Жетісулық таланттарды қолдау мақсатында қолға алынған игі бастама жергілікті жас ақындар мен жазушылардың өнерін насихаттауға бағытталған. Өлең өлкесінде өзіндік өрнегін қалыптастырған ақын Ерлан Жүністің «Арманшыл таңның бұлттары» атты өлеңдер жинағы, тағы да бір Жеісулық талант иесі Жангелді Немеребайдың «Қар гүлі» кітабы, сондай-ақ, танымал журналист Есболат Айдабосынның проза саласындағы алғашқы жинағы «Сүлікқара» деген атпен жарық көріп оқырмандарын қуантты. Осы серия бойынша шыққан екі бірдей альманахты да айтпай кетуге болмас. Алғашқы кітап «Жетісудан құйылған жылғалар» деп аталады. Бұл жинаққа 45 жасқа дейінгі 34 жазушының еңбегі енген. Келесі кітап «Тау мен Өзен жырлары» деген атпен жарық көрді. Бұл кітапта поэзияда өзін танытып үлгерген адуынды ақындармен қатар жыр әлеміне енді аяқ басқан он сегіз бен қырық бес жас аралығындағы барлығы 87 ақынның өлеңдері топтастырылған. Қаламгерлердің қадамына құт, қаламына қуат тілеп келген облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қуат Қайранбаев, белгілі журналист Гүлзейнеп Сәдірқызы, «Айқын» республикалық басылымының тілшісі ақын Есей Жеңісұлы, жазушы Мадина Омаровалар салтанатты түрде су жаңа кітаптардың тұсауын кесті. Тың туындылардың тұсаукесер рәсімі поэзия кешіне ұласып, жинаққа өлеңі енген қыз-жігіттер алма-кезек жыр оқыды.
– Бұл заманда кітаппен ешкімді таңғалдыра алмайтын заман. Дегенмен, соңғы кезде пайда болған тенденция 2000 жылдардың басындағы шөпті де шөңгені де мемуар қылып жазатын үрдіс тоқталып, бүгінгі кітаптың аты сияқты сүлікқаралар сүзіліп шығатын шақ туды. Жергілікті билік өкілдерінің талант иелеріне қолдау көрсетуі қуантарлық жай. Себебі, қазіргі таңда мемлекеттік тапсырысқа ілігу оңай емес. Сенаттағы жаңа заң мақұлданса қаламгер жігіттердің қарымы асып, қанатын жазып шабады деп үміттенеміз, – дейді кітаптың тұсаукесер сәтінде сөз сөйлеген Есей Жеңісұлы.
Жамбыл атындағы кітапхананың қызметкері Ғазиза Құдайберген аталмыш кітаптардың оқырмандар тарапынан жоғары бағаланғанына тоқтала келіп, бұл бастама тек қала мен облыс шеңберінде ғана емес «Атырау-Алтай» арасы жобасымен республикамыздың әр аймағында жарық көрген ақын-жазушыларымыздың кітаптарының тұсаукесерін Алматыда өткізудің дәстүрге айналып келе жатқанын айтты. Себебі, шығармашылық иелерінің өнеріне баға беріп, олардың танылуына ықпал ететін негізгі үлкен әдеби орта Алматыда қалыптасқан.
Облыс әкімінің қолдауымен жарық көріп отырған проза мен поэзия антологиясында қос бірдей әріптесіміз «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Алмас Нүсіп пен газетіміздің Алматыдағы тілшілер қосынының тілшісі Бағашар Тұрсынбайұлының да еңбектері енген. Әдебиет әлеміне ат байлаған азаматтарды құттықтап, Жетісудан аққан жылғалар айдын-көлге айнала берсін деген тілек білдіреміз.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген: Нұрманбет Қизатұлы.
АЛМАТЫ