– Замир Садықұлы, биыл қар әдеттегіден қалың жауып, жұмысшыларды біраз әбігерге түсірген сыңайлы. Маусымды қалай аяқтадыңыздар, жұмыстың тоқыраған, тұралаған кезі болды ма?
– Жалпы, былтырғы жыл, берідегі қыс маусымы сәтті өтті деп айтуға болады. Қыс бойы 2,2 млн текше метрден астам қар шығарылды. 475 тонна реагент қолданылды. Күн сайын 600-ден астам техника мен 750-ден артық жол жұмысшысы қаланы ақ қар, көк мұздан тазалады. Иә, ақпан мен наурыздың басындағы қарлы жауын кезінде жұмысшыларға біраз салмақ түсті. Қазірдің өзінде шамамен 200-ге жуық қызметкер түнгі ауысымда жұмыс істейді. Алдымыз жаз болған соң, жол жұмысшыларының саны 450–550 адамға қысқарады. Мекеменің теңгерімінде 418 техника бар, жетпеген, қосымша техникаларды мердігерлерден жалға алдық. Ол көліктер де күн-түн тоқтамай, жолға шықты. Айта кеткен жөн, біз тек қаланың 32% аумағын қамтамасыз етеміз. Ең негізгі, орталық көшелердің тазалығына біз жауапты болсақ, шағын көшелерді тазалайтын бөлек компаниялар бар. Жалпы алғанда, кейінгі 3–4 жылдың көлемінде қар тазалау, коммуналдық қызмет көрсету саласында айтарлықтай ілгерілеу бар. Еңбегімізге ел-жұрт оң бағасын беріп жатыр.
– Коммуналдық мекеменің тірегі – жұмысшылар. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ынталандыруға қаншалықты көңіл бөлініп отыр?
– Астана қаласының тұрғындары алатын орташа жалақымен салыстырғанда мекеме қызметкерлерінің табысы төмен. Ал жұмыс жеңіл емес, қыстың суығына, жаздың аптап ыстығына қарамай еңбек етуге тура келеді. Соған қарамастан, қаладағы, елдегі басқа коммуналдық мекемелермен салыстырғанда бізге жұмысқа келуге талпынатындар көп. Соған қуанамыз. Қазір бізде жаяу жүріп, қолмен қоқыс жинайтын қызметкерлердің жалақысы шамамен 250–270 мың теңгенің шамасында. Бұл – медициналық сақтандыруға, зейнетақы қорына ұсталатын төлемдерді шегергендегі таза түсім. Бәлкім, өзге өңірдің тазалықшылары, тұрғындары біздегі жалақыны жақсы деуі мүмкін, алайда Астанада азық-түліктен бастап, жалпы күнкөріс қымбат. Аз жалақыны қала тұрғындары місе тұтпаған соң, амал жоқ жұмысшылардың шамамен 90%-ы іргелес ауылдардан келеді. Қарағанды облысының батысындағы Нұра, солтүстігіндегі Осакаров аудандарынан бастап, берідегі Қажымұқан, Қоянды, Талапкер сияқты ауылдардан жұмысшылар мекеменің шағын автобустарымен тегін қатынайды. Нағыз еңбек солардікі. Олардың басым бөлігі жұмысқа таң атпай 03.00-ден қамданады. Себебі тәртіп бойынша 06.00-де жұмысқа кірісу қажет. Бізде арнайы техника жүргізушілерінің ғана табысы жақсы, олар қыстыгүні 800 мың теңгеге дейін жалақы алады. Жұмысшыларды ынталандыру мақсатында бірнеше әлеуметтік шараны қолға алдық. Соның бірі – 80 орындық жатақхана. Оның бірінші қабатында 8 қызметтік пәтер орналасқан. Бұл нысан бұрын басқа мекеменің балансында болған. Кейін әкімдіктің қолдауымен бізге берілген соң, жөндеу жұмысын жүргіздік. Былтыр жыл соңында қызметкерлерге пәтер кілттерін табыстадық. Осыған қоса, бұрынғы орталық кеңсе ғимаратын қайта жөндеп, керек-жарағын түгендеп, пәтер ретінде қызметкерлерге үлестірдік. Ғимараттарды пәтер ретінде жөндеген соң, тұрмыстық техникаларын да түгендеп бердік. Жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту мақсатында бұдан өзге де нақты жұмыс жетерлік.
