2 қазан – қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ұшқан күні
– Осыдан 20 жыл бұрынғы Байқоңыр ғарыш айлағында ұшыру алаңындағы көрініс дәл бүгінгідей, айна қатесіз көз алдымда... Таңғы сағат 07.00... Монтаждау-сынақ ғимаратының алды... Қолдарында қобдиша ұстаған және ақ сауыт киген үш ғарышкер қорбаңдай басып келеді... Еліміз әлі тәуелсіздік алмаған кез... Сіздің есіңізде не қалды?
– Иә, ол көрініс менің де есімде. Бәрі көз алдымда. Мемлекеттік комиссияның төрағасы генерал Иванов Президентімізді алға шығарды. Елбасы өзімен бірге одақтас республикалардың алты президентін ертіп келіпті. Бәрінің жүзі таныс. Оған қосымша олардың қатарында Австрияның федеральді канцлері Франц Враницкий де тұрды. Халық көп екен. ...Неге десеңіз, қазақтың тұңғыш ғарышкері сапарға аттанып бара жатты, еліміз әлі тәуелсіздігін алған да жоқ еді. Бірақ, соған дайындалып жатқан... Бір сөзбен айтқанда, бұл күн менің бүкіл қазақтың намысы екенімді мықтап ұққан күнім еді!..
– Кешіріңіз... сол кезде сіз Президентке қазақша баянат жасадыңыз. Екі ауыз қазақша сөзді қатесіз айтқанмен, қиналып-қиналып жеткіздіңіз. Кейінгі жылдары қазақшаңызға бір ауыз орысша сөз қоспай өте мұқият сөйлейтін болдыңыз. Осыған өз басым қатты таңқаламын...
– Бұл да намыстың арқасы. Біле-білген жанға, тіл – дегеніміз намыс. Мен – намысты бірінші орынға қоятын жанмын.
– Осы орайда, осы күні ғарышта атқарған жұмысыңыз туралы еске түсіріп өтсек артық болмас?
– Ұшардың алдында өзіміздің Қазақстанның ғалымдарымен бірлесіп ғарышта жасалатын тәжірибелерді пысықтап алған едім. Орбитадағы стансада еліміздің жер бөлігін суретке түсіруден басқа ғылыми тұрғыда медициналық, биологиялық тәжірибелер жасадым. Пробиркалардағы суспензияларды араластырамын деп, тіпті, ғарышта саусақтарыма сүйел пайда болған...
– Сіздердің экипаждың ғарыштан ауыр оралғаны есімде...
– Оның бірінші себебі, стансадан бөлінетін шар-кабина қалыптағыдай емес, Жерге төңкеріліп түсті. Шарды арнайы ұстайтын белбеу үзіліп кетіпті. Кейін мәлім болғандай, отыз жылдың ішінде мұндай апатты оқиға небары екі-ақ рет қайталанған екен. Біз соның екіншісі болып құжатқа қатталдық.
– 1986 жылы сынақшы-ұшқыш ретінде әскери ұшақты «Тбилиси» бірегей крейсеріне қондыру сәтінде 250 шақырым жылдамдықпен келе жатқан ұшақтың ілгекке ілініп қалт тұра қалу кезінде желкеңізге зақым келгенінен хабардармын. Жоғарыдағы жерге қону апатында да денсаулығыңызға сондай зиян келген шығар?
– Иә. Ол, әсіресе, бертінгі кезде білініп жүр.
– Мысалы, салмақсыздық жағдайында бұрын сынған, шытынаған сүйектің жарығы босап, ажырап ауырады дейді дәрігерлер...
