Қазақстан • 21 Маусым, 2017

Қазақстанда халықтың 77 %-ы цифрлық эфирмен қамтылды - Абаев

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халыққа есеп беру кездесуінде айтты.

Қазақстанда халықтың 77 %-ы цифрлық эфирмен қамтылды - Абаев

- Министрлік осыдан бір жыл бұрын құрылды. Елбасы бастамасымен бірқатар міндеттер қойылғаны белгілі. Өз кезегінде министрлік ауқымды шараларды жүзеге асырды. Атап айтар болсақ, «OTAU TV» пакеті арқылы "Хабар", "Қазақстан", KazSport телеарналары HD форматында жұмыс істей бастады. Аналогты хабар тартудан біртіндеп цифрлық хабар тарату жүйесіне ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір халықты цифрлық эфирмен қамту 77 пайызға жетті, -деді министр Дәурен Абаев.

Министрдің сөзінше, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында цифрлық эфирмен қамту жұмыстары толық аяқталған. Ел аумағының қалған бөлігін цифрлық эфирмен қамту жұмыстары 2018 жыл соңына дейін аяқталатын болады.

«Аналогтық хабар таратудан біртіндеп цифрлық хабар таратуға көшу жұмысы белсенді жүргізілуде. Шалғай аудандар тұрғындарының сапасы төмен 3-4 арнаға ғана қолы жетімді болған кездер бүгінгі күні артта қалды», - деді ол.

Министр өз сөзінде отандық спутниктің телевизия абоненттерінің саны 1 млн. 300 мыңға жақындағанын атап өтті.

«Бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, қазір көрермендеріміз отандық  спутниктік телевизияға басымдық беріп отырғандығын сеніммен айтуға болады. Сондай-ақ халықаралық  тәжірибе мен оқырмандардың қалауын ескере отырып, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда»  газеттеріне редизайн жүргізілді. Қазір бұл газеттер толық түрлі-түсті форматта шығуда. Сонымен қатар олардың сайттары да үлкен жаңғыртудан өтіп, ықпалды  ақпарат ресурсына  айналды», - деді Дәурен Абаев.

Ая Өміртай,

"Егемен Қазақстан"