– Қызметкерлердің алаңсыз еңбек етуіне тағы қандай жағдай жасалған?
– Айталық, бұрын жұмысшылардың қыстыгүні жылынатын, жазда тынығып, тамақтанатын орындары ғимараттардың жертөлесінде орналасқан еді. Енді әкімдіктің қолдауымен бос тұрған ғимараттарды алып, жөндеп, тынығатын орындарды бірінші қабатқа көшірдік. Жұмысшылардың жуынып, тамақ істеуіне, жылынуына, тынығуына қолайлы сегіз орын сайладық. Яғни қаланың барлық ауданында осындай орындар бар. Осыған қоса, қыс айларынан бастап, сәуірге дейін жұмысшыларымызды ыстық тамақпен қамтамасыз еттік. Қызметкерлердің саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасадық. Бассейнге барып, спорт залында жаттығуға мүмкіндік қарастырылған. Былтыр қызметкерлердің 200-ден астам баласына жазғы демалыс ұйымдастырдық. Олар Бурабайда демалып қайтты. Мұндай бастамалар ұжымның ауызбірлігін нығайтып, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді, еңбек өнімділігін арттырады. Сондай-ақ қызметкерлер медициналық сақтандыру аясында тегін емделеді. Артықшылығы, медициналық көмек жұмысшының өздеріне ғана емес, отбасы мүшелеріне де қолжетімді.
– «Астана Тазалық» серіктестігінің былтырдан бері цифрландыруға, жасанды интеллект технологияларын енгізуге мықтап кіріскенін білеміз. Тәуекел деп коммуналдық салада алғашқылардың бірі болып жаңа, электронды жүйеге көштіңіздер. Нәтиже қалай, көңілден шықты ма?
– Бұрын барлық жұмыс қағаз жүзінде жүргізілетін. Бұл – жүйесіздікке, түрлі заңбұзушылыққа алып келетін. Соның ішінде жанар-жағармайды заңсыз пайдалану, яғни ұрлау жағдайы астыртын іске асатын. Электронды жол парағы осының барлығын тыйып, жүргізушінің заң бұзуына жол бермейді. Жүйе арқылы арнайы техниканың жұмысы нақты уақыт режімінде бақыланады. Техниканың қозғалыс бағыттары, орындалған жұмыс көлемі әрі материалдардың шығыны толық қадағаланады. Бүгінде жүйе 393 арнайы техникаға енгізіліп, нақты нәтижелерді көріп отырмыз. Мысалы, жол парағын рәсімдеу уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарды. Медициналық тексеруде адам факторы жойылып, техниканы желіге шығару қауіпсіздігі артты. Жанар-жағармай шығынын бақылау күшейді, отын деңгейін бақылау датчиктері мен бос жүрісті есепке алу арқылы жыл сайын 10%-ға дейін қаржы үнемделеді. Техниканы мақсатсыз пайдалану түгел дерлік жойылды, жұмыс тиімділігі артты. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмендеді. Нақты уақыттағы деректердің арқасында басқарушылық шешім қабылдау 15%-ға жеделдеді, «өтінім – орындау – акт» тізбегінің ашықтығы тәртіпті күшейтіп, даулы жағдайларды азайтты. Бір ғана жанар-жағармайды бақылау арқылы 300 млн теңгенің шамасында қаражат үнемделді.
– Цифрлық шешімдердің арқасында жұмыстың біразы автоматтандырылса, жұмысшылар да қысқаратын шығар?
– Иә, барлық деректер автоматты түрде қалыптасқан соң, қағазбастылық азайып, енді адами фактор төмендеді. Нәтижесінде, кейбір қызметтерді оңтайландырдық. Мысалы, бұрын тек қағаз құжаттармен айналысқан 35 диспетчердің орны қысқарды. Цифрландырудың арқасында есеп-қисап та автоматты түрде жүргізіп, жалақы бірден есептеледі. Кадр мамандары, бухгалтерлер қысқарады. Бұл жұмыстар қазір қанатқақты режімде іске қосылса, жазда толық енгізіледі деген жоспар бар. 2024 жылы мекемеде шамамен 2 448 адам жұмыс істеген болса, кейінгі оңтайландыру нәтижесінде бұл сан 1 740 адамға дейін азайды. Биыл қыс мезгілінде шамамен 1 428 қызметкер жұмыс істеді. Мұның барлығы цифрландырудың, жұмысты автоматтандырудың нәтижесі. Үнемделген қыруар қаражат мекеменің жоғын түгендеуге, жұмысшылардың жалақысын өсіріп, әлеуметтік жағдайын оңалтуға жұмсалады. Біздің қағидатымыз қарапайым, мекемеге нақты табыс әкелетін негізгі күш – жүргізушілер мен өндірістік персонал. Сондықтан артық әкімшілік, қосалқы қызметтерді қысқарту арқылы еңбек қорын тиімді пайдалануға болады. Цифрландыру жұмысын толық өзіміздің отандық IT-мамандар атқарғанын айта кеткен абзал. Білімді жастардың жұмысы көңілден шықты. Қазір бізге қызығып, еліміздің бірнеше аймағынан, тіпті Бішкектен коммуналық сала қызметкерлері келді. Олар да тиімділігін көрсеткен жүйені енгізгелі отыр.
– Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын сөз еткенде, олардың баспанамен қамтылуы туралы айтпай кете алмаймыз. Жақында мекеме қызметкерлерінің үйлі болуына қатысты жағымды жаңалық естіп едік, соны өз аузыңыздан естісек.
– Иә, кеше ғана 7 қызметкеріміз үйлі болуға мүмкіндік алды. Оларға екінші деңгейлі банктер арқылы ипотека рәсімдеу кезінде бастапқы жарнаның 50%-ын төлеуге арналған сертификат табыстадық. Бұл жылдар бойы өз баспанасына көшуді армандап жүрген қызметкерлерге үлкен жәрдем болды. Тұрғын үй сертификатына үміткерлерге мекемеде кемінде 5 жыл еңбек өтілі болуы, кейінгі жылдары өз атында тұрғын үй болмауы керек деген талаптар қойылды. Әлеуметтік жағдайы ескерілді. Біз әрбір қызметкердің отбасылық, тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік қарастырғымыз келеді. Әлеуметтік қолдау шараларын, оның ішінде жұмысшылардың тұрғын үй алуына көмектесін бастамаларды алда үзбей, жалғастыруға ниеттіміз.
– Сұхбатты түйіндей келе, тұрғындардың тазалық сақтау мәдениеті қаншалықты артты деп ойлайсыз?
– Салаға көзқарас өзгеруі қажет дегенді біз үнемі айтамыз. Қоғамда әлі күнге көше тазалауға немесе қар күреу жұмысына барғысы келетіндер аз. Бізде еңбек ететіндердің де дені жасы үлкен азаматтар. Жастар жоқ емес, алайда салыстырмалы түрде өте аз. Тазалық тек тазалыққа жауапты жұмысшының міндеті деп ойлайтындар әлі бар. Шын мәнінде, қала тазалығы – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Қала – ортақ үйіміз. Біз жуырда тәжірибе жасап, Мәңгілік ел даңғылы бойындағы бір шақырым аумақты тәулік бойы тазаламадық. Нәтижесінде, сол қысқа уақыт ішінде мыңдаған темекі тұқылы, сусын бөтелкелері, балмұздақ, басқа да тұрмыстық қалдықтар қоқыс тастауға тыйым салынған орындарда үйіліп қалды. Әрине, тазалыққа бейжай қарамайтын тұрғындарымыз көп, оларға алғыс айтамыз. Сол тұрғыда мен тазалық бізге үлкен еңбектің, адал жұмысшылардың арқасында келетінін жеткізгім келді.
Әңгімелескен –
Сәндібек АСАНӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»