ЭКСПО көрмесі аясында өткен Цзянсу провинциясы апталығының ашылу күнінде Қазақстан мен Цзянсу өңірі бизнес-қоғамдастықтары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Қытай бизнес форумы болып өтті. Форум жұмысына 200-ден астам делегат қатысты. Оның ішінде Цзянсу провинциясының вице-губернаторы Чэнь Чжэньнин, ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Чжан Ханхуэя бастаған қытайлық іскер және саяси топтардың өкілдері бар. Цзянсу провинциясы ҚХР-дағы экономикалық және әлеуметтік даму жағынан алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан өңірлердің бірі. 2016 жылы провинцияның ІЖӨ көлемі 7 608,6 миллиард юаньды құрады. Экономика көлемі жағынан провинция елдегі екінші орынды тұрақты иеленіп келеді. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 95 259 юаньға жетіп, бұрнағы жылдармен салыстырғанда 7,5 пайызға артты. Бұл провинция ҚХР-дың «Бір белдеу – бір жол» жобасына белсенді түрде қатысып, көне Жібек жолында орналасқан елдерге инвестиция салуда алдыңғы қатардан көрінуде. 2016 жылы провинция Жібек жолы бойында орналасқан 64 елдің 54 еліне инвестиция салды. Олардың қатарында Индонезия, Сингапур, Камбоджа, Таиланд және Пәкістан бар. Провинция салған жалпы инвестиция көлемі 5,7 миллиард АҚШ долларын құрап отыр.
Жаңғырмалы энергетиканы дамыту саласында Цзянсу провинциясы ел көлемі бойынша көш бастап келеді. Мұнда күн, жел және су энергетикасын дамыту мақсатында жүйелі де көлемді жобалар іс жүзіне асырылуда. ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өткен бизнес-форум барысында жаңғырмалы энергетиканы одан әрі дамыту мәселелері жан-жақты сөз болды. Форум жұмысында сөз сөйлеген Цзянсу вице-губернаторы Чэнь Чжэньнин қытайлық «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы мен қазақстандық «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы идеяларының серпінді дамуына Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің ба-ламасыз алаң болып отырғандығын атап көрсетті. Өз кезегінде осы форумды ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан Инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің бас директоры Айдын Байеділов және Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен екі ел кәсіпкерлерінің арасындағы осы ынтымақтастық байланыстың экономикаға үлкен тиімділік әкелетіндігін тілге тиек етті.
Қытай павильонындағы Цзянсу провинциясы апталығының ашылуына байланысты өткен салтанатты жиын сол өңірден арнайы келген өнер шеберлерінің концертіне ұласты.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»