Қазақстан • 21 Маусым, 2017

Ембіде жаңа қондырғы іске қосылды

356 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Атырау облысындағы ен­шілес кәсіпорны – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы Про­р­ва кен алаңында ілеспе газды кешенді дайындау қонд­ыр­ғысын іске қосты. Тұсаукесер шарасына «Қаз­МұнайГаз» ұлт­тық компаниясы» акционерлік қоғамының бас­қарма тө­ра­ғасы Сауат МЫҢБАЕВ, «ҚазМұнайГаз» Бар­лау Өндіру» ак­ционерлік қоғамы бас директоры Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ, жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысты.

Ембіде жаңа қондырғы іске қосылды

Жаңа қондырғы Жылыой ауданы аумағында орналасқан Прорва кен алаңындағы ілеспе газды тазартуға арналған. Оның құ­рылысы 2014 жылдың жаз мау­сымында басталған болатын. Қуа­тына келер болсақ, жылына 150 миллион текше метр газ өң­деу­ге қауқары жетеді.
– Алдымен, еліміздің дамуы­на өз үлестерін қосып жатқан ком­­пания басшылығы мен ұжы­мы­на алғыс білдіре отырып, ке­ліп жеткен 95 жылдық мерейтоймен шын жүректен құт­тық­таймын. Бір сәт тарихқа көз жү­гіртер болсақ, сонау 1899 жы­лы Жылыой ауданындағы Қарашүңгіл кен орнында қазақ мұнайының тұңғыш бұрқағы атқылаған болатын. «Қара алтын» тарихы осы аймақтан бас­талады. Соның ішінде, мұ­най­лы Ембі отандық мұнай кә­сіп­шілігінің негізін қалады де­се болады. Бүгінде ол нарық қи­ын­дығына қарамастан, аяғына тік тұра білді. Жұмыс барысына жа­ңа технологиялар енгізілуде. Со­ның айқын көрінісі, бүгінгі ілес­пе газды кешенді дайындау қон­дырғысының іске қосылуы. Сөз жоқ, бұл – ірі жоба. Өздеріңіз жақ­сы білесіздер, бүгінгі заман – тех­нология дәуірі. Жаңалықсыз, жа­ңа технологиясыз өндіріс алға баспайды. Бүгін салтанатты түрде ашылып отырған жаңа қондырғы – ғасырдан астам өнім өндіріп келе жатқан Ембі өн­ді­рісінің соны жаңалығы. Онда қоршаған ор­таға қауіпсіз тың техно­логия қолданылады. Яғни, зиянды қалдықтар бөлінбейтіндей етіп күкіртті сутекті жоюдың тиім­ді тәсілі қолданысқа енбек.  
Екіншіден, үш түрлі өнім шы­ға­рылып, ол көрші аймақтарға та­сы­малданатын болады. Ендеше, жаңа ұжымға сәтті бастама тілей отырып, аз уақыттың ішінде ол бай тәжірибе мен білікті мамандар арқасында зор мақсаттарға жетеді деп сенім білдіремін, – деп атап өтті құттықтау сөзінде Сауат Мұхаметбайұлы.  
Жаңа жобаның құндылығы сол, түйіршікті күкірт өндіру үшін елімізде тұңғыш рет қыш­қыл газдарды күкірт­тен тазартуға арналған «MERICHEM» фирмасының па­тент­телген «LO-CAT» тех­но­­­логиясы қолданылатын бо­ла­ды. Америка Құрама Штат­та­рында дайындалған заманауи қондырғының әлемде қа­зір 160-ы жұмыс істеп тұр. Бұл технология экологиялық жа­ғы­нан таза, әрі, құрамында ток­си­калық химикаттар жоқ. Ол кү­кірт қышқылын жоюда жоғары ти­ім­ділікті қамтамасыз етеді. Газ дайындау үрдісі толықтай ав­то­­маттандырылған. Өндіріс ба­­рысында қауіпті оқиғалардың ал­­дын алу шаралары толықтай қа­растырылған.   
− Бүгін біз үшін өте ма­ңы­з­-
­ды күн. Өйткені, осындай игі бас­таманың жүзеге асуы ком­па­нияның 95 жылдық мерейтой­ы­-
мен тұспа-тұс келіп отыр. Ға­сыр­дан астам уақыт бойы Ембі өңі­рі ұлттық экономикамыздың дамуына және мұнайлы өңір­дің әлеуметтік саласының тұрақ­та­нуына үлкен үлес қосып ке­леді. Жұмысшылар тұрақты жа­ла­қымен және қомақты әлеу­мет­тік көмекпен қамтылған. Ком­панияда жаңа технология­лар енгізіліп, геологиялық-бар­лау жұмыстары жандануда. Ал, жаңа қондырғы жөнінде ай­тар болсақ, ол толық жобалау қуатына көшкенге дейін ал­дағы екі ай бойы кешенді іс­ке қосу жұмыстары жүретін бо­лады. Содан кейін алауды то­лық сөндіретін боламыз, – деп мәлім етті салтанатты шарада «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ануар Жақсыбеков.   
