22 Маусым, 2017

Қазақтың құты

442 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір қалада тұратын аға буын ұрпақтың басым көпшілігінің санасындағы, жалпы жан дүние­сін­дегі, ұғым-түсінігіндегі алтын бесік ауыл бейнесі бала­лық шақтың бал дәуренінде қа­лып­тасқан ғой. Содан да болар, қашанда көл көңілді қазақы мінездің, астың асыл-дәмдісін көпке сақтайтын дархан пейілдің, айтпай келетін қыдыр қонаққа қуанатын мырза бейілдің нұр шуағына малынып өстік десек те болады. Қарап отырсақ, осындай ақ-адал пейіл, көңілдің кеңдігі қазақтың құты екен-ау.

Қазақтың құты

Зерендінің зерен беліндегі Көктерек деген ауылымыз. Әр үй бір-бір биеден байлайды. Екі бие сауатындар некен-саяқ. Бұл өзі «Маленков берген байталды, Хрущев келіп қайта алды. Айналайын Косыгин, Байталымды қайтарды» дейтін өлеңнің ел аузында енді ғана айтыла бастаған шағы. Жарықтық, Шаяхмет деген ағамыз жұртты ду күлдіріп, осы шумақты саңқылдай сапырып соғып отыратын. Кеңестің кер заңымен қазақтың жан баққан жылқы түлігін жеке шаруашылықта бір тұяқтан артық ұстауға тыйым салынып, сол шектеудің енді алынып тасталып, ауылдағы ағаларымыз бен апаларымыз соған қуанғанын жүгіріп жүрген ойын баласы – біз сол кезде қайдан біліппіз. 

Білетініміз, мамырдың ортасы ауа бие байланады. Ауылдың әр үйінде дерлік қымыз. «Қымыз жарықтық көптің асы ғой» деп шешеміз айтып отыратын сөз құлағымызға сол бала кезімізден құйылып қалған.  Ауылда баласыз жұмыс бітпейді. Сағыз қайнатуға қайыңның қабығын әкеліп түтелеп беретін де балалар. Қайыңның қожырмағын, шіріген түбірлерді әкеліп қымыз ашытатын піспені үш төрт күнде бір ыстап желпіндіріп алуға үзбей дайындап отыратын да балалар. Бие байлағаннан кейін бір аптадай жинап қорландырылған алғашқы қымызға ауылдың үлкендерін үй-үйді аралап шақырып келетін де балалар. 

Ақсақалдардың, әжелердің батасы алынғаннан кейін жаз бойы ауылдағы қымыз қызығы үзілмейді. Қайың қожырмағымен ысталып, мейіздей меймілдеген қос сүр қазы қосылып бапталған, иі қандырыла әбден пісілген мамыр-маусымның дертке дауа, бал татыған қымызы қандай шіркін! «Түнемел қымызыңнан болса, сапырып-сапырып құйшы, жеңеше!» деп тұрады жігіттер.  Қымыз мол. Үй ішінің, көрші-көлемнің, ауыл қыдырмаларының, ойда жоқта келетін құдайы  қонақтың – бәрінің ішуіне молынан жетеді. Кейде, тіпті, өзіміз ішпесек те келіп қалған кісіден ұят болмасын деп бөлек керсенге құйылған қымыз салқын сабатта кешке дейін мұрты бұзылмай тұрар еді. Құданың құдіреті, тоңазытқыштың жоқ заманында шешелеріміз  сорпа