20 Маусым, 2017

Өркениет тазалықпен өлшенеді

434 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Міне, арайлы Астанамыздың адамзаттың озық ойлы жетістігі мен әлемнің бейбітшілік  қақпасына айналғанының нақты куәсі болатын күнге де жеттік. Дүниенің әр түкпірінен астанамызды көруді аңсаған шетелдіктер ағылып келіп жатыр. ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесі елордамыздың өрісін кеңейтті.

Өркениет тазалықпен өлшенеді

Мұнтаздай таза көшелеріміз бен сәнді ғимараттарымыз көздің жауын алады. Жайнаған жасыл же­лекті саябақтарымыз бен тарихи құндылықтарымызды бейнелейтін жауһарларымыз, өнерімізбен салт-дәстүрімізді паш ететін жәді­гер­леріміз жат жұрттықтарды қайран қалдырып жатқаны анық. Ал нұрлана құлпырған айтулы гүл шоқтары мен гүл алаңдары көңіл құсын көкке ұшырады.  Мұның бәрі үлкен қуаныш та, мақтаныш. Бірақ...Иә, бірақ.

Көркімен де, сәнімен де, саяси сындарлы іс-әрекеттерімен де әлемге танылып үлгерген Астанамыздың дамуы барша қазақстандықты қуа­н­­-
тып отырғаны ақиқат. Бұл орайда, Елбасы еліміздің барлық қалалары бой түзейтін, ауыл-аймақ сүйсіне қарайтын елордамызды одан әрі аялауға, онда тұрып жатқан көптеген елордалықтарды қаланың нағыз қожайыны болуға, көше, аулаларды таза ұстауға шақырды. Бұл тек елордамызға ғана қатысты айтылған әңгіме емес. Дегенмен, бұл үндеуге бірқатар жандардың қосылуға мойны жар бермей ме, әйтеуір, немқұрайды қарайтындары да бар екені көрінеді. Сондықтан  болса керек, кезінде Елбасы құқық қорғау қызметкерлерімен кездесу барысында ұсақ құқық бұзушылықпен күресті жандандыру керектігін барынша жеріне жеткізе айтты. Алайда, амал нешік, құқық бұзуға бейім жандарды оңалтудың  сапасы жақсармай тұр.

Мәселен, жүргізушілердің бәрі біледі: көліктердің дені көшені, ауланы ластайды. Ал сол көліктердің кейбір жүргізушілері әпербақан, әлде кеудесіне нан піскен біреулер шығар, әуелі мені көрдіңдер ме дегендей, шеккен шылымын ауық-ауық терезеден тысқа шығарып қояды. Ең сорақысы сол, шылымының тұқылын көшенің қақ ортасына тастай салады. Көлік ішінде жас балалар болса, анасы әлгі балалары жеген тәттінің қағазын терезеден лақтырады. Тіпті, жолдың жиегіне тоқтап, пакет толы қоқысты, яки тамақ қалдығын сол жерге тастап кететіндері де бар. Одан өткен сорақылығы, кейбір жүр­гі­зу­ші бағдаршамның қызыл шамына кідіргенде есікті ашып жіберіп тү­­кіре салады. Қақырынып, сің­бі­ретіндер де кездеседі.  Ал солар­дың алдын орап, «Оу азамат, мұныңыз қалай?!»,  деп көріңізші, бірден пәлеге қаласыз. Полиция келсе, ұсақ құқық бұзушылық жасаған ол емес, сіз болып шыға келесіз. Өйткені, дәлел болмай қалады. Содан соң «Не керек өзіңе? Не, сенің мәшинеңнің ішіне тастадық па?! Өзіміз білеміз не істесек те, жайыңа жүр! Әйтпесе…», дейді қаһарланып.

Бұл көшедегі жағдай болса, кейбір аулалардағы көрініс те сондай. Үйдей көліктерін тура кіреберіске тақап қояды. Ол көлік таза болса бір сәрі, жоқ, шаң басқан, майы тамшылаған немесе сауыры сатпақ, дөңгелектері балшық, бір сөзбен айтқанда, жер-көктің бар кірін төріңізге алып келген зиянкестің нағыз өзі. Ал оның иесі болса, көрдіңіздер ғой мен қандаймын дегендей, талтаңдай басып, ауладағы көліктерден қалған шаң-тозаңның арасымен  майлы даққа толы қара қожалақ асфальт үстімен  бүлдіршін балаларын ертіп бара жатады...Осылардың бәрін таң сәріден  тұрған көше тазалаушылар қалпына келтіріп жинап, қалпына келтіріп жүргені. Осылайша, жабулы қазан жабулы күйінде қалып келеді. Бірақ бұл қашанға дейін созылмақ?

Өркениетті елдердің адамдары өздері тұрып жатқан қаланың, кө­ше­лерінің, үй аулаларының таза­лы­ғына, әдемілігіне, тыныш­ты­ғына, жайлылығына ерекше мән береді. Үй ауласын, көшені өздерінің үйлерінің төріндей көреді. Сондықтан да, оны аялап ұстауға, бір тал сіріңке тастамауға тырысады. Сөйтіп, өздеріне өздері үйде де, түзде де қолайлылық туғызып, мәдениетті өмір салтын ұстанып жүреді. Бізге де неге солай жасамасқа?  Ойланатын, өркениетке қарап, бой түзейтін уақыттың жеткені анық қой.  Өз қаламыз бен даламызды үйіміздей аялап ұстауға үйренейік, ағайын!

Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»