– Қанша жылдан соң аса білгір бір қытай дәрігері менің, сондай өзің айтқан, зақымданған мойын омыртқамен ғарышқа барып келгеніме қайран қалып, сенбей қойғаны бар... Бірақ, сол Жерге қонған күні біздерді қалаға алып келіп, медкомиссия тексеруден өткізді. Франстың да, командиріміз Сан Санычтың да қан қысымы төмендемей қойды. Волков бұған дейін ғарышта бір рет болып қайтқан адам ғой... Менің бірқалыпты жүрек қағысыма «өте жақсы» деген баға қойылды. Жеті күннен соң Мәскеуде үлкен комиссия денсаулығымызды тексергенде: «Тоқтар Әубәкіровке ғарышқа бүгін қайта ұшса да ол бұған жарап тұр», деген ресми мәлімдеме берді. Ал енді бұл сауал төңірегіндегі әңгімені осымен доғарайық. Ұшып келгеннен кейінгі мен көрген құрметті қазақ халқының көңілін бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Содан кейін мен жер бетінде елдің шын жүрегінен шыққан ықыласын көруден артық бақыт жоқ деген ой түйдім. Тек қазақ қана өзінің жақсы көрген адамын, сүйіктісін құрметтей алады.
– Сөз ретіне қарай айта кетейін, оқырманның сізбен бірге ұшқан әріптесіңізбен, тұңғыш австриялық ғарышкер Франц Фибекпен байланысыңыз туралы білгісі келетіні ақиқат. Сіздер ұшқан күні оның сәбиі дүниеге келіп еді ғой?
– Ол туған Отаны Австрияда, Вена қаласында тұрады. Жаңа технологияларды өндіріске енгізу саласында қызмет етеді. Тұрмысы түзу, табысы тәуір бизнесмен. Таяуда, өткен айдың 7 қыркүйегінде Мәскеуде қауыштық. Кезекті бір кездесу десе де болады. «Космос» қонақ үйінде бірге демалдық. Қызы Каринаны ерте келіпті. Студент. Туысын көргендей құшақтап жатыр. Ертең, 2 қазан күні 20 жасқа толады. Егемен Қазақстанмен жасты, құрдас деген сөз ғой бұл.
– Тұңғыш қазақ жігітінің ғарышқа шығуын біздер, әсіресе, қазақ журналистері өзіміз ұшқандай сезімде жаздық. Арада жиырма жыл өтсе де сол екпінмен жалықпай, жарыса айтып келеміз. Тарихшыларымыз да бұл ұшуға өз бағасын берді. Олар қазақ ұланының ғарышқа ұшуы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін жүні жығылып, еңкейген қазақтың басын көкке көтерді, рухын аспандатты деп кітапқа кіргізді. Оқиғаның басты кейіпкері ретінде бұған алып-қосарыңыз бар ма?
– Желтоқсан оқиғасы намыстың оқиғасы болды ғой. Басқасын былай қойғанда, күнделікті өмірде – дүкендер мен мекемелерде, мәдени орталарда орыстардың қазақтарға қырын көзбен қарауы болғаны жасырын емес. Халықтың арасына сызат түсті. 1987 жылы 23 ақпан күні – Қызыл армияның құрылған күні қарсаңында мен 1986 жылғы қарашадағы әскери тапсырманы үздік орындауыма байланысты Кеңес Одағының Батыры атағын алуым керек еді. Горбачевтің көзі тірі, КСРО-ның ең озық ойлы азаматтары қол қойған ұсыныс құжатқа пысқырмай, «қазақтың аты жазылған» деп лақтырып жіберген. Мұны мен сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы Ментешашвилидің өз аузынан естігенмін. Ол туралы өзің де «Тұңғыш» атты кітабыңның «Горби» бөлімінде жаздың. Қызметте немесе басқа орындарда маған ешкім бөтен көзқарас танытқан емес. Бірақ та... өз басым сол кезеңде алыстамын ғой... Өте қатты қиналып жүрдім. Іштей жастарымыздың ерлігіне сүйсінетінмін, көзіме жас келетін.
