15 Маусым, 2017

Әлеуметтік медициналық сақтандыру жайы талқыланды

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіру бойынша алқалы жиын өтті.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру жайы талқыланды

«Нұр Отан» партиясы арқылы тұрғындарға МӘМС жүйесін енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын өткізу, халықтың құқықтық, ақпараттық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік қарама-қайшылықтарды шешу, оның алдын алу мақсатында ұйымдастырылған шарада Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бас қосты. Алқалы мәжіліс бейнеконференция пішінінде өтті. Оған еліміздің 16 өңірін есепке алғанда 200-ден астам қатысты.

Кездесу барысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты, яғни халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы босатылатыны айтылды. Олардың қатарына балалар, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері, мүгедектер және басқа да санаттағы жандар кіреді.

– Жоспар бойынша бұл бағдарламамен ең бірінші медицина саласының қызметкерлерін, екіншіден, жұмыс беруші тұлғалардың негізгі міндеттерін жан-жақты түсіндіруден бастадық. Әрбір адам ХҚО-ға барып, қай статусқа жататын білгені жөн. Әлеуметтік жағдайы бойынша, жұмыссыз болса, тіркеліп, арнайы құжат алу тиіс, – деді Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.

Бүгінгі күні әрбір қазақстандық 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін әлеуметтік медициналық сақтау жүйесіндегі өз статусын белгілеп алуы керек. Сол кезде қиындыққа тап болған жағдайда кімнің көмегіне бірінші жүгіне алатындығы белгілі болады.  

– Осы жылдың 1 шілдесінен бастап медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатыны, оның қыр-сыры жайлы бұқара халықтың басым бөлігі хабарсыз екені белгілі болды. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы болып халыққа түсіндіру бойынша 45 мыңнан астам жиын өткіздік. Оған үш миллионнан астам халық қатысты. Сонымен қатар, арнайы кітапшалар да шығардық, – деді Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов.

Халыққа түсіндірме жұмыстарын өткізу бойынша партия филиалдары, денсаулық сақтау басқармалары бірлескен семинарлар өткізген.

Кездесу соңында тұрғындар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптарын алды.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»