Бүгінде зейнеткер, Шымкенттің құрметті азаматы Һәм беделді ақсақалы Е.Құрмантаев сол күндердің қызығын былай еске алады:
– Кәдімгі Эйфель мұнарасы көрініп тұрған бір мүйістегі біздің павильонға қонақтар үзіліссіз келіп жатты. Бір күні сақал-мұртын ақ қырау шалған жас шамасы 60-тың мол үстіндегі бойын тік ұстаған өзімізге ұқсаған бір ақсақал, қасындағы орта жастағы азамат ұлы болар деймін, павильоннан шықпай, әрнеге үйірсектеп жүріп алды. Қазақ екен! Аты – Жұмагелді. Ұлының атын ұмытыппын. Шүйіркелесе кеттік. Жердің бір түбінде қандасымызбен кездесеміз деген ой болып па? Еліміздің шекарасынан аттап шығарда «Сыртта Кеңес Одағының жаулары көп, тыңшылық әрекетпен әдейі пікір жинайды, сақ болыңдар!» дегенді құлаққа құйып алғанбыз. Сақтанып-ақ тұрмын, жоқ, ниет-пейілі түзу секілді. Қазақ қой, қазақ! Ағамыз ел-жұртты сұрап, жаны қалмай егіліп тұр. Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас өңірінде туыпты. «Үй артында кісі бар», мен де дігірлеп «қайдан жүрсізді» сұрай қоймадым. Келушілерге көрсететін қызметімізге сай, қазақтың бауырсағы мен құртынан, сүрленген қазыдан ауыз тигіздім. Мен түсінбейтін тілде ұлына тез-тез сөйлеп, дастарқандағы тағамды түсіндіріп-ақ жатыр-ау деймін. Ұлы көп сөйлемейді екен. Бейтаныс қандасымның жанарынан домалап түскен жасты көргенде, менің де жүрегім ал келіп езілсін?! Сіз кімсіз, бауырым? Тағдырыңыз қандай? Әттең, тіл қысқа... Тәртіп қатал. Мәскеуден ілескен «сарапшы диетолог» татар жігіт те құлағын біз жаққа төсеп әуре.
Әлден уақытта әлгі «диетологтың» рұқсатымен ойда жоқта табысқан үш қазақ Эйфель мұнарасының ығына тұра қалып, суретке түседі. Әкелі-балалы қандастар мұндай шараның Парижде өтетінін теледидардан естіп, Еуропаның табиғаты қаталдау батыс түкпірінен, Швециядан келгенін айтып, көздерінің жасын сығып қоштасады. Жанарынан төгілген жасқа сақалы шыланған Жұмагелді ақсақал «Елге сәлем айттан» аса аламапты. Еркін ағамның фотоаппарындағы суреттерді шығарып әкеле қоймақ болған мәскеулік «диетолог» үлдірді ойламаған жерден күнге күйдіріп бүлдіріп алыпты...
Арада 20 жылдан астам уақыт өтеді. Шымкенттегі Мұнайоргсинтез (ШНОС) компаниясын сатып алған канадалықтардың екі арадағы барыс-келісті қыздырып жатқан кезі екен. Компанияның бұрынғы басшысы қаладағы танымал ағасына телефон соғып, кеңсеге келіп кетуін қиыла өтініпті. Мән-жайға түсінбеген Еркін Құрмантайұлы межелі жерге жетсе, бас директордың кеңсесінде бір жас жігіт күтіп отыр. Қазақтан гөрі еуропалыққа ұқсас жеткіншек Канададан келіпті, ШНОС-тың ендігі иесі – «Харрикейн» компаниясының өкілі. Қасында француз тілінің аудармашысы бар. Аты – Нұраддин. «1980 жылы маусымның 16-сы Парижде болып па едіңіз?» дейді Нұраддин тілмаш арқылы. «Иә, болғанмын...». Жас жігіт сөмкесінен «Шымкент, Чимкент» деген 1975 жылы Қазақстанда шыққан буклет кітапты ұсынып, күліп тұр.
– Қоржынымыздың тексеруден өтетініне қарамастан сый-сияпатпен толтырған Жұмагелді ағама қысылғаннан не сыйларымды білмей, елден алып келген осы кітабыма «Жұмагелді ағама естелік. Париж. 1980 жыл. 16 маусым» деп жазған екенмін. Парижде жазған қолтаңбамды көріп, зарлы қандас ағамның бейнесі көз алдыма елестеп, енді менің көңілім босады...