– Қалай десе де, қолдан жасалған кедергілерге қарамастан, ең үздік әскери сынақшы-ұшқыш ретінде бәрібір қырқыңызда қыр асып, Кеңес Одағының Батыры атағын алдыңыз. Ғарышқа екінші рет ұшқандарға бұрынғыдай Батыр атағының берілмейтін қағидатын біздер мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жақсы білетінбіз. Бірақ, сіз ғарышқа бірінші рет ұшып отырғанмен, Горбачев сондағы ерлігіңіз үшін Кеңес Одағының Батыры атағын қимай, «Октябрь Революциясы» орденімен шектелді. Есесіне, тәуелсіз Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын иелендіңіз. Бәрібір екі мәрте Батырсыз. Осындай аса құрметті атақты халық алдында алып жүрудің де өз жауапкершілігі болатын шығар...
– Әрине. Батырлық атақты көтеріп жүру үшін де Батыр болу керек! (Күлді.) Мен де пендемін. Барлық Батыр атағын алған адамдар да дәл мен секілді жауапкершілікті жүрегімен сезінетініне кәмілмін. Олар да ет пен сүйектен жаратылған ғой. Бірақ, нағыз батыр болғың келсе, халықтың ойынан шығуың керек. Халық қалай ойлайды? Білесің бе, халық батырлар үшін белгілі бір шектеулі төртбұрыш жасап қойған. Сіз сол төртбұрыштан шыға алмайсыз. Жүргенде бойыңызды тік ұстап, аяғыңызды нық басуыңыз керек. Әрбір кездесуде елдің сый-сияпатына лайықты мінез танытуға міндеттісіз. Аспайсыз-таспайсыз. Анаңнан туғанда мінезің басқа шығар, бірақ ол мінезді де өзгертуге тура келеді. Бұл мәселеде өз басым көп қиналмадым. Себебі, менің титтей кезімнен алған тәрбиемнің әсері еді ол. Енді бұл туралы көп айта беру де елден ұят шығар...
– Айтпақшы, Тоқтар аға, сіздің қазақтың ғана емес, Түркияның да тұңғыш ғарышкері екеніңізді екінің бірі біле бермейді. Белгілі қайраткер-журналист Ахмед Аляз: «Ғарышқа ұшу біздің елдің ежелгі арманы болатын. 1970 жылы бір түрік азаматы түріктің болашақ тұңғыш ғарышкеріне арнап хат та жазған. Сол жайында Тоқтар ағамыз хабардар», деп еді...
– 1986-1987 жылдары Түркияда «Жаңа ғасыр – миллениумға үндеу» тастаған науқан болады. Оған 12 мыңдай хат жазылыпты. Соның ішінде Ататүріктен бастап түркі әлемінің барлық атақты ұл-қыздарына арналған хат бар. Ыстамбұлдың тұрғыны, 4 сынып оқушысы Байрам Кая 1987 жылғы 21 қазандағы хатын түріктен шыққан болашақ тұңғыш ғарышкерге арнапты. Онда: «...тек қана сіздің арқаңызда түркі халқының көп жылғы арманы, Түркияның тұңғыш Президенті К.Ататүріктің болашақ – авиация мен ғарыштың еншісінде деген ұлы арманы орындалды» делінген. Бұл үлкен комиссияға ұнайды. Сол күнді ерекше күтеді. Бірақ, түрік халқынан ғарышкер шықпады. Содан соң комиссия әлемді назарға алып, түрік халқы менің есімімді таңдайды. Мені Анкараға шақырып өте үлкен жиын болды. Түркияның Байланыс министрінің орынбасары сол жиында маған Ататүріктің өз қолымен салған үлкен марканы табыстады. «Міне, сіз бүгіннен бастап Түркияның тұңғыш ғарышкерісіз!» деп құрмет жасады.
– Қазір 200 мың еуросы бар кез келген жер бетінің азаматы үшін ғарышқа барып қайту бұйым болмай қалды. Оқырманға ракетаплан туралы айтыңызшы.