Жобаның бас мердігері – «Кер­неу Лимитед» жауап­кер­ші­лігі шектеулі серіктестігі. Оның жалпы құны 35 млрд теңгені құрайды. Сонымен бірге, қондырғының құрылысы кезінде мердігер мекемелер 500-ден астам уақытша жұмыс орнын ашты. Ал, ол толықтай іске қосылған мезгілде, жүзге тарта тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оған тартылатын жұмыс күші – осындай ірі жобаларда жұмыс жасаған тәжірибесі бар қазақстандық жас мамандар. 
Бұл ретте біз осындағы ұжым мүшелерінің, яғни жұмысшы мамандардың пікірін білдік.
− Бұл жобаның тек ұлттық компания үшін емес, жергілікті халық үшін де пайдасы зор. Қондырғы толық іске қосылған соң, алау толығымен сөнеді. Жаңа құрылғы күкірт сутегін зиянсыз затқа айналдырады. Ілеспе газ қысымға алынып, одан жоғары сапалы күкірт (99,99 пайыз) алынады. Сайып келгенде, жыл сайын 100 млн текше метр тазартылған құрғақ газ бен 4 100 тонна тұрақты газ конденсаты және 2700 тонна түйіршіктелген күкірт алынып тұрмақ. Бұл үш өнімді халық өз кәдесіне жарататын болады, – дейді зауыт инженерлерінің бірі Қайрат Байсадықов.
Сонымен, ірі жобаның іске қосылуы нәтижесінде заманауи технология көмегімен тауарлық газ, түйіршіктелген күкірт және газ конденсаты шығарылмақ. Сөйтіп, «Толқын» кеніштік газ құбырымен Маңғыстау облысына көгілдір отын тасымалдау жоспарланып отыр. Тұрақты газ конденсаты жеке қажеттіліктерге пайдаланылса, түйіршікті күкірт – ішкі және сыртқа нарыққа сатылымға шығарылады. Тағы бір маңызды нәрсе, қондырғы арқылы мұнай өндірісін молай­туға болады.
Ал, жұмысқа жаңадан қабыл­дан­ған жас маман, химия­лық тал­дау зертханасының лаборанты Гүлжан Нұрбергенова соны бағыттағы қондырғының іске қосылғанын осы жердің түлегі ретінде мақтан ететінін айтады. 
− Мен Жаңа Қаратонда туып-өстім. Кейін Ақтөбе мұнай-газ колледжінде білім алып, оны Алматыда жалғастырдым. Оқуымды үздік көрсеткішпен бітіріп, туған жеріме оралдым. Қазір Сағидолла Нұржанов кен орнында газ сапасын бақылап, одан алынатын өнім құрамын тексерумен айналысамын. Әсіресе, адам денсаулығы үшін қауіпті саналатын күкірт сутегі мен меркаптан химиялық заттарының құрамын жіті қадағалап отырмаса болмайды. Осында жеті адам еңбек етеміз. Жақында Татарстанның Альметьевск қаласында іс-тәжірибеден өтіп, біліктілігімді арттырдым. Қазақ елі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің ішінде алғаш болып осындай жетістікке қол жеткізіп отыр. Игі бастаманың қазыналы өңірден бастау алып жатқаны қуантады, – дейді ол бізбен әңгімесінде.  
Айта кету керек, ілеспе газды тазалау бағдарламасы аясында 2014 жылдан бастап компанияға қарасты қос кен орнында ілеспе газды кәдеге жарату қондырғысы іске қосылған болатын. Оның бірі – «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Салтанат Балғымбаев кен алаңы болса, екіншісі – «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Шығыс Мақат кеніші. Бұл қондырғылар бүгінгі таңда облысымыздың үш аудан тұрғындарын көгілдір отынмен толықтай қамтамасыз етуде.  Демек, қолжетімді бағамен дайын өнім ұсынып отыр деген сөз.
Газ дайындау және күкірт алу цехының инженер-технологі Мәди Бек те  осындағы білікті жас мамандардың бірі. Ол жаңа қондырғының қарапайым халыққа берері мол деп есептейді. 
− Газ дайындау кешенінде ілес­пе газдан үш түрлі өнім алы­нады. Тауарлы газ халық игі­лігіне жаратылса, бензин кон­денсаты мұнай көлемін артты­руға септігін тигізеді. Ал, түйіршіктелген күкірттің ауа­ға таралу қаупі мүлде жоқ деу­ге болады. Бір ерекше атап өтер­лік жайт, газ құрамындағы күкіртсутек көлемі қалай өзгерсе де, өзге зауыттардағыдай жұмыс тоқтатылып қалмайды, жалғаса береді. Тың жабдық жасалмас бұрын әдейі осы мәселе ескерілген болатын. Осылайша, ауаға бөлінетін зиянды қалдық­тар­ды азайтып, мейлінше жоюға мүмкіндік алып отырмыз, − дейді ол.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