Ол қызмет бабын жеке мүддесіне пайдаланып, заң талаптарын өрескел бұзған. Атап айтқанда, ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құруға ықпал жасап, тиесілі қаражатты әкесіне, одан қалды туған-туыстарына қылдай етіп бөліп берген. Осылайша 3 миллион 96 мың теңге демеуқаржыны шүлен таратқандай үлестірген. Кейін тексеріс нәтижесінде қаражат қайтарылса да, шенеуніктің мемлекеттік қызметші атына кір келтірген іс-әрекетіне қатаң баға беріліп, лауазымынан шеттетілетін болды.
Ақжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әбдіжапар Қиманов асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын фермерлерге субсидия беру туралы құжатқа екі рет қол қойып, бір жылдың ішінде 1 миллион 800 мың теңгені қолдарына ұстатып жіберген. Ол штатта мамандар жетіспейді, жұмыс жүктемесі көп, субсидия алғандарын білмедім деп сан сылтау айтқанымен, қызметіне толық сай емес деген ұйғарым шығарылды. Уәлиханов аудандық ауылшаруашылық бөлімінің жетекшісі Азамат Жауаровқа да қызметіне толық сай еместігі бетіне басылды. Ол 13 шаруашылыққа заңсыз субсидия бөлген.
Жеңілдікті субсидия, демеу қаржы бөлуге, төлеуге байланысты заңсыздықтардың жиі кездесуіне қарағанда, тиісті орындар тарапынан бақылау мен талаптың босаңсығанын аңғару қиын емес.
Ал М.Жұмабаев ауданы Возвышен ауылдық округінің әкімі Қайсар Әбішев мәдениет үйінің шатырын күрделі жөндеуден өткізу үшін ашық конкурс өткізу талабын біле тұра, лицензиясы жоқ «Успех СК» жеке кәсіпкерлігімен мемлекеттік сатып алу жөнінде келісімшартқа отырған. Осының салдарынан құрылыс жұмыстары сапасыз жүргізіліп, 200 мың теңге шығын келген. Осы заңсыз әрекеті үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тартқан. Кеңес мүшелері оған қатаң сөгіс жариялады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы