Білім • 16 Маусым, 2017

Мамандық таңдаудан жаңылма, жас түлек!

758 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Он бір жыл білім алып, алтын ұядан түлеп ұшқан әр жастың арманы өмірден өз орнын тауып, белгілі бір маман иесі болу. Қазіргі жастардың арманы қандай? Қай салаға бейім? Оң мен солын әлі танып үлгермеген жастың ертеңгі болашағы да сол мамандық таңдаудан басталады емес пе?

Мамандық таңдаудан жаңылма, жас түлек!

Адам өмірі үшін ең жауапты кезең де мамандық таң­дауға қатысты болса керек, сірә. Абайдың «Сен де бір кір­піш дүниеге, кетігін тапта бар қалан» деген сөзі осы ойымызды айғақтай түскендей. Қазір жастар жалақысы көп, табысты мамандықтарды таңдауды жөн санайды. Екінің бірі заңгер, екінің бірі экономист. Сөйте тұра жұмыс таппай жүргендері қаншама? «Екі қолға − бір күрек» деп қолында табақтай диплом болғанымен, жұ­мыссыз жүрген жастар көп. Жалпы, ста­тистикалық мә­ліметке сүйен­сек, өткен жылы мектеп бітіргендер саны − 120 мың. Оның 87 мыңы ғана ұлттық бір­ыңғай тестілеуге өтініш білдірген. Ал тестілеуге 84 079 мектеп бітіруші қатысқан. Қалғандары орта біліммен шектеліп қалып отыр. Ал биыл 137 671 оқушы оқу жылын аяқ­тамақ. Бұл былтырғымен салыстырғанда, едәуір жоғары. Өткен жылы жо­ғары оқу орнына тап­сы­рушыларға 31 702 грант бөлінген. Десек те, осы мемлекеттік грантта оқи­тындарды қадағалайтын арнайы жұмыс тобы құрылу керек. Қазір университет бітірген жастарды қай жерге жұмысқа орналасқаны туралы деректер жинап жа­тады. Алайда оның бәрі қағаз жүзінде ғана. Мем­лекеттен бөлінген қар­­жыны дұрыс игерудің бір жолы елімізге қажетті ма­­ман­дықтарды дайындап, бітірген түлектерді жұ­мысқа орналастыруға жағдай жасау. Жұмысшы ма­ман­дық­тарға басымдық беріліп, грант та сол салаға көбірек бөлінсе игі. 
Әйтсе де талапкерлер мем­лекеттік грантқа қол жет­кізудің бір жолы осы деп өзі таңдаған мамандықтан бас тартып, грант көбірек бөлінеді-ау деген салаға аяқ басып жаңылып жатады. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіммен қатарлас оқыған Айгүл есімді құр­бымның жағдайы дәл осындай еді. Ауылдағы ата-анасының қамын ойлап, қай салада грант көбірек бөлінеді, соған тапсырам деп келген екен. Сөйтіп, мал дәрігерінің оқуына грантқа түсті. Алайда, бұл қадам жоғары білімді тегін алудың амалы еді. Оқу бітірген соң ол мамандықтан қол үзіп, басқа салаға ауысып кетті. Осын­дай білім ал­ған студенттер­ден қан­дай бі­лікті маман қалып­тасады? 
Енді бір балалар ата-анасы­ның қалауымен ма­мандық таңдайды. Ата-анам дәрігер болуымды қалады, дейді Әсел есімді бойжеткен. Өйткені, сол жылы оның сал ауруымен ауыратын сіңлісі дүние есігін ашып еді. Сондықтан ол нейрохирургия мамандығына баратын болып шешті. 7 жыл оқыған дәрігерлік оқуды сәтті аяқ­тап, сол салада қызмет етіп жүр. Дегенмен, қазір өзі қаламаған маман­дықты таңдағанын, басқа салаға ауыс­қысы келетінін айтады. Міне, осылайша мамандықты дұрыс таңдамай бармақ тістеп, өкініп жүрген жастарды жиі кездестіруге болады. 
Сондықтан әр оқушы өзі­нің жанына жақын, қа­білеті бар салаға ат басын бұрса дей­міз. Мектеп мұғалімдері де түлектердің мамандық таң­дауына сал­ғырт қарамай, оларға дұ­рыс бағыт-бағдар беріп отырғаны абзал болар еді. Әр баланың бойында бір қабілет болады, бірі жақсы сурет салса, енді бірі есепке жүйрік, тағы бірі тіл саласына бейімі болса, енді бірі техниканың қыр – сырына қанық. Осылайша, жастайынан баланың қарым – қабілетіне орай талантын ашып, талабын ұштап жіберсе, талапкер де тауы шағылмай өзінің діттеген мақсатына жетер еді. 

Айман МҰҚЫШЕВА