Қазақстан • 21 Маусым, 2017

«Өгей жүрек» кітабы орыс тілінде жарыққа шықты

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда «Фолиант» баспасының ұйымдастыруымен өткен «Eurasian Book Fair-2017» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің аясында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжанованың «Мое чужое сердце» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.

«Өгей жүрек» кітабы орыс тілінде жарыққа шықты

 Аталған кітап еліміздің бас кардиохирургы, елордадағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» акционерлік қоғамының басшысы Юрий Пяның жетекшілігімен жасалған жүрек алмастыру отасының 5 жылдығы қарсаңында «Өгей жүрек» деген атпен басылып шыққан болатын.  Ал, бұл жолы  Ғұсман Төлеғұлдың аударуымен орыс тілінде «Фолиант» баспасынан жарық көріп отыр. Кітаптың демеушілері – Қазақстандағы корейлер ассоцациясы мен Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары. Бұл туралы кітаптың тұсаукесерін жүргізген Қазақстан халқы Ассамблеясының жауапты қызметкері Нәзипа Шанай баяндады. Ал, орыс тілінде жұртшылыққа жол алған туындының тұсауын Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев пен «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя кесті.

   Жазушы Сәуле Досжанованың бұл жинағына үш хикаят пен әңгімелері енгізілген. Кітап атын иеленген «Өгей жүрек» хикаяты туралы бірер сөз.   2012 жылы елімізде алғаш рет жүрек трансплантациясы, яғни, жүрек ауыстырып салу отасы жасалғаны белгілі. 46 жастағы Воротникова Галина есімді әйел инсульт алып, ми өлімімен Астана ауруханасына жеткізілгенде, дәрігерлер оны ңжүрегі мен бүйректерінің қалыпты жұмыс істеп тұрғанын анықтайды. Ол органдарды сол кезде жүрек дертінен зардап шегіп жүрген Жәнібек Оспанов пен бүйрек ауруына шалдыққан Евгений Курцқа беру туралы ұсыныс айтылып, осы күрделі ұсынысқа марқұмның ұлы 21 жастағы Игорь көп ойланған соң келісімін береді. Бұл тұңғыш отаны әйгілі кардиохурург Юрий Пя мен оның бірінші орынбасары Махаббат Бекбосынава жасайды. Міне әйгілі кардиохирургке арналып жазылған «Өгей жүрек» хикаятына осы оқиға арқау болған. Хикаятта негізінен  өзгенің жүрегін иеленген Жәнібектің жан толғанысы мен жаңа өмірі хақында сыр шертіледі.

   «Мое чужое сердце» кітабының тұсаукесеріне жиылған көпшілік осыдан бес жыл бұрын өткен оқиғаға қайта бір әсерленді. Кітабы орыс тілінде жарыққа шыққан жазушыны құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан»