ЭКСПО-2017 • 16 Маусым, 2017

Жаһандық шара – жалпыхалықтық мереке

765 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Елімізде әлемдік деңгейдегі ЭКСПО көрмесі өтіп жатқанын Астана ғана емес, бүкіл өңір сезінуі керек». Бұл – Талдықорғандағы Достық үйінің алаңында «Болашақтың энергиясы» форумын ұйымдастырушылардың сөзі. Шараға мұрындық болған – Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы.

Жаһандық шара – жалпыхалықтық мереке

Қатысушылардың басым бөлігін жастар құраған жиында ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің мәні мен маңызы, елі­міздің бүгіні мен келешегіне қа­тысты атқарар рөлі жайлы сөз болды. 
Экология үлкен проблемаға айналып отырған ХХІ ғасыр – энергия көзінің жаңа технологиясын ой­лап табуымен тарихта қалуға тиіс. Ауаны ластайтын, табиғатты за­қым­дайтын, адам денсаулығын бұзатын шикізат көздерін мейлінше аз тұтыну мәселесі көтеріліп келе жатқалы да көп уақыт болды. 
Бүгінгі таңда әлем ғалымдары ойлап тауып жатқан тың энергия көздерін жаппай қолданысқа енгізетін күн де алыс емес. Сол кезде осы тақырыпта көрме өткізген еліміздің үлесі жайлы аз айтылмайтын болады. Бұл көрмені өткізудің бір маңызы осы. Одан өзге, шартараптан келіп жатқан соңғы ғылыми-техникалық жаңалықтар ел өндірісінің жандануына ықпал етеді. Өзгеден үйренем деушілерге де мүмкіндік мол. Бұл көрме – болашақ жаңа әріптес-
тіктердің бастауы болуға тиіс. 
Көрменің саяси маңызы жайлы да айтылмай қалған жоқ. Фо­рум­ның ашылуында сөз сөйлеген «Дос­тық үйі – қоғамдық келісім орта­лығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев:
– ТМД елдері аумағында ал­ғаш рет өтіп отырған ірі көлемдегі үл­кен көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның қа­тысуы көп нәрседен хабар береді. Әлемге деген достық пен ынты­мақ­тастық ұстанымымыздың көрі­нісі бұл. Маңыздылығы жағы­нан дүниежүзілік маңызды эко­но­микалық форумдар мен туризм саласы бойынша ең үлкен шараның Қазақстанда өтуі – еліміздің халықаралық деңгейдегі ықпалын асыра түсетіні анық, – деді.
Бұл шара негізінен жастарға арналды деуге де болады. Алаң­ға жиналған жастар флешмоб ұйым­дастырып, қосылып ән салды. «ЭКСПО көрмесі алдымен ме­реке болуға тиіс», дейді ұйым­дас­тырушылар. Сол себепті, осындай  көңілді, еркін пішімдегі форум өткізуді мақұл көріпті. 

Алмас НҮСП,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы