйырып тұр. Сондай-ақ, фильмге Эмир Байғазиннің «Төрт оқиға» фильмінде бас­ты рөлді сомдаған Қанағат Тасқа­раев та түседі.
Аталмыш картинаның да­йындық жұмыстары сәуір айының бел ортасынан бастал­ған болатын. Осы аралықта сценарий жазылып, фото және бейне байқаулар жасалып, түсі­рілім локациялары анық­талыпты. Дайындық кезеңінде режис­сер кино әлеміне жолда­ма алған актерлардың дик­ция­сын дұрыс қою үшін, лого­педтер жұмыс істегенін айтады.      
– «Қыз бен теңіз» фильмі «Шексіз мүмкіндіктер» дило­гия­сының екінші бөлімі десек те болады. «Өлсем бе, әлде қалсам ба?!» атты бірінші бөлім арқылы біз сал ауруына ұшыраған жас жігіттің өмірін көрсетуге тырыстық. Ал осы фильмде Әселдің тағдыры арқылы ар­ман­дар алға жетелейтінін, үміт­тер үзілмейтінін баянда­мақпыз. Картинаның басты кейіпкері өзінің өмірге деген құштарлығымен, ерекше мейірман мінезімен дара. Жоғары білім алып, қаладағы банктердің бірінде жұмыс істейді. Шығармашылыққа да өте жақын. Башпайымен сурет салып, дені сау адамдарға өз-өзіне сенуге көмектеседі. Фильмде біз оның ішкі жан дүниесінің шексіз байлығын ашып көрсетпекпіз, – дейді фильмнің режиссері әрі продю­сері Әзизжан Заиров. 
Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің тапсырысы бо­й­ын­­ша қолға алынған кар­тина Алматыда екі ай бойы түсі­ріледі деп жоспарланған.

Айнаш Есали,
«Егемен Қазақстан»

Алматы