Аймақтар • 21 Маусым, 2017

БҚО-да Ақбөкен аулаған қылмыстық топ қолға түсті

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауылында дүйсенбі күні құқық қызметкерлері бірнеше үйге тінту жүргізіп, екі адамды тұтқындаған. Бұл жайында БҚО Ішкі істер департаменті Тергеу басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Махамбет Темірбаев мәлімдеді.

БҚО-да Ақбөкен аулаған қылмыстық топ қолға түсті

Жедел іздестіру шаралары бір мезгілде Қазталов және оған көршілес бірнеше ауданда қатар өткізілген. Қазталов ауылының өзінде 15 нысан тінтілген. «Браконьерлер бұлтартпас айғақтармен ұсталды» дейді полиция қызметкерлері. Әттегенайы, «қызыл кітапқа» енген киелі жануарды қырып жүрген қылмыстық топтың құрамында аумақтық «Охотзоопром» мекемесінің бас инспекторы да болуы мүмкін деген күмән бар. «Қасқырға қой бақтыру» деген осындай-ақ болар.

Тінту барысында 272 дана киік мүйізі табылып, бес мылтық, 1 газды тапанша, 134 дана оқ-дәрі тәркіленген. Браконьерлердің арсеналынан бірнеше дүрбі, аңшы пышағының неше түрі, жүзіне қан қатқан аралар, 18 ұялы телефон, тығулы бірнеше автокөлік нөмірі табылды. Еңгезердей «Тойота Ланд Крузер-100» көлігінің үшеуі, «Митцубиши Монтеро Спорт» және «Рено Дастер» көлігі, 1 млн 120 мың теңге ақша алынды. Жедел іздестіру шаралары кезінде «Ақболат» қыстауының маңынан атылып, мүйізі кесілген 3 киік денесі табылған.

Әзірге белгілісі, топ құрамындағы 5 адам анықталған. Оның екеуі Қазталовтағы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Басқа да күдіктілердің қылмысқа қатысы тексерілуде.

Айта кетейік, Ақтөбе мен Торғай даласындағы былтырғы қырғыннан кейін Қазақстанда ақбөкен саны күрт азайып кетті. «Бүгінде елімізде небәрі 100 мыңнан сәл асатын киік қалса, оның 70 пайызы Батыс Қазақстан облысы аумағында» дейді мамандар.

Осыдан біраз бұрын өңірдегі құқық қызметкерлері заңсыз киік аулау фактілерінің жиілеп кеткенін айтып, дабыл көтерген еді. Құқық қорғау органдарының дерегінше, соңғы үш жыл ішінде киіктің 248 ұшасы, 1117 мүйізі алынып, 558 киік атылып алынғаны анықталған.

Ең сорақысы, қылмысты құрықтауы тиіс тәртіп сақшыларының өздері де оңай олжаға кетәрі емес болып тұр. Киік мүйізіне қатысты қылмыспен тергеуші Д.Мұқанов ұсталып, «полиция майоры» шенінен айрылып, 2 жыл 6 айға бостандығы шектеліп сотталды. Өткен жылдың 14-қараша күні таңғы сағат 7-де Бөкей ордасы ауданы Саралжын ауылдық округі аумағынан «Охотозоопром» инспекторлары тоқтатқан 820DVA07 нөмірлі «Нива» автокөлігінен ақбөкеннің 7 текесі мен 2 ешкісі шықты, осы көлікте Бөкей ордасы аудандық ІІБ учаскелік инспекторы Д.Әшімов болған!

Заңсыз киік аулаушыларға қолданылатын заңның солқылдақтығы да көптен әңгіме болып келе жатыр. Қолға түскен қылмыскерлер көбіне айыппұлмен, шартты жазамен құтылады. Ал Қазталовта тұтқындалған бүгінгі топ мүшелеріне ең қатаң жаза берілсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін дейді мамандар. Оны уақыт көрсетеді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан"

Батыс Қазақстан облысы

Суреттер операция кезінде түсірілген бейнежазбадан алынды