Сатып алулар саласы жетілдіріледі
Мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру шаралары туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. Министр бір жарым жыл бұрын іске қосылған мемлекеттік сатып алулар веб-порталының платформасы сатып алулар жүйесін толығымен автоматтандырып, қатысушыларды веб-портал арқылы онлайн режімде электронды камералық бақылауға мүмкіндік бергенін айтып өтті. Жалпы, қабылданған шаралар бір конкурстағы қатысушылардың орташа санын 4 есеге, ал үнемдеуді 3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік берген.
Қаржы министрлігі Инвестициялар және даму министрлігімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, отандық өндірушілерге қолдау көрсету шараларын әзірлеген, солардың ішінде Бірыңғай ұйымдастырушы арқылы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің тізімдемесі ұлғайтылған. Сонымен қатар, ұсақ сатып алуларды бір үлкен лотқа біріктіру жоспарланған.
Б.Сұлтановтың айтуынша, квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын заңнамалық реттеуді қарастыратын заң жобасы әзірленіп жатыр. Министрлікте квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілеріне бірыңғай сатып алулар ережесін бекіту бойынша уәкілетті органдарды анықтау жоспарланған, солардың ішінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «ҚазАгро» ұлттық холдингтері бар. Ұлттық компаниялардың сатып алулары үшін жеке ережелер әзірленбек, олар мемлекеттік сатып алуларға қарағанда барынша икемді болады.
Мәселені талқылау қорытындысында Үкімет басшысы Б.Сағынтаев мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары саласын жетілдіру бойынша заң жобасына қатысты жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды.
«Жалпы, осы жерде айтылған барлық ұсыныстарды қолдаймыз. Талқылап, Президент Әкімшілігімен келісу үшін бір апта уақытымыз бар. Келесі жолы дауыс беретін боламыз және маусым айының соңына дейінгі белгіленген мерзімде заң жобасын Мәжіліске енгізуге тиіспіз. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды жалғастырамыз», деді Б.Сағынтаев.
Денсаулық сақтаудың инфрақұрылымы дамиды
Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту жайы.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәліметі бойынша, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында Денсаулық сақтау министрлігі «Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын» әзірлеп жатыр.
Медициналық ұйымдардың желісі «Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары» негізінде жүйеленеді. Онда алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, медициналық ұйымдардың менеджментін жақсарту, инвестициялар тарту және жеке сектордың үлесін ұлғайту, денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен экономикалық тиімділігін арттыру көзделген.
Е.Біртановтың айтуынша, елімізде бір жерде ауруxанада науқастарға орын жетпей жатса, келесі мекенжайда, керісінше, емxанадағы бос орындар тым көп болып кеткен. Бұл денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дұрыс жоспарламаудың көрінісі, дейді министр. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай жоспары дайындалып жатыр.
«Қазақстанда 7914 денсаулық сақтау мекемесі бар. Соның ішінде 85,5 пайызы мемлекеттік емxаналар болса, 14,5 пайызы жеке меншікке тиесілі. Медициналық ұйымдардың тең жартысы 30 жыл бұрын салынған. Өткен жылы 11 мыңға жуық адам ауруxанаға жатқызуды 90 күннен астам уақыт күткен. Алайда, республика бойынша 4,2 мың жатын орын бос тұрды. Осының өзі дұрыс жоспар құрмаудың дәлелі», деді Е. Біртанов.
Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдар медицина саласын дамытуға 1 трлн теңге сұрап отыр. Дегенмен, құрылыс нысандарын жоспарлау кезінде олардың бюджет ақшасын көптеп алуға да талпынатындары жоқ емес. Мәселен, Астанада балаларға арналған инфекциялық емxанада бір жатын орынға 240 шаршы метр қарастырылған. Ондай көрсеткіш xалықаралық талаптардан екі есе артық, ал республика бойынша салынатын нысандардың көрсеткішінен алты есе жоғары болып тұр. Осылайша, бір жатын орынға бюджеттің біраз ақшасы кетіп жатады.
«Амбулаторлық мекемені салу кезінде нақты қажеттілік, яғни жергілікті xалықтың саны ескерілмейді. Осының салдарынан жатын орындар бос тұрады. Жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын тиімді жұмсауға жауапсыз қарайды. Сондықтан бізге денсаулық сақтаудың инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай жоспары аса қажет», деді министр.
Отырыста, сондай-ақ, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі А.Браун, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Дж. Капаннелли, сондай-ақ Алматы облысының әкімі А.Баталов аталған бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Премьер-Министр Б.Сағынтаев Денсаулық сақтау министрлігіне облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен денсаулық сақтау нысандарының желісін жоспарлау жұмыстарын қосымша пысықтап, мұндайда өңірлердің ерекшеліктерін, халық санын, ауру-сырқаулар құрылымы мен саланы дамытудың басымдықтарын ескеруді тапсырды. Ведомствоға уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жеке медицинаны дамыту бойынша жұмыстарды жандандыру, медициналық мекемелердің құрылыс жұмыстарына қатысты санитарлық нормалар мен ережелерді жеңілдету, денсаулық сақтау саласын реттеу шараларын қабылдау, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту аясында денсаулық сақтау нысандарының құрылысына арналған типтік жобаларды құру мәселелерін пысықтау тапсырылды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»