Айта кеткен ләзім, көрме билеттері зияткерлік мектептердің оқушылары ұйымдастырған қайырымдылық жәрмеңкелерінен түскен қаржыға алынған болатын. Осы шара арқылы тұрмысы төмен отбасылардың балалары жазғы демалыстарын ЭКСПО қабырғасында ұмытылмастай өткізбек.
Аталған шараға, сонымен бірге, «Халық» қайырымдылық қоры демеуші болып отыр. Салтанатты жиында «Назарбаев зияткердік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мен Халық банкі Астана қалалық филиалының директоры Жанар Рахымова ЭКСПО-ның жас елшілерін құттықтады.
Күләш Ноғатайқызының айтуынша, Қазақстанның «Нұр Әлем» бас экспозициясында, Қытай, Германия, Оңтүстік Корея, Ресей және басқа да елдердің павильондарында ұсынылған болашақ энергиясы ЭКСПО-ның жас елшілеріне жаңа әлем қуатының бейнесін көрсететін болады. Сонымен бірге, балалардың «Бәйтерек», «Астана-Опера», «Думан» океанариумы, «Атамекен» этномемориалдық кешені сияқты елорданың көрікті орындарына саяхаты, «Нұрлы жол» желекжолымен серуендеу және Есіл өзенінде қайықпен жүзу жоспарланып отыр.
Халық банкінде оқушылар теңгенің және қаржы нарығының пайда болу тарихымен таныспақ. Сондай-ақ, спорттық ойындар, ғылыми және шығармашылық жобаларды әзірлеу қарастырылған. Оқушылар бос уақытта зияткерлік мектептер үшін дәстүрлі сабаққа айналған қыш қолөнері, әуе көлігін модельдеу, өнер дизайны және драмалық өнерге машықтанумен шұғылданады. Аталған шарада ЭКСПО көрмесінің алғашқы тартуы, яғни жаңа оқу жылына арналған оқу құралдары салынған сөмкеге Семей өңірінен келген жазғы мектептің ең жас қатысушысы Таңшебер Амантай ие болды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Игорь БУРГАНДИНОВ