Болашаққа арман, ертеңге үміт жетелеген жасөспірім қыз-жігіттердің алып-ұшқан көңіл-күйі кең алаңды кернеп кетті. Биыл өңірде 91 түлек «Алтын белгіге» ие болған екен. Білімге, инновацияға иек артқан жаңа ғасырда еліміздің тағдыры дәл осы білімді ұрпаққа байланысты екендігі сөзсіз.
- Біз білім саласына әрқашан ерекше көңіл бөлеміз. Жастарымыздың жақсы білім алып, өсіп-дамуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Биылдың өзінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өңірде жаңадан 8 мектеп салынуда. Ұша білер қанатқа дүние кең. «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің кез келген жерінде, ең үздік оқу орнында білім алуға мүмкіндік жасалған. Біз сендерге сенеміз! - деді өз сөзінде өңір басшысы Алтай Көлгінов. Өзі де осы бағдарлама бойынша Ұлыбританияның Абердин университетін бітірген әкімнің бұл сөзі әсерлі шықты.
Кеш барысында «Алтын белгі» иелері көкке шар-десте ұшырып, отшашу шашылды.
Қазбек Құттымұратұлы,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Темірболат Тоқмәмбетов