Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Гүлшара Әбдіқалықова Ж.Якабты Тедрос Адханомның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа Бас директоры болып тағайындалуымен құттықтады.
Мемлекеттік хатшы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қоғамдық денсаулық сақтау жүйелері мен қызметтерін нығайтуға бағытталған барлық бастамаларының маңыздылығын атап өтті.
Гүлшара Әбдіқалықова еліміздің денсаулық сақтаудың, соның ішінде БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудің өзекті мәселелерін шешу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді атсалысып отырғанын айтты.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда, атап айтқанда ана мен бала денсаулығын қорғау, өкпе ауруының алдын алу әрі онымен күресу, медициналық және фармацевтикалық білім беру және т.б. мәселелер бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Әңгімелесу барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының географиялық тұрғыдан шалғайда орналасқан Алматы қаласындағы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету офисі қызметінің мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның Алматы қаласында БҰҰ-ның көпжақты дипломатия жөніндегі хабын құру бастамасы туралы айтты.
Ж.Якаб Қазақстанның денсаулық сақтау саласы бойынша жүргізіп отырған саясатына ризашылық білдірді.
Қымбат Тоқтамұрат,
«Егемен Қазақстан»