Өңірге сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылындағы «Ақ-Ата» бұлағын тазарту, абаттандыру іс-шарасына қатысты. Жалпы ауданы 3,5 гектар болатын, тарихы XVII–XVIII ғасырлардан басталатын бұлақ көзін тазарту, айналасын абаттандыру, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарына атсалысты.
Алдағы уақытта «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі бұлақтарды түгендеуге кіріспекші. Бүгінде 711 бұлақ көзі анықталды, сондай-ақ мұрағат материалдарына сәйкес, 2 772 бұлақ картасы жасалды. Жалпы, экологиялық бастамаларды жүзеге асыру судың табиғи көздерін сақтауға, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға, су ресурстарына ұқыпты қарауға бағытталған.
– Мемлекеттің міндеті – адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қалыптастыру. «Таза Қазақстан» бастамасы қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіре отырып, жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Бұл – нәтижелі, жасампаз патриотизмнің айқын үлгісі. Акция тек сенбіліктермен, ағаш егумен шектелмейді. «Мөлдір бұлақ» бастамасы табиғи бұлақтар мен су айдындарын қамти отырып, су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесінің маңызын жалпы қоғамдық деңгейге көтеріп отыр, – деп атап өтті О.Бектенов.
«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының бірінші кезеңінде атқарылатын тазарту, абаттандыру жұмыстары еліміздің алты өңірін – Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстарындағы, Шымкент қаласындағы бұлақтарды қамтиды. Екінші кезең сәуір айына жоспарланған, еліміздің қалған өңірлерінде ұйымдастырылады.
«Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өткен тазалық жұмысы барысында өңірдің барлық ауданында бұлақ көзі ашылып, айналасы күл-қоқыстан тазартылды. Облыс көлемінде акция Түлкібас ауданында басталып, шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Ауданда 40-тан астам бұлақ көздері ашылып, оған 3 мыңнан астам ауыл ардагерлері мен тұрғындары, жастар мен белсенділер, мекеме қызметкерлері атсалысты. Бүгінде ауданнан 7 өзен бастау алып, елді мекендер маңындағы 53 бұлақ халық игілігіне қызмет етіп келеді.
Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауылдық округіндегі қасиетті «Көзді ата» бұлағының маңында да ауқымды тазалық жұмысы ұйымдастырылды. Аудан аумағында 20-ға жуық бұлақ көзі бар. Бұлақтардың барлығында дерлік тиісті мекеме қызметкерлері, абаттандыру саласының мамандары, ауыл тұрғындары мен еріктілер бірлесе жұмыс атқарып, бұлақ көздерін ашу, айналасын қоқыстан тазарту, ретке келтіру жұмысын жүргізді.
Игі бастама Қазығұрт ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазығұрт тауының баурайындағы Атбұлақ елді мекенінде өткен экологиялық шара барысында киелі «Ақбура әулие» бұлағының айналасы толық тазартылып, абаттандырылды. Аудан аумағындағы 10 бұлақтың айналасында тазалық жұмыстары жүргізіліп, тал егу, әктеу, абаттандыру шаралары ұйымдастырылды.
Төлеби ауданында Әңгір-Ата ауылындағы «Шілтер әулие» бұлағы, Майбұлақ ауылындағы «Нұр-Ата» бұлағы, Қайнар ауылындағы «Жылақ-Ата» бұлағы, Көксәйек ауылындағы «Георгий әулие» бұлағы аумақтары толық тазартылып, ретке келтірілді. Экологиялық акцияға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов жетекшілік етіп, 30-ға жуық зиялы қауым өкілі, 45 жұмысшы, 70 ерікті қатысты. Жұмысты сапалы әрі уақтылы орындауға 5 трактор, 3 «КамАЗ» жүк көлігі, 3 су таситын арнайы техника жұмылдырылды. Жалпы, аудан аумағында
100-ден астам бұлақ көзі бар.
Шардара ауданында «Мөлдір бұлақ» акциясы Сырдария өзенінің жағалауында өткізілді. Экологиялық шараға 500-ден астам адам жұмылып, табиғатты қорғау, тазалық жұмысына атсалысты. Сондай-ақ бұл күні Созақ ауданындағы Аша тауынан бастау алатын, Жартытөбе ауылының аумағына дейінгі 50-ден аса бұлақ көзі ашылды.
Түркістан облысы