Білім • 21 Маусым, 2017

Риддерде «Серпін» жобасының 22 бітірушісіне диплом тапсырылды

274 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Серпін-2050» бағдарламасы аясында Риддер қаласына еліміздің Оңтүстік өңірлерінен (Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы облысы, Қызылорда облысы) 20-дан астам студент келген-ді.

Риддерде «Серпін» жобасының 22 бітірушісіне диплом тапсырылды

Кеше осындағы аграрлы техникалық колледжді бітіріп шыққан 22 түлекке диплом тапсыру салтанатты өтті. Салтанатты шара басталмас бұрын Астанадан Білім және ғылым министрлігінен, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ «Серпін» ұлттық жобалар басқармасынан, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен арнайы келген қонақтар республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен бірге прес-тур аясында «Қазцинк» ЖШС Риддер металлургиялық кешені мен Риддер аграрлық колледжін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл екі нысанның да серпіндіктерге тікелей қатысы бар. Жиырма екі студент колледжде үш жыл бойы білім нәрімен сусындаса, соның 7-уі 8 ай Риддер металлургиялық кешенінде өндірістік тәжірибеден өтіп, қазіргі уақытта осында жұмысқа қабылданып отыр.

Бүгінде техник-металлург мамандығы бойынша аталған кешенде еңбек етіп жатқан Алматы облысының тумасы Мирас Қайдаров Риддердегі үш жылдың қызықты өткенін, өздеріне барлық жағдайдың жасалғанын айтады. «Қала халқы бізді құшақ жая қарсы алды. Колледждегі ұстаздарымызға, шаһар басшылығына үлкен алғыс айтамыз. Қазір металлургиялық кешенде өз қатарластарыммен бірге жұмыс істеп жатырмын», - дейді ол. Мирастың қатарластарының бірі Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласынан келген Ғалымжан Бегалы: «Біз мұнда ең алдымен тәжірибеден өттік, тәжірибе кезінде әрқайсымызға қолдау ретінде 90 мыңнан бастап 110 мың теңгеге дейін ақша төленді. Әрине, әуелде тіл жағынан аздаған қиындықтар болды. Бірақ осындағы қызметкерлер түсіністікпен қарап, білгендерін үйретті. Ұжымымыз жақсы. «Қазцинк» секілді алпауыт кәсіпорында еңбек етіп жатқанымызға қуаныштымыз» деп ағынан жарылды. Тегін жатақханамен, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген жастар әуелде ауа-райының суықтығынан сескенгенімен, бағдарлама аясында оларға қыс мезгілінде жылы киімдер беріліпті.

   Елордадан келген қонақтар мен журналистер жылы жақтың ұлдары мен қыздары білім алған колледжді асықпай аралағаннан кейін «Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік жобасының «Серпін» дамыту бағдарламасын енгізу болашағы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты. Дөңгелек үстелді ашқан Риддер қаласы әкімінің орынбасары Данияр Дүйсембаев колледжді бітірген 22 түлектің бірі жоғары оқу орнына түсетінін, бірі әскер қатарына алынатынын айтып, «Қазцинк» компаниясына қарасты Риддер металлургиялық кешені тағы да 7 студентті (7 студенттің жұмысқа қабылданғанын жоғарыда айттық) жұмыспен қамтуға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар қазіргі уақытта қалған 6 қыз балаға жұмыс іздестіріліп жатқанын, бұл мәселе жуық арада шешімін табатынын тілге тиек етті.

Риддерде білім алған 22 студенттің алды отбасын құрып та үлгеріпті. Соның бірі – Алматы облысынан келген студент Елдан Болатұлы. Оның жұбайы Кристина да осы колледжде орманшы мамандығы бойынша білім алыпты. «2014 жылы осында оқуға түстім. Болашақ жұбайыммен сол жылы танысып, бір жарым жылдан кейін отбасын құрдық. Кішкентайлы болдық. Алла сәтін салса, осы қалада еңбек етсем деген ойым бар», - дейді жетісулық студент.

Серпіндіктердің арасында көңіл жарастырып, отбасын құрған жастардың қатары аз емес. Бұған дейін 16 бозбала мен бойжеткен шаңырақ көтеріпті.       «Бұл - біздің 17-інші немере», - дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ «Серпін» ұлттық жобалар басқармасының басшысы Күлзия Тобатаева.

Риддер аграрлы техникалық колледжінде өткен шара барысында «Серпін» ұлттық жобалар басқармасының басшысы 8 студентке қызыл диплом және бірқатар студенттерге Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің алғыс хатын тапсырды. Мұндай алғыс хат осы істің басы-қасында жүрген Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратовқа, оның орынбасары Данияр Дүйсембаевқа, Риддер аграрлы техникалық колледжінің директоры Александр Самойленко мен облыстық Ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» директоры Арайлым Есімбековаға да табыс етілді.

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы