Аймақтар • 16 Маусым, 2017

Атырауда жерді заңсыз иелену дерегі көп

461 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырауда жер заңнамасына түсінік жұмыстары үнемі жүргізілгенмен, мемлекеттік жер телімдерін заңсыз иеленіп алу, уақытша иеленген мемлекеттік жерді келісілген мерзімде қайтармау деректері азаймай отыр.

Атырауда жерді заңсыз  иелену дерегі көп

«Атырауиндждорстрой» ЖШС, «Экодар» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ-на тексеру жүргізген облыстық  жердің пай­да­ланылуы мен қорғалуын бақылау бас­қар­масы бірқатар заң бұзушылықтарды анық­таған. «Ниет ЛТД», «Время» компа­ния­­ларын тексеру кезінде Жылыой ауданы Теңіз қалашығынан өздеріне тиесілі жер те­лім­­­дерінен артық көлемде мемлекет жерін пай­даланып отырғандары белгілі бол­­ды. Жер кодексінде көзделген жайларды бұзу де­регі бойынша әкімшілік  іс қозғалып, айып­­­­пұл салынды», – дейді облыстық жер­­дің пай­­да­ланылуы мен қорғалуын бақы­­лау бас­­қар­­масының басшысы Ғибрат Сүлейменов. 
Басқарма облыс көлемінде игерілмей жатқан жер учаскелерін бақылау, қол­даныс­тағы заңдылықты бұза отырып пай­д­ала­нылып жатқан жерді анықтау, жергі­лікті атқарушы органдар тарапынан жеке және заңды тұлғалардың жер телі­мін табыстау туралы өтініштерінің қарау мерзім­дерінің сақталуын қадағалау секіл­ді жұмыстарды атқарады. Өткен жылы құзырлы органға 137 өтініш келіп түскен. Ал биылғы төрт айда 350 жоспардан тыс тек­серу жүргізіліп, 304 заң бұзушылық анықталды. 
Бір атап өтерлігі, жер пайдалану­шылар­мен мемлекеттiк жер учаскелерiн ішінара заңсыз иеленіп алу немесе уақытша иеленген мемлекеттiк жердi уақтылы қайтармау сынды заң бұзу фактілері жиі кездеседі. Мысалы, Атырау облысы көлік прокуратурасының заң бұзушылықты жою туралы ұсынысымен «ҚазТрансОйл» АҚ-на «Қиғаш» желілік өндірістік стансасында және Құлсары мұнай өткізу басқармасында көлемі 59,72921 га жер учаскесін заңсыз пайдалануларына сәйкес, әкімшілік іс қозғалып, 4 764 900 теңге айыппұл салынды, жер заңдылығының бұзылуын жою туралы нұсқама табысталған. Осылайша компания он жылдан бері мемлекет жерін өндірістік мақсатта пайдаланып кел­ген. Сондай-ақ, «Ритм Ойл» ЖШС, «Кон­стракшн KZ» ЖШС, «Эко Техникс» ЖШС, «АвтомирАтырау» ЖШС, «Контакт Ойл» ЖШС, «Меркур Авто» ЖШС, «Вест Моторс» ЖШС, «Абылай хан» ЖШС, «ТенгизИнтерМұнайгазҚұрылыс» ЖШС, «Қызыл Балық» ЖШС-тері уақытша өтеулі жер пай­далану құқықтарын уақтылы ұзартпай, мемлекет жерін заңсыз пайдалануларына сәйкес, 2 949 700 теңге көлемінде айыппұл салынды. 
Тұрғын үй құрылысы үшін уақыт­ша берілетін жерлердің мақсатты пайдала­ныл­мауы да проблеманың бірі. Өткен жылы басқарма аудан прокуратуралары ұсы­ны­сымен 54 жер телімінің иелеріне жаз­баша ескерту жолдады. Алайда, Жер кодексіндегі талаптар бойынша нақты шара алу мүмкін болмай отыр. 

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