Аймақтар • 20 Маусым, 2017

10 жылда – 2 миллион тонна алюминий!..

429 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл меже облыс орталығындағы құрамындағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ іске қосылғаннан бергі 10 жылдағы тағы бір жетістігі. Өндіріс орны жаңа жетістіктерге жаңа технологиялық құрылғыларды, ерекше жаңашыл шешімдерді қолдану арқылы жетті. Қазір кәсіпорын жұмысшылары мен қызметкерлері жобалық көрсеткіштерді орындау жолында еселі еңбек етуде.

10 жылда – 2 миллион тонна алюминий!..

Бұл зауыт – елімізде жүзеге асырылған алғашқы ірі индус­триялық жобалардың бірі. Осы 10 жыл ішінде электролиз зауыты халықаралық стан­дарттардың талаптарына сай келетін отандық алюминий шығарып келеді. Қазақстандық алюминий Лондон металл биржасында тіркелген, яғни бастапқы алюминий сапасын дәлелдейді. 10 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ ел Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы байқауында жеңіс­ке жетті. Кәсіпорын «Сапа көш­басшысы» арнайы сыйлығына ие болды.

Алғашқы кезегі іске қосыл­ған 2007 жылдың соңында бас­тапқы алюминийдің 11 мың тоннасын балқытты. Ал, 2010 жылдың маусым айын­­да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өнді­рістің екінші кезегін іске қос­ты. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы 250 мың тоннаға жетті. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ президенті Роман Романовтың айтуынша, негі­зі­нен индустриялық-инно­ва­циялық даму бойынша ал­ға қойылған міндеттер орын­далуда. Электролиз зауыты 10 жыл ішінде 29 млрд кВ/сағаттан астам электр энергиясын тұтынып, 4 миллион тоннадан астам глинозем алған. Ал, Еуразиялық топта қазақ­стан­дық мазмұнды арттыруға ба­ғытталған бағдарлама қолға алынды. Осы бағдарламаға сәйкес, зауыт импорттық ши­кі­заттан және алюминий өн­дірісі үшін қолданыла­­тын болат бұйымдар мен өн­діріс­тік қораптарды шет­тен тасы­малдауды тоқтат­ты. Қазір импорттық шикі­зат пен алюминий өндірі­сі­не қажет негізгі заттар шет­­тен алынбайды. Яғни, зауыт­тың өндірістік үдерісіне «Қазақ­стан Алюминийі» АҚ-та шыға­рылған қазақстандық өнім­дер және «ССКӨБ» АҚ-та шығарылған болат дайын­дамалар (блюмстер) енгізілді. Бұл екі компания да ERG құра­мында. Бұрын жоғарыда айтқан қос өндірістік заттар Қытайдан тасымалданатын.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, енді өндіріс орны алюминий қорытпасын шы­ғаруды бастайды. Екінші­ден, алюминийді өндіру үрді­сі­не өзіміздің жергілікті күй­ді­ріл­­ген мұнай коксы пайда­ла­нылады. Алдағы уақытта отан­дық өнім ресейлік шикізатты да алмастырмақ. Осылайша, өңірімізде боксит, сазбалшық және бастапқы алюминий өн­діріліп, одан түрлі бұйымдар мен заттар жасалады. Бүгінгі күні аталған заттарды жа­сап шығару үшін тиісті компаниямен келісімшарт­тар да жасалуда. Биыл 19 800 тон­на бастапқы алюминийден өнім өндірілмек. Облыс ор­та­­лы­ғындағы жергілікті алю­минийден өнім шығарып отыр­ған «Қазэнергокабель» кәсіп­орны, кабельді-өткізгіш бұйым­дар жасайды. Еліміздің оңтүс­тік өңірлері де шикізатты элект­ролиз зауытынан алып отыр.

Зауытта кәсіпорынның жұ­мыс­шы-қызметкерлерінің ең­бек жағдайы жақсарып келеді. Қазір электролиз зауытында 2500-ден аса адам еңбек етуде. Осы санның көбіне жуы­ғы – жастар. Жас маман Ренат Қапанов болса отандық алю­минийдің 2 миллионыншы тоннасын балқыту үшін барлығы да үлес қосқандарын мақтан етеді. Зауыт сапалы әрі таза өнім шығарғаны үшін KIOSH-2011 халықаралық көрмесінде қауіпсіз кәсіпорын деп аталды.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы