Қазақстан • 21 Маусым, 2017

2016 жылы «Қазақстан» мен «Хабар» телеарналары 16 сериал түсірді

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр «Қазақстан» мен «Хабар» телеарналары 16 сериал түсірді. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесуінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты.

2016 жылы «Қазақстан» мен «Хабар» телеарналары 16 сериал түсірді

Дәурен Абаев министрлік отандық ақпарат құралдарының халық үшін тартымдылығын арттыру жұмысын жүйелі жүргізіп жатқанын атап өтті. 

«Соның ішінде мемлекеттік телеарналар бойынша үлкен шаралар жүзеге асып, телеөнімдердің сапасы артты. Атап айтқанда, «Kazakh TV» мен «Білім және мәдениет» телеарналары «Kazakh TV» атауымен біріктірілді. Телеарна контентінің елдегі және шетелдегі көрермендердің қызығушылығына сай келуіне мүмкіндік берілді. Форматы өзгеріп, жаңа арнаға айналған «Хабар 24» маңызды ақпараттарды қалың көрерменге жедел әрі сапалы жеткізуде", деді министр. Сондай-ақ Дәурен Абаев «Қазақстан» мен «Хабар» телеарналарында да мазмұнды өзгертулер жүргізіліп, телеарналар талдау форматына көшкенін атап өтті. "Өткен жылы «Қазақстан» мен «Хабар» телеарналары 16 сериал түсірді, олардың арасында «Әке», «Анаға іңкәр жүрек», «Ақылдың кілті» сияқты сәтті жобалар бар. Бірқатар отандық сериалды көрші мемлекеттер де тамашалауда. Биылғы жылдан бастап «Отау ТВ» спутниктік оператордың пакетіне «Қазақстан» және «Қазспорт» телеарналары НD форматында көрсете бастады", деді министр. 

Баяндама барысында Дәурен Абаев осы жылдың наурыз айында алтын қорымыздағы отандық фильмдерді көрсететін «Ел арна» атты жаңа арна іске қосылғанын атап өтті. Оның айтуынша, телеарналарымызға халықтың қызығушылығы бұрынғыдан қарағанда арта түсуде. Сондай-ақ министр Қазақстанның бірқатар өңірінде Қазақ радиосы, Шалқар радиосы толық ұстамайтынын айтып, осы жылдың соңына дейін бұл олқылықтың орнын толтыру үшін қажетті жұмыстар атқарылатынын айтты. 

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"

Суретті түсірген Ерлан Омаров,

"Егемен Қазақстан"