Қазақстан • 20 Маусым, 2017

Екіжақты ынтымақтастыққа – ширек ғасыр

178 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браунмен кездесті. Онда екіжақты әріптестіктің 25 жылдығы ішінде бірлесе атқарылған жұмыстар пысықталып, алдағы жоспарлар талқыланды.

Екіжақты ынтымақтастыққа – ширек ғасыр

Мемлекеттік хатшы кез­десу барысында Ато Браун Дү­ние­жү­зілік банктің Қазақ­стан­дағы өкілі болып тағайын­да­луы­мен құттықтады. Гүлша­ра Әбді­қа­лықованың айтуын­ша, Дү­ние­жүзілік банк тәуелсіз­ді­гіміздің алғашқы жылдарынан бері елі­мізбен байланыс орнатып, эко­номиканың күрделі кезең­дерін­де әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

Биыл екіжақты ынтымақ­тас­тыққа 25 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Дүниежүзілік банк­тің қолдауымен жалпы құны 8,1 млрд АҚШ долларын құрай­тын 46 жоба іске асырылған. Олар­дың көбі автомобиль жолдары, білім беру, денсаулық сақтау, инно­вация, орта және шағын кәсіп­керлік секілді маңызды салалар­ды қолдауға бағытталған. Мемле­кеттік хатшы бүгінге дейінгі бірлесе атқарылған жұмыстар нәтижелі болғанын атап өтіп,  бұл саладағы әріптестік әрі қарай жалғасатынына сенім білдірді.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын бизнесті дамытуға, әлеуметтік саланы өркендетуге қатысты Дүние­жүзілік банкпен бірқатар келісімдер жасалған болатын. Солардың барлығы сәтімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде Қазақстан Үшінші жаңғыруға қадам басты. Еліміз экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына, цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индус­трияларды өркендетуге ерекше көңіл бөліп отыр. Мемлекет дамуындағы мұндай маңызды міндеттерді жүзеге асыруға Дүниежүзілік банк те өзіндік үлесін қосып, қолдау білдіретініне күмәніміз жоқ, – деді Гүлшара Әбдіқалықова. 

Өз кезегінде Ато Браун  бұл кездесудің маңызы үлкен еке­нін атап өтті. Оның айтуынша, биыл 2012-2017 жылдарға арнал­ған ынтымақтастық жөнін­дегі стра­тегиялық құжат қорытын­ды­ланып отыр. Келесі жылдан бас­тап, екіжақты әріптестік қарым-қа­ты­нас жаңа деңгейге көтеріліп, байланыс салаларының ауқымы кеңейе түспек.

Дүниежүзілік банк Қазақ­стан­ның үшінші жаңғыруын және осы мақсатты жүзеге асыру жо­лындағы басым бағыттарды қол­дауға әрдайым дайын. «Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі алдың­ғы қатарлы 30 мемлекеттің қата­рына қосылуға талпынып отыр. Сондай-ақ, жасыл экономиканы дамытуға, баламалы энергия көздерін өндіруге деген ықы­ласы да жоғары. Біз өз тарапымыз­дан Қазақстанның бәсекеге қабі­леттілігін арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға, тікелей инвес­тиция тартуға қолұшын беретін боламыз. Қазірдің өзінде энергия үнемдеуді арттыру бағытындағы жалпы сомасы 24 млн АҚШ долларын құрайтын жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта Энергетика министрлігімен бір­лесіп, тағы бірқатар жаңа бастамаларды талқылауды жоспарлаудамыз», деді Дүниежүзілік банктің  Қазақстандағы тұрақты өкілі.

Кездесудің соңында Мем­лекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қалықова екіжақты ынты­мақ­тастықтың қазіргі қарқынына ризашылығын білдіре келе, Дү­ние­жүзілік банктің ел эконо­ми­касының тұрақты өсімін қамта­масыз ету жо­лындағы еңбегін жоғары бағалады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»