Үкімет • 19 Маусым, 2017

Қаржы министрі қаражатты нақты экономикаға тез жеткізудің жолдарын атады

126 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Квазимемлекеттік сектордың шоттарында жатқан қаражаттарды игеру регламенттеледі. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаржы министрі қаражатты нақты экономикаға тез жеткізудің жолдарын атады

«Шығыстар жағынан көтерілген мәселелерге тоқталсақ, шығыстар 98,3 пайызға атқарылып, 1 трлн.338 млрд. теңгеге өсуімен игерілді. Бүкіл шығыстардың жартысынан астамы, яғни 4 трлн.теңге әлеуметтік салаға бағытталды. 4 млн. 980 мың адамға бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы төленді. Бюджет қаражатының игерілуін қадағалауда жаңа тетік, яғни камералдық бақылау енгізілді. Өткен жылы мемлекеттік сатып алуда 13,7 млрд. теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оны тексеру нысандары дер кезінде өздері түзетті. Бұзушылықтарды төмендету үшін бюджеттің атқарылуы кезінде превентивтік шараларды қолдануды күшейтеміз. Бюджет қаражатының тиімділігін арттыру, игерілмеу мен бұзушылықтардың сомасын азайту - бюджет заңнамасын жетілдіру жұмысының басты мақсаттары»,-деді Қаржы министрі.

Оның сөзіне қарағанда, бюджет заңнамасына тиісті бағыттар бойынша өзгерістер енгізіледі.

«Біріншіден, бюджет процесіндегі әкімшілік кедергілерді азайту. Бұл бағытта мемлекеттік органдардың бюджет қаражатын игеруде бюджеттік бағдарламаның шеңберінде қаражатты қайта бөлу дербестіктері кеңейеді. Осы орайда әкімшілер мен жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі де күшейтілетін болады.

Екіншіден, мемлекеттік орган бюджет қаражатын игере алмайтын жағдайда ол басқа әкімшілікке Үкімет шешімімен қайта бөлінеді.

Үшіншіден, квазимемлекеттік сектордың шоттарында жатқан қаражаттарды қолдануды регламенттеу. Ол, қалдықтарды бюджет кірісіне қайтару немесе осы субъектілердің басқа инвестициялық жобаларын қаржыландыруға рұқсат беру арқылы шешімін табады. Жоспарлау кезінде қаржы-экономикалық негіздемеде көрсетілген соманың бәрін бірден бермей, кезең-кезеңімен қарастырамыз.

Төртіншіден, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға жеке инвесторларды тарту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жоспарлау рәсімдері оңтайландырылады.

Бесіншіден, нысаналы даму трансферттері бойынша нәтижелер туралы келісім алынып тасталады. Бірақ оларды пайдалануда қол жеткізілген тікелей және түпкілікті нәтижелер туралы есепті енгізу қарастырылды.Осы айтқан шаралардың нәтижесінде қаражаттың нақты экономикаға тез жетуіне жағдай жасалады»,-деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.