– Америкалық миллиардер өзінің орасан зор қаржы тұратын идеясы мен жобасын ұшақ жасайтын конструкторлық бюроға берген болатын. Оның еш құпиясы жоқ. Талапкер азамат сол ұшақпен-ақ, ракетаплан деп аталады, ғарыш көгіне көтеріледі. Салмақсыздық жағдайын басынан өткеріп, Жер шарына ғарыштан көз салады. Содан белгілі бір жерден кері қайтады. Ол кісінің кім қашан ұшатынын белгілеген тізімі, жинаған ақшасы бар... Бірақ та, бұлайша ғарышқа көтерілген азаматты ғарышкер немесе ғарышкер-турист деп те атай алмайтын шығармыз. Олардың есімдері әлемдік ғарышкерлердің тізіміне ілінбейді. Өйткені, кезінде ондай ұшудың белгілі бір көріністерін әскери ұшақтарды сынаған кезде өз басымыздан өткергенбіз. 30-40 шақырымға дейін биік көтеріліп ауасыз кеңістікке барған ұшақ төмен құлдилайтын.
– Бұл, демек, жай хобби болды ғой?
– Иә, иә... хобби! Ғарышкерлік – күрделі қызмет. Халықаралық ғарыш ұйымы оларға ғарышкерлік мәртебесін бермеуі де сондықтан.
– Қазіргі Қазақстанның ғарыш саласындағы талпынысы қай дәрежеде? Кейбір қоғамдық ұйымдар Қазақстанда ғарыш айлағының болуын қаламайды, айлақтың зор зияны мен залалын алға тартады?
– Біз бұл орайда аса маңызды бір жәйтті мықтап есімізде ұстауымыз керек. Ғарыш дегеніміз, бұл – жаңа технология. Ол күн сайын өсіп, өзгеріп тұрады. Бір орында тоқтап қалмайды. Сондықтан да Қазақстанда жасалып жатқан ғарыш саласындағы барлық салалық қызметті мен екі қолымды көтеріп қолдаймын. Үкіметтен қаражат бөлініп жатыр, аз да шығар, бірақ бұрынғымен салыстырғанда тәуір. Ауқымды жобалар қарастырылып, жұмыстар жасалуда. «Болашақ» бағдарламасымен немесе өз есебінен шетелде оқып келген патриот жастарымыз салаға көптеп тартылуда. Бұл – дұрыс. Байқоңырды қазақтар түбі толығымен игеретініне менің еш күмәнім жоқ!
– Тоқтар Әубәкіровтің аты аталса, «тұңғыш ғарышкеріміз жылқы бағып жүр екен» деп қойып қалу дағдыға айналды. Осыған байланысты не айтасыз?
– Жылқы деген қазақтың жаны ғой. Мен сәйгүліктерді ата-бабамыздың дәстүріне сай өте жақсы көремін. Ол менің, өзің жаңағы айтқандай, хоббиім. Ал одан тыс кезде дейікші... Қазір ІТ-ақпараттық технологиялар заманы. Мен үйде де, түзде де сол мәселемен айналысуға машықтанғанмын. «Тұран-Астана» университетінде осы сала бойынша дәріс оқимын, ректордың кеңесшісімін. Қол қусырып отырған жоқпын. Қазанның 4-5-і күндері Алматыда Қазақстанның ғарыш зерттеу институты Алматыда үлкен ғылыми-практикалық конференция өткізеді. Соған қатысамын. Институттың 20 жылдығы мен қазақтың көрнекті ғалымы Өмірзақ Сұлтанғазиннің 75 жылдығы тұспа-тұс келіп тұр...
– Тоқтар аға, әңгімеңізге көп рахмет. 45 жасыңызда ғарыш көгіне шығып, қазақтың рухын көтерген күніңіздің 20 жылдығы құтты болсын!
Талғат СҮЙІНБАЙ, журналист.
Алматы.