Парламент • 20 Маусым, 2017

Бюджеттің орындалуы туралы есеп бекітілді

281 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысы өтіп, онда екі мәселе талқыланды. Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары, Үкімет мүшелері, ел Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент аппараттарының жауапты қызметкерлері қатысқан жиынға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жетекшілік етті.

Бюджеттің орындалуы туралы есеп бекітілді

Жиынды ашқан Мәжіліс Төрағасы отырыс­та қаралатын тақырыптарды бе­кіту қажеттігін мәлімдеп, депу­таттарды күн тәр­тібінде талқы­ланатын мәселе­лерге дауыс беруге шақырды. Нәти­жесін­де, ең алдымен Қазақ­стан Респуб­ликасы Консти­ту­циялық Кеңесінің «Қазақ­стан Рес­публикасындағы консти­туция­лық заңдылықтың жай-күй туралы» Жолдауы, содан кейін Қазақ­стан Республикасы Үкі­меті­нің және Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жө­нін­дегі есеп комитетінің «2016 жылғы республикалық бюд­­жеттің атқарылуы туралы есеп­­терін талқылау жөнінде» ше­­шім қабылданды.

Бірінші мәселе жөнінде баяндама жасаған Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов 2017 жылғы конституциялық рефор­ма Қазақстанның барынша дамыған отыз елдің қатарына кіруі тұрғысында қоғам мен мем­лекетті рет-ретімен жан-жақты жаңғырту жолындағы заңды кезең болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол бұл кезең Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Бес институттық реформаның орындалғанын көрсететінін және Қазақстанның Үшінші жаңғыруы аясында жаһандық бәсекеге қабілеттілік жағдайында еліміздің берік ұстанымының қамтамасыз етілуі үшін саяси-құқықтық алғышарт болатынын баса айтты.

«Мұның алдындағы Жолдау жария етілгеннен кейінгі жыл ішінде Қазақстан мемлекеттілігі мен оның конституциялық эволюциясы үшін айтулы оқиғалар болды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекеленді және «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдау арқылы іске асырылған конституциялық реформа жүргізілді. Айрықша қорғалатын конституциялық құндылықтар тізбесінің кеңей­тілуі оның мемлекет тәуел­сіз­дігімен, Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Тұңғыш Пре­­зидент – Елбасы іргесін қала­ған республика қызметінің түбе­гейлі принциптерімен және Ел­басы мәртебесімен толықты­ры­луы заңнамалық және инсти­тут­тық деңгейлерге барабар  кепіл­діктер алуы тиіс», деді И.Рогов.

Сонымен қатар, баяндамашы өз сөзінде биылғы жылы жү­­­зеге асырылған еліміздегі ко­нс­­­титуциялық реформа Еуро­па­­лық комиссия тарапынан оң қо­­ры­­тындыға ие болғанын да атап өтті.

«Конституциялық Кеңес Жолдауына Еуропалық кеңестің құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясы (Ве­­не­ция комиссиясы) 2017 жыл­дың 10 наурызындағы 110-жал­­­пы сессиясында «Қа­зақ­­­стан Рес­­­публикасының Конс­ти­ту­циясына өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу тура­лы» заңның жобасы бойынша оң қорытынды бергені бел­гілі. Венеция комис­сиясы­ның пайымдауын­ша: «Қа­зақ­стандағы консти­ту­ция­лық өз­герістер мемлекетті демократияландыру процесіндегі алға басылған қадам болып табылады. Реформа елдің одан әрі дамуына дұрыс бағыт береді және айқын прог­рес­тің куәсі бо­лып табылады. Тұ­тастай алған­да, Пар­ламент пен оның палата­лары­ның рөлін жо­ға­рылату, Пре­зиденттің кейбір қыз­мет­терін Үкіметке беру және Пар­ла­ментке есеп беруі мен бақы­лауында болуы тетіктерін кү­шейту 1998 және 2007 жылдары жүр­гізілген конституциялық реформалардың қисынына сәй­кес келетін оң өзгеріс болып табы­лады», деді Конс­ти­туциялық Кеңес Төрағасы.

И.Рогов таныстырған «Қа­зақ­стан Республикасындағы конс­ти­туциялық заңдылықтың жай-күйі» туралы жыл сайын­ғы Жолдауына қатысты арнайы қаулы бірауыздан қабыл­дан­ғаннан кейін, сөз кезегі «Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің ат­қарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы рес­пуб­ликалық бюджеттің атқа­рылуы туралы есептері жөнінде» баяндама жасау үшін Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Есеп комитетінің төрағасы Нұр­мұ­хамбет Әбдібековке берілді.

Қаржы министрі келтірген деректерге көз жүгіртсек, өткен жылы елдегі экономиканың өсуі 1 пайызды құрап, бюджеттің кіріс­тері 7,7 трлн теңгеге жет­кен. Бұл 2015 жылдың көрсет­кіш­терінен 1,5 трлн теңгеге көп. Десек те, бюд­жет кірістерінің әлі де болса Ұлттық қордан тарты­­латын трансферттер мен әлем­дік шикізат на­рығы конъюнк­ту­расының өзге­руіне тәуелділігін ешкім жоққа шығара алмайды.

