Бұл зауыт – елімізде жүзеге асырылған алғашқы ірі индустриялық жобалардың бірі. Осы 10 жыл ішінде электролиз зауыты халықаралық стандарттардың талаптарына сай келетін отандық алюминий шығарып келеді. Қазақстандық алюминий Лондон металл биржасында тіркелген, яғни бастапқы алюминий сапасын дәлелдейді. 10 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ ел Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы байқауында жеңіске жетті. Кәсіпорын «Сапа көшбасшысы» арнайы сыйлығына ие болды.
Алғашқы кезегі іске қосылған 2007 жылдың соңында бастапқы алюминийдің 11 мың тоннасын балқытты. Ал, 2010 жылдың маусым айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өндірістің екінші кезегін іске қосты. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы 250 мың тоннаға жетті. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ президенті Роман Романовтың айтуынша, негізінен индустриялық-инновациялық даму бойынша алға қойылған міндеттер орындалуда. Электролиз зауыты 10 жыл ішінде 29 млрд кВ/сағаттан астам электр энергиясын тұтынып, 4 миллион тоннадан астам глинозем алған. Ал, Еуразиялық топта қазақстандық мазмұнды арттыруға бағытталған бағдарлама қолға алынды. Осы бағдарламаға сәйкес, зауыт импорттық шикізаттан және алюминий өндірісі үшін қолданылатын болат бұйымдар мен өндірістік қораптарды шеттен тасымалдауды тоқтатты. Қазір импорттық шикізат пен алюминий өндірісіне қажет негізгі заттар шеттен алынбайды. Яғни, зауыттың өндірістік үдерісіне «Қазақстан Алюминийі» АҚ-та шығарылған қазақстандық өнімдер және «ССКӨБ» АҚ-та шығарылған болат дайындамалар (блюмстер) енгізілді. Бұл екі компания да ERG құрамында. Бұрын жоғарыда айтқан қос өндірістік заттар Қытайдан тасымалданатын.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, енді өндіріс орны алюминий қорытпасын шығаруды бастайды. Екіншіден, алюминийді өндіру үрдісіне өзіміздің жергілікті күйдірілген мұнай коксы пайдаланылады. Алдағы уақытта отандық өнім ресейлік шикізатты да алмастырмақ. Осылайша, өңірімізде боксит, сазбалшық және бастапқы алюминий өндіріліп, одан түрлі бұйымдар мен заттар жасалады. Бүгінгі күні аталған заттарды жасап шығару үшін тиісті компаниямен келісімшарттар да жасалуда. Биыл 19 800 тонна бастапқы алюминийден өнім өндірілмек. Облыс орталығындағы жергілікті алюминийден өнім шығарып отырған «Қазэнергокабель» кәсіпорны, кабельді-өткізгіш бұйымдар жасайды. Еліміздің оңтүстік өңірлері де шикізатты электролиз зауытынан алып отыр.
Зауытта кәсіпорынның жұмысшы-қызметкерлерінің еңбек жағдайы жақсарып келеді. Қазір электролиз зауытында 2500-ден аса адам еңбек етуде. Осы санның көбіне жуығы – жастар. Жас маман Ренат Қапанов болса отандық алюминийдің 2 миллионыншы тоннасын балқыту үшін барлығы да үлес қосқандарын мақтан етеді. Зауыт сапалы әрі таза өнім шығарғаны үшін KIOSH-2011 халықаралық көрмесінде қауіпсіз кәсіпорын деп аталды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы