Қазақстан • 21 Маусым, 2017

Ымыраға ұмтылған ұтады

127 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ертең Астанадағы ЭКСПО-2017-нің Конгресс-орталығында кезекті Еуразиялық медиа-форум өз жұмысын бастайды

Ымыраға ұмтылған ұтады

Еуразиялық медиа-форум­ның халықаралық пікірсайыс алаңы ретінде он бес жылдан бері 60-тан астам мемлекеттің 600-ден ас­там өкілдерінің басын қосып, Қазақ­станның төрінде үн қатып келе жат­қанын білеміз. 
Биылғы медиа-форум­ның бір ерек­шелігі – ол ЭКСПО-2017 халық­аралық маман­дандырылған көр­месінің аясында өтіп, соның Кон­гресс-орталығында жұмысын жүр­гізетін болады. Осы көрменің өзі де Батыс пен Шығыстың арасын­дағы аралас-құ­ра­ластықты ғана емес, ор­тақ проб­лемаларды шешу­дің озық тәсіл­дерін, әсіресе, экономикалық мә­се­лелердің шешімін табуда ұтым­­ды жолдарды іздейді емес пе?! 
Енді медиа-форумның қалай жұмыс істейтіндігіне тоқтала ке­­тейік. Маусымның 22-сі күні ме­­диа-форум жұмысын алдымен «Шы­ғармашылықпен ойлау кон­­тент пен сауданың өрістеуін қалай қолдайды» деген тақырыпта шеберлік-сабағын өткізуден бас­тайды. Оны Англияның «Фай­нэншл таймс» газетінің арнаулы өкілі Дэвид Эплфид жүргізеді. Одан кейінгі шеберлік-сабақтарын да ұлыбританиялық өкілдер жүр­гізетін болады. 
Мәселен, «Медиадағы табыс­ты науқанның тетіктері» тақыры­бын­дағы шеберлік-са­бағын Ұлы­британия Премьер-министрі баспа­сөз қызметінің бұрынғы басшысы Джай­лис Кенингам, «Бизнес-жаңа­лықтар және жаңалықтардағы бизнес» деген тақырыптағы шебер­лік-сабағын халықаралық «Bloomberg» агенттігінің халық­аралық директоры Тодд Байер және т.б. жүргізеді. 
Медиа-форум жұмысының ашылып, пленарлық отырыстары басталатын күні – 23 маусым. Оны «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахмет­жан Есімов құттықтау сөзбен ашады. Одан кейін Еуразиялық медиа-форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы, сенатор Дариға Назарбаева сөйлейтін болады. 
Алғашқы отырыс «Көпірлер тарт­қан ба әлде қабырғалар тұр­ғызған қолайлы ма?» деген тақы­рыпта әлемдік жаңа тәртіпке арналады. Мұн­да жаһандық тәрт­іп­ті ескі қағи­даттан жаңа сапа­дағы өзгеріске өткі­зудің сценарий­лері қандай болуы керек деген мәсе­лелер қозғалады. Соның ішінде әлемдік картаның транс­форма­циясы, қатерлер мен қоры­тынды­лар туралы ойлар ортаға салынады деп күтілуде. 
Қазіргі әлем тұрақсыздықтың қатерлеріне жауап бере ала ма, жа­һандық интеграциялардың өзгері­сі ескі жағдайдан әлемдік жаңа тәр­тіпке көшіре ала ма деген сияқты пікірлер айтылып, олар­ды басқалардың қа­лай қабыл­дай­тын­дығы осы пікірсайыстарда көрі­нетін болады. 
Отырыстың модераторы бо­лып, Ұлыбританияның таны­мал теле­жүргізушісі Ник Гоинг бел­гіленген. Ал спикерлер қатарында Еуроко­мис­­сия­ның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Боррозу, Түрік Рес­пуб­ликасының 11-пре­зи­денті Аб­долла Гүл, АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Билл Ри­чард­сон, Ре­сей Мемлекеттік Ду­ма­сының халық­аралық істер жө­нін­дегі комитетінің төрағасы Лео­нид Слуцкий сөйлейді деп күтілуде. 
Екінші жалпы отырыстың тақы­рыбы «Болашақтың энергиясы: жасыл экономиканың қуаты» деп ата­лып, ЭКСПО-2017 көрмесі­нің та­қырыбын қаузаған. Онда бола­шақ­тың энергиясының басымдықтары, тиім­діліктері туралы әңгімелер айтыл­мақшы. 
Модераторы Ресейдің РБК телеарнасының жүргізушісі Ан­дрей Левченко болып бел­гіленген бұл отырыста Үндіс­таннан шыққан Нобель сый­лығының лауреаты Рад­­жендра Пачаури, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төра­ғасы Ах­метжан Есімов, АҚШ-тың Колумбия университетінің профессоры Грасиэла Чичилниски, Қазақ­­станның қайталама энер­гетика қауымдастығының бас директоры Арман Қаш­қын­беков және Орталық Азиядағы ЮНЕП (UNEP) офи­сінің басшысы Наталья Алексеева сөй­лейтін болады. 
Үшінші жалпы отырыстың та­қырыбы «Азия экономикалық ғажайыбының құпиялары» деп аталған. Онда Азияның озық эконо­микалық елдерінің ғалам­дық дағдарысқа қалай төтеп беріп, тұрақты­лығын сақ­тап отырғандығы туралы сөз болады. «Азия барыс­тары­­ның» жал­пыәлемдік қаржы дағдарысы кезінде эконо­микалық өсім­ді сақтап оты­руының сыры неде? Қы­тай мен Азияның басқа да индус­триялы дамыған елдерінің жоғары даму қарқынының тұ­рақты болуына қандай әдіс-тәсілдер, амал-айлалар әсер етіп отыр деген мәселелер медиа жұлдыздардың аузымен қалай бағаланатындығы ерекше қызықты болатыны сөзсіз. 
Отырысты жүргізу құрметі ха­лық­аралық «Bloomberg» агент­­тігінің бас директоры Тодд Байерге жүк­теліпті. Ал сөй­лейтін шешен­дер қата­рында Сингапурдегі Ли Куан Ю мек­тебінің аға ғы­лы­ми қыз­­­­­­мет­кері Параг Хан­на, «Ас­тана» қаржы орта­лы­­ғының бас­қару­шысы Қай­­рат Келім­бетов, АҚШ-тың «Еу­разия» қоры кеңе­сінің мүше­сі Арюна Нам­сраи, Қы­тай­дағы қосы­лу жә­не жұтылу нарықтары қауымдастығының төрағасы Ванг Вей, Ресейдің «Сбербанк» бас­қарма­сы­ның төрағасы Герман Греф енген. 
Бұдан әрі де төрт жалпы отырыс болады деп күтілуде. «Ақи­қаттың жеңетін уақыты бола ма?» деген төртінші оты­рыстың модераторы болып Катардың «Әл-Жазира интернейшнл» телекомпаниясының жүргізушісі Джейн Даттон белгі­ленген. Спикерлер қата­рында Қазақстанның Ақ­парат және коммуникациялар ми­нистрі Дәурен Абаев, Ұлы­­брита­нияның «Trafalgar Strategy» теле­ар­насының негі­зін қалау­­шы Джай­лс Кенингам және басқалар бар. 
Барлық отырыстардың тақы­рыптары да адамзат тағ­дыры үшін өте өзекті мәселелерді қамтыған. Солар­дың ішінде бе­сінші отырыс­та қаралатын «Сирия дағдарысы: соғыстың аяқталар шағы бола ма?» деген тақырып та барынша маңызды екені даусыз. Бұл оты­рыс 24 маусым, сенбі күніне белгіленген. Онда Сирия пробле­масын шешудің саяси жолдары бар ма, кикіл­жіңге араласып отырған үл­кен державалардың арасында ымы­рашылдық бола ма деген сияқты мәселелер талқыға салынбақ. 
Отырыстың модераторы – Эдуард Шеварднадзенің не­мересі, Мәс­кеудегі халық­ара­лық RT («Russia Today») теле­арнасының жүргізу­шісі Со­фико Шеварднадзе. Ал спи­­керлер қатарында Түр­кияның экс-президенті Абдолла Гүл, Қа­зақстанның Сырт­қы істер минис­трі Қайрат Әбдірахманов, Израиль ұлттық қауіпсіздігі ғылыми-зерт­теу институтының қызметкері Гилад Шер, Иранның Таяу Шы­ғыс стра­тегиялық зерттеулер институтының директоры Кайхан Барзегар және т.б. болады. 
6-8 отырыстар да осы, сенбі күніне белгіленген. Олар­дың та­қы­рыптары бейбіт өмірге, экономи­калық даму проблемаларын қамтуға бағыт­талған. Соның ішінде алтыншы отырыстың тақырыбы – «Капитал, еңбек және интеллект – ертеңгі күннің үш киті» деп аталса, жетінші отырыс «Цифрлық төңкеріс» тақы­рыбын қамтыған. Ал соңғы отырыстың тақырыбы «Жай­лы жаһандағы өмір» деп аталады. 
Бұл отырыстардың моде­раторлары мен спикерлері де азуын айға білеген саясаткерлер, публицистер және халықаралық көзқарасты қал­ып­тастыруға ықпал етіп жүрген атақты ме­диалардың басшылары. Мәселен, Ресейдің ИТАР ТАСС ақпарат агенттігі бас ди­рек­торының бірінші орынбасары Михаил Гусман, АҚШ-тың экс-конгрессмені Дон Бонкер және т.б. 
Сөйтіп, елімізде тағы бір халықаралық маңызды шара өзінің есігін кезекті рет ашқалы отыр. Онда айтылған әлемдік озық ойлар мен пікірлерді қазақстандық жас журналистер мен саясаткерлердің естіп-білуі өздері үшін үлкен табыс болары сөзсіз. 

Жақсыбай САМРАТ, 
«Егемен Қазақстан»