«Оның баламалы әрекеті ретінде елімізде салықтық түсім­­дерді ұлғайту мен бизнеске әкім­шілік қысымдарды азайту аясын­дағы жұмыстарға басым­дықтар берілуде. Мәселен, үстіміздегі жылы салық тек­се­рулерін 37,5 пайызға қысқар­тамыз. Бұдан басқа, жаңа Салық кодексі жобасында осы тексе­ру­лерге себеп болатын негізде­мелердің 56 пайызы алынып тасталады. Сонымен, қазіргі 32 норманың 14-і ғана қалатын болады», деді Қаржы министрі.

Ал Есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков болса, квазимемлекеттік сектор су­бъектілері экономиканың едәуір бөлігін алып отырғанын алға тартты. Дегенмен, олардан күті­летін салым салық базасын қалыптастыру деңгейінде де, экономика салаларының дамуында да жеткілікті деңгейде қай­та­рылмайтын көрінеді. Себебі, мемлекеттік мүлікті бас­қарудың тиімділігіне бақы­лау және мониторинг жеткі­лік­сіз. Осы мәселеге қа­тысты Есеп комитетінің ұста­ны­мын білдірген ведомство бас­шы­сы квазимемлекеттік сек­тор субъектілері қызметінен қай­та­рымды арттыру қажет екен­дігін атап көрсетті. Бұл мем­лекеттік холдингтер мен ұлт­тық компанияларды нәти­жеге бағдарланған бюджеттеу принципі бойынша қаржы­лан­дыруға мүмкіндіктер береді.

«Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына әкімшілердің қызметіне тіке­лей байланысы жоқ көрсет­кіштер енгізілуде. Бюджет қара­жатының толық игерілгеніне қарамастан, жекелеген нәти­желер көрсет­кіш­теріне қол жет­кізбеу орын алуда. Мұның бәрі бюджеттік бағ­дарла­малар әкімшілері мен жергі­лікті атқарушы органдар жауап­ты­лығының төмендеуіне әкеліп соғуда. Сонымен қатар, мем­лекет­тік аудит туралы жаңа заңның қабылдануына және әдіс­теменің жаңа форматқа көшуіне орай, қаржылық бұзушылықтар құрылымының айтарлықтай өзгергенін атап өткім келеді. Егер бұрын бұзушылықтардың жалпы көлемінде едәуір үлесті бюджет заңнамасын бұзу құраса, бүгінгі күні оның 66 пайызы бухгалтерлік есепті жүргізу қағидасын сақтамаудан тұрады. Бұл жалпы есеп сапасының төмендеуін, қызметкерлерді даярлау және біліктілігін арттыру проблемаларын растайды», деді Н.Әбдібеков.

Сол себептен де есепті кезеңде Үкіметке және мемлекеттік ор­­­гандарға 53 ұсыным мен 324 тап­­сырма жіберілген. Ал Сенат пен Мәжілістің бейінді комитет­терінде және жұмыс топтарының отырыстарында болған талқылау кезінде Есеп комитетіне 43 сауал түсіп, олар­дың барлығына белгіленген тәр­тіп бойынша толық жауаптар берілген.

Сұрақ беру рәсімінде ал­ғашқы болып Мәжілістің Эко­но­микалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұр­тай Сабильянов сөз алды. Оның сұрағы Премьер-Министр Ба­қытжан Сағынтаевқа арналды. Ол «Қосымша құн салығын (ҚҚС) қайтарудың тетігін қа­шан жетілдіреміз, 2016 жылы оның көлемі 1 трлн 200 млрд тең­геге жетіпті, осынша соманы қайтару бюджеттің кіріс бөлі­гін ойсыратып кетпей ме?»,  деп сұрады. Оған Б.Сағынтаев өнімдерін экспортқа шығарушы компанияларға ҚҚС-ты қайтару белгіленгенін, бүгінгі таңда олардың саны 300-ге жеткенін, жоғарыда аталған сома толық­тай қайтпайтынын, олар әлі де тексерілетінін жеткізді. Бүгінгі таңда ҚҚС-тың 70 пайызы бірден қайтарылады, бірақ тексеру барысында қателіктер болса, онда айыппұл ретінде ол бюджетке түседі. Барлық әлемде бұл істі қадағалауды жетілдіру қолға алынған. Соның бір амалы – электронды есеп-фактуралар арқылы тексеру. Біз де бұл әдісті қолданудамыз, дей келіп, Б.Сағынтаев ҚҚС-тың бәрібір қайтарыла беретінін жеткізді.

Екінші сұрақты сенатор Ер­болат Мұқаев қойды. Ол соңғы жылдары банк активтерін қол­дау жиілеп кеткенін, осы мақ­саттарға ауқымды бюджет қаражаттары бөлініп отырғанын  айта келіп, «Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктер активтерінің сапасына тексеріс жүргізе ме?», деп сұрады. Оған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жауап беріп, дағдарыс жылдарынан кейін банк активтерінің өтімділігі артып келе жатқанын жеткізді. «Банк туралы жаңа заң екінші деңгейдегі банктерді сауықтыра түсуге мүмкіндік береді», деді ол.

Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке квазисектор субъектілерінің жарғылық капиталына қатысты сұрақ қойды. Біз болашақта осы сектор субъектілерінің ұзақ мер­зімді жобаларын қаржылан­дыруды жылдық жоспарларын қалай орындағанына қарап жасайтын боламыз, деп жауап қайтарды Т.Сүлейменов.

Сенатор Мұхтар Алтынбаев елімізде ШОБ-тың неге жақсы дамымай отырғанын сұрады. Оған «Атамекен» Ұлттық кә­сіпкер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов жауап беріп, оның көптеген себептері бар екенін айтты. Соның ішінде теңге бағамының өзгеруі де кесірін көп тигізгенін жеткізді. Сонымен қатар, тексеру жұмыстарының да ШОБ-тың дамуына кедергі келтіретінін, алайда, бұл істе айтарлықтай прог­реске қол жеткізілгенін айтты.

Осыдан кейін де бірнеше депутат Үкімет мүшелеріне сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Сұрақ беру рәсімі аяқталған соң қосымша баяндамалар жасалды, онда Мәжілістің атынан Серік Құсайынов сөйледі. Республикалық бюджеттің жос­парлануы мен тиімді орын­далуы жылдан жылға жақ­сарып келе жатыр деп айта ал­маймыз. Былтыр бюджет екі рет нақтыланып, 31 рет қайта қаралды. Бюд­жет­тің түсім бөлігі 100,2 пайыз­ға орын­дал­ғанымен, Есеп коми­тетінің анық­тағанындай, ол 99 пайызға ғана орындалып, 76 млрд тең­генің түспегені белгілі болды, деді ол. Сонымен бірге, ол 2 мыңнан астам заңсыз талаппен 1 трлн теңгеден астам ҚҚС қайтарылғанын жеткізді. Осының өзі бюджеттің түсім бөлігіне едәуір салмақ түсірген.

Салық бойынша төленбеген қаржы да өсіп, 98 млрд теңгеге жеткен. Ал айыппұл сияқты тү­сім­­дердің 181 пайызға артқа­нын депутат салық орган­дарының тиімсіз жұмысы, жазалау шараларын орынсыз арттырғаны деп бағалады. Бюджет шығыстары туралы айтқанда С.Құсайынов 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағ­дайға қарағанда 185 млрд теңге есеп­шоттарда қызмет етпей жат­қанын жеткізді.

Сенаттың атынан депутат Сер­гей Ершов баяндама жа­сады. «Мемлекеттік орган­дар­дың стра­тегиялық жоспар­ларын­да бел­гіленген 479 мақ­сат­ты инди­каторлардың 372-сі іске асып, жоспар 78 пайызға ғана орын­далған. Бар­лық ин­ди­катор­лардың 83-і «Бәсеке­лестік­тің жаһандық индексіне» жатқызылатын болса, соның 39-ы пайызы орындалған. Ел­басы 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына енуіміз керек деген міндет жүктеп отыр­ғанда бұл жұмыстар ауыз тұщын­дырмайды, деді депутат. С.Ер­шов Үкімет пен Есеп комитетінің республикалық бюджеттің 2016 жылы атқарылғаны туралы есебін айтылған ескертулермен бекітуді ұсынды.

Осыдан кейін талқылау болып, оған екі палатадан бірнеше депутат қатысты. Бірлескен оты­рыс қорытындысында Пар­ламент палаталары Үкімет пен Есеп комитетінің 2016 жылдың бюджетінің атқарылуы туралы есептерін бекітті.  

Сонымен бірге, бірлескен отырыста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасы жүр­гізген конституциялық рефор­маға бай­ланысты Парла­мент Регла­мен­тіне өзгерістер енгізілуі қажет­тігін, осыған орай Регламент жө­ніндегі бірлескен комиссия құрылатындығын айтты. Парламент Регламентінің 87-тармағына сәйкес, Мәжіліс пен Сенаттың өз отырыстарында тағайындалған тиісті өкілдерін негізге ала отырып, бірлескен комиссияның құрамы бекітілді. Комиссия құрамына Сенаттан А.Бейсенбаев, М.Бортник, Д.Кәлетаев, Г.Ким, Мәжілістен С.Абдрахманов, Н.Әбдіров, В.Ко­сарев, А.Перуашев кірді. Бір­лескен комиссияның төра­ғасы болып Парламент Сена­тының депутаты Асқар Бей­сен­баев сайланды.

Жақсыбай САМРАТ,
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»