Астана халықаралық әуежайына Н.Ә.Назарбаевтың есімін беру туралы шешім Елорданың 20 жылдығы қарсаңында қабылданып отыр. Мемлекет басшысының Астананы көшіру туралы стратегиялық шешімінің маңызы зор. Жиырма жыл бұрын Президенттің бұл шешімнің мән-мағынасын тіпті Елбасының қасында жүрген әріптестері де түсіне қоймаған еді. Алайда, Елбасының мықты ерік-жігерінің арқасында еліміздің стратегиялық мүддесіне сай батыл шешім қабылданды.
Астана шын мәнінде әлемдік брендке айналды. Елордамызда жаһандық саясатқа тікелей ықпал ететін халықаралық форумдар жиі өтеді. Елбасының тапсырмасы бойынша Астанада әлемдік сәулет өнерінде баламасы жоқ ғимараттар салынды. Президент инфрақұрылым нысандарына ерекше көңіл бөліп, жоғары талаппен қарайды. Бірінші кезекте, ол Астана мен бүкіл еліміздің бет-бейнесі болып табылатын әуежайға да қатысты болып отыр. Таяуда күрделі жөндеу, жаңғыртудан өткен біздің әуежай жаңа келбетке ие болып, Елорда мәртебесіне толықтай сай болды.
Астана – инновациялық және жоғары технологиялық жетістіктерге ие жоба екені ақиқат. Ғылым мен жоғары технологияның үздік жетістіктері қойылған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі соның айқын дәлелі.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көркейген мемлекет – Қазақстан Республикасының негізін салған тұлға ретінде әлемдік тарихқа енді. Әлемдік деңгейдегі саясаткер, ядролық қаруға қарсы жаһандық көшбасшы ретінде Елбасын шетелдерде жақсы біледі және құрметтейді. Әлемдік саясат пен экономика мәселелері бойынша Қазақстан көшбасшысының пікірімен барлық мемлекеттердің басшылары санасып отыр.
Астана әуежайына Президент Нұрсұлтан Назарбаев есімінің берілуі әділ әрі дұрыс шешім болды. Бұл шараны барша қазақстандықтар да, шетелдіктер де қолдайтынына сенемін.