Астана экономикалық форумы аясында Өңірлік хаб пен Бразилия Сыртқы істер министрлігінің дипломатия институты, Бангладеш премьер-министрі кеңсесі, Эстония электронды басқару академиясы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Зерттеулер мен оқыту орталығы (SESRIC), Қазақстанның «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы арасында ынтымақтастық меморандумдары мен келісімдерге қол қойылды.
– Жаһандану мен ақпараттық технологиялар басқару саласында жаңа сынақтар әрі мүмкіндіктер туғызуда: азаматтар өз компаниясындағы, мемлекеттік органдардағы жағдайды, жетекшілер қабылдайтын шешімдерді әлемнің басқа елдеріндегі жағдаймен салыстыра алады, яғни олардың басшылыққа қояр талабы да күшеюде, – деді Астанадағы Өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов.
Меморандумдарға қол қою рәсіміне қатысушылар мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруде ынтымақтастық пен халықаралық әріптестіктің маңызын атап өтті. Мемлекеттік басқарудағы ортақ мақсат әрі қажеттілік – лайықты әрі қолайлы ортаны қалыптастыру. Және бұл талап құндылықтарға, оның ішінде, ең алдымен, сыйластық пен түсіністікке негізделуі тиіс. «Егер әрбір басшы халықтың, өз қарамағындағы қызметкерлердің мүддесін, абыройын, еңбегін құрметтеп, түсінсе, оның баға жетпес құндылығы – уақытын сыйласа, басқарудың тиімділігі артады», – деп санайды Әлихан Байменов.
«Астана өңірлік хабы аясында басқа елдермен тәжірибе алмасамыз. Оның ішінде, Қазақстанның да мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибесімен танысқымыз келеді. Сондықтан, бұл ынтымақтастық біз үшін өте маңызды әрі екі мемлекетке де пайдасын тигізеді деп ойлаймын», – деді Бангладеш премьер-министрі кеңсесінің Access to Information бағдарламасы саясаты бойынша кеңесшісі Анир Чоудхури. Ал Бразилия СІМ «Рио Бранко» дипломатия институтының бас директоры Жозе Эстанислау до Амарал Соуза Нето Астанаға алғашқы сапарының сәтті басталғанын және меморандумға қол қою екі ел арасындағы ынтымақтастыққа да оң ықпалын тигізетінін жеткізді.
Қонақтар Хабтың аймақ елдері мемлекеттік қызметін дамытуға қосқан елеулі үлесі мен ауқымды сараптамалық қорын атап өтті. Ұйымның сарапшылар реестрі 25 елдің 90-нан астам жетекші мамандарын біріктіреді, мемлекеттік басқару саласындағы 30-дан астам беделді халықаралық ұйыммен тұрақты әріптестік орнатқан.
Сондай-ақ, Астана экономикалық форумы аясында Әлихан Байменов ЭЫДҰ мемлекеттік басқару бойынша директоры Рольф Альтермен, АҚШ Федералды институты көшбасшылықты халықаралық дамыту директоры Флетчер Ханимундпен, Ресей президенті жанындағы Халық шаруашылығы мен мемқызмет академиясы ректоры Владимир Маумен, Өзбекстан президенті жағындағы Мемлекеттік басқару академиясы проректоры Баходир Ғойибназаровпен кездесіп, өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Ал мемлекеттік басқару саласындағы белгілі сарапшылар – Сингапур ұлттық университеті Шығыс-азиялық институты профессоры Гор Ланс Лянпинг және Жапония жоба менеджменті қауымдастығының негізін қалаушы, профессор Хироши Танакамен ғылыми бағытта өзара қарым-қатынасты нығайту туралы пікір алмасты.
Америка, Еуроодақ, ТМД, Кавказ және АСЕАН елдерін қамтитын Хаб ауқымындағы әріптестік мемлекеттік қызмет саласындағы озық үлгілермен танысуды, білім және тәжірибе алмасу бойынша халықаралық бастамалар мен шараларға қатысуды, сарапшылар желісін дамытуға ат салысуды білдіреді.
Меморандумдарды жүзеге асыру барысында қатысушы-мемлекет өкілдері сараптамалық материалдар мен зерттеулер нәтижелерімен алмасып, бірлескен ғылыми-оқыту жобаларына араласа алады. Олардың мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелері бойынша ортақ оқыту бағдарламаларына, оның ішінде дәрістер, семинарлар, тренингтер, конференциялар мен форумдарға қатысып, ой бөлісе алу мүмкіндігі болады.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»