Әрі қарайғы әңгімеден ұққаным, Ұлы Отан соғысынан кейін шетте қалып қойған Жұмагелді ақсақал сол бір Париж сапарынан кейін көп ұзамай көз жұмыпты. Бірақ, сүйікті немересіне кітапты ұсынып, менің кіндік қаным тамған жер Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент өңірі дегенді қайталаумен өткен екен. Жүрегімнің толқығаны соншалық, әжесі неміс, анасы канадалық Нұраддинді «Топтарыңда қанша адам болсаңдар да үйге жүріңдер, қанша күн болса да қонақ етейін. Аталарыңа Құран бағыштайық», дедім... Нұраддин-Арнольд атасы сыйлаған кітапты кеудесіне басып, жарқылдай күліп тұрды.
«Еліміз егемендік алды, атаң туған топыраққа көшіп кел, осы жерде үйлендіреміз», деп жатырмын. Қандасым тілмаш арқылы «жоқ, жоқ...» деп тіл қатып, одан да бетер жадырай күлді. «Мен бар болғаны атамның тапсырмасын орындадым, бар болғаны... Менің өмір жолым басқа», дегісі келді ме екен? Ойда қалдым. Жұмагелді ағамыз зарға толы арманын өмірден мәңгілікке өзімен бірге ала кетті. Тіпті, кіндігін жарып шыққан ұрпағының қасиетті атамекенге аяғы тиер-тимесіне көзі жетпеді-ау? Қазақстан өз алдына ел болар деген тәтті қиялға сенбеген де шығар?.. Қайран, боздақ?!
Еркін ағамның өз аузынан естігін әңгіме еске түскен сайын ширек ғасыр ішінде атамекеніне етегін көз жасына толтырып еңірей, ентелей оралған қандастарымыздың нөпірі көз алдыма елестейді. Ең соңғы дерекке сүйенсек, еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері қарай атамекеніне оралған қандастарымыздың саны 1 миллионнан сәл асыпты. Аз ба, көп пе?! Оның сыртында Жұмагелді атасының аманатын орындағанмен, атажұртқа мойын бұрғысы келмейтін Нұраддин-Арнольд секілді қандастарымыз қанша болды екен?
Ұлы көш басталған 1991 жыл қандай еді?! Отанына ұмтылып шекарадан өткен қандастарымыздың қатары ай санап, күн санап емес, сағат санап өссе екен деп тіледік! Естеріңізде ме?! Кеңестік саясаттың салқынымен өз елінде көпшіліктен азшылыққа айналып, тіпті өз таңдауына, өз дауысына ие болудан айырылуға шақ қалған иісі қазақтың көкейкесті арманы қандай еді, ә? Сонда ғой Тәуелсіздіктің бір ғана жылының ішінде Қазақстанға шеттен 10 мыңнан астам қазақ отбасы көшіп келіпті, яғни бір жыл ішінде барлығы 60 мың адам туған жермен қауышқан.
1992 жылдың қыркүйегінде Алматыда Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Ұлы жиыннан кейін еліне, атамекенге қайтуға ынта танытқан қандастарымыздың саны бұрынғыдан да күрт өсті.
Күні ертең елордамыз – Астанада өтетін Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы – Ұлы жиынның қарсаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызықты мәлімет жариялады. Өткен 2016 жылы Қазақстанға 16 мың отбасынан тұратын қандастарымыз оралған. Министрлік бұл көрсеткішті 2015 жылмен салыстырып, халық санының одан бері 8 есеге өскенін дәріптеді. Былай алып қарасаң, соншалықты малақай лақтырып, «алақайлайтындай» көрсеткіш те емес?! Себебі, жоғарыдағы айтқан 16,4 мың отбасын небары 33 754 адам құрайды екен. Тұңғыш құрылтайдың қарсаңында шет елден шекара асып өткен 10 мың отбасының сапында 600 мың адам өтті емес пе? Әлде шет елдегі қандастарымыздың отбасында оның мүшелерінің саны шын мәнінде азайып кетті ме?
Әлемнің әр бұрышында тарыдай шашылып жүрген қандастарымыздың Ұлы көші туралы мәселені ел газеті – «Егемен Қазақстан» әркез-ақ назарында ұстап келді. Газеттің 1997 жылғы шілдедегі «Көш-керуен кері бұрылып кетпесе екен...» атты өткір жазылған сын мақаласына назар аударып көрейік. Онда бауырларымыздың өз Отанына оралуын тежейтін қасақана әрекеттер жасалуда деп дабыл қаққан газет тілшісі Гүлзейнеп Сәдірқызы бүгінгі министрліктің сол тұстағы жаңадан тағайындалған басшысын – Коржова ханымды қатты сынға алады. Оны тез арада ұлттық мүдде мен мемлекеттік саясатқа оң қабақ танытуға шақырады. Халық депутаты, мемлекет қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртазаны сарапшылыққа шақырады.
Сонда Шер-ағам былай дейді: «...Президенттің шет елдегі отандастарға қамқорлық жөнінде таяуда шығарған Жарлығы адамгершілік, имандылық қасиеттермен қоса, мемлекет болашағына көз тіккен Жарлық. Оның орындалуы кімдерге жүктелді? Кімдерге сеніп тапсырылды? Көші-қон ісі жергілікті бюджетке тәуелді болсын деген кім? Көші-қон ісінің, Президент Жарлығының нағыз жауы – сол!».
Қазақ баспасөзінің бүгінгі абыз-ақсақалы Шерхан Мұртазаның баршаға таныс жанайқайы. Одан бері арада аттай 20 жыл өтіпті. Бүгін кешегі жанайқай проблема емес! Бүгінгі түйткілді мәселелер басқада. Ең қуаныштысы, 1 миллионнан астам қазақ – өз Отанында! Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің айтқандарына құлақ түрейік, ол да «Егемен Қазақстанда» (14 маусым 2017 жыл) жария көрді.
Этностық көштің түйткілдеріне тоқталған бірінші орынбасар мәселенің басты себептері – көші-қонға байланысты заңдар мен ереже-тәртіптердің жиі өзгеруінде, дейді. Одан әрі оны қандастарымызға түсіндірудің нақты динамикалық жүйесі жоқ, тіпті, сырттан келетін ағайындардың бұған дейін мекендеген жерінен тиісті құжатын дұрыстап та келмейтінін тілге тиек етеді. Өзге де көкейкесті мәселелердің құрылтайдың күн тәртібіне қойылатыны туралы мәлімет берді.
Әрине, бүгінгі бұл түйткілдерді дәл 1991-92 жылғы көкейкесті мәселелермен салыстыруға келмес. Арада ширек ғасырдай уақыт өтті. Заман өзгерді, заң түрленді, нақтыланды. Әлем қазақтарының бесінші құрылтайының көпшілік алдында талқылайтын мәселесінің ауқымы да уақыт талабына сай өзгеше болары хақ. Отанының бір жұтым ауасына зар болған кешегі түлкібастық Жұмагелді атамыздың ұрпағы еңсесін күн санап көтерген Қазақстан секілді жас мемлекеттің әлеуетіне, оның ішкі-сыртқы саяси салмағының қуаттылығына талдап зейін салатындай қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Тәуелсіздік жылдарының ішінде айқара ашылған шекарадан қаншама қазақ ел танып, жер тану үшін мұхит асып кетті!? Олардың да болашақта Отанына оралу ойы болса, ендігі жерде белгілі бір заң баптарына сүйенуге мәжбүр! Әңгіме – бір кезде Шымкенттен аттанып, қазір күллі Нью-Йорктің бұзақыларын дірілдеткен 26 жасар коп-полиция қызметкері Димаш Ниязов хақында. «Түптің түбінде бәрін де қалдырамын да, еліме ораламын», демеді ме таяуда америкалық Димаш-коп!
Қалыңдығының Қытайға заң жолымен қайтарылғаны туралы күллі қазақстандықтардың құлағын шулатып жүрген Тұрсынбай Бөрібайдың келіншегінің бар кінәраты – уақытша тіркеуге уақытында келмегені. Иә, бары сол. Ендігі жерде Бөрібай мен Жазира жалпыға бірдей заң талаптары бойынша 2021 жылдың 29 маусымына дейін Қазақстанда бас қоса да, кездесе де алмайды. Заң солай! Қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің күйзеле меңзегені де осы – дұрыс түсіндіру, дұрыс түсіну, жүйелі насихаттау жұмыстарының ақсап жатуы шығар, бәлкім! Мұның бәрі де әлем қазақтарының көші-қонға қатысты бүгінгі күннің, V құрылтайдың пысықтайтын түйткілді мәселелері.
...Еркін көкеміз сонау жылдары Парижде куә болған көзінен зар тамшылары сорғалаған Жұмагелді атамыздың түйткілі мұның қасында аспан мен жердей-ау деген ой келеді екен осындайда...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