Қазақстан • 20 Маусым, 2017

Мұнай химиясы: игерудің игілігін ел көреді

236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылдың тамыз айында Батыс Қазақстан облы­сының әкімі өңір кәсіпкерлерімен бірге Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барған болатын. Кейін Орал қаласында «WestKazInvest 2016» форумы өтті. Міне, осынау іскерлік кездесулер нәтижесінде «QazChem» атты Қазақстан-Иран-Канада бірлескен кәсіпорны құрылып, іске кірісті.

Мұнай химиясы: игерудің игілігін ел көреді

Жаңа кәсіпорын қазақ­стандық мұнай химиясы өнімдерін шығармақ. Бұл өнімдер мұнай-газ сек­торын­да қызмет етуші ком­па­­ния­лардың қажетін өтей­тін болады. Яғни зауытта мұ­най мен суды тазартуға арнал­ған қоспалар, мұнай-газ сала­сындағы технологиялық құрал-жабдықтың пайдалану мерзімін ұзартып, қорғайтын химиялық өнімдер шығатын болады.

Алиреза Сайед Хосейнидің айтуынша, жаңа кәсіпорында заманауи қондырғылар орна­тылып, қоршаған ортаға за­лалсыз, экологиялық ластау­сыз жұмыс істейтін болады. Жақын күндері компания­ның өндіріс алаңында мұ­най реагенттерін синтез­деп, тасымалдауға дайындай­тын цех салынбақ. Қазірдің өзін­де су мен мұнай негізіндегі технологиялық ерітінділерді шығаратын блендинг цехы­ның инжинирингі толық әзір. Резервуар паркі, сақтаушы қой­малар және химиялық зерт­хана жобасы дайын.

– Жаңа жобамызға алғашқы жылы 2 млрд теңге инвестиция құйғалы отырмыз. Бұл – жо­ғары технологиялы өндіріс бол­мақ. Зауытта жылына 5 мың тонна арнаулы химиялық өнім шығарылатын болады, – дей­ді ирандық кәсіпкер.

Кәсіпорын жұмысын бас­қарып, құрылыс барысын ба­қы­лау үшін Алиреза мырза жа­қында Орал қаласына көшіп келмек екен. Компанияның даму бойынша директоры Ғайса Жұмалиевтің айтуынша, жаңа зауыт таяу арада мұнай-газ компанияларын Қазақ­стан­да өндірілген жоғары сапалы химия өнімдерімен қам­тамасыз ететін болады. Батыс Қазақстан облысының географиялық жағынан ың­ғай­лы орналасуы өнімді тасы­малдау шығынын едәуір азай­тады. Компания таяу бо­ла­­шақта ЕАЭО елдерінің нары­ғына өнім шығаруды да жоспарлап отыр.

Жобаның инвесторы ретін­де таныстырылған иран­­дық Хонсари Мохаммад Али мұ­най-газ химиясы өнеркәсібі саласында 50 жылдық тәжіри­бесі бар кәсіби маман екен. Жа­ңа жоба үшін қаржысы мен тәжірибесін қатар салып отыр­ған инвестор бірлескен кә­сіпорынның болашағы жар­қын болады деген ойын білдірді.

Құрылысы Орал қаласы­ның іргесіндегі Желаев кенті­нің өндірістік аумағында ор­на­ласатын жаңа зауытта 50-дің үстінде адам тұрақты қызмет жасайтын болады. Ғайса Әлібекұлы алғашқы кезде зауытта кейбір шетелдік мамандар қызмет еткенімен, кейін олардың орнына отан­дық мамандар оқытылып, алмас­тырылатынын айтады.

– «QazChem» компания­сы­ның өнімдері осы кезге де­йін шет елден алып кел­ген импорттың орнын алмас­ты­ратын болады. Біз Ресей нары­ғына да шығуды көздеп отыр­мыз, – дейді Ғайса Жұмалиев.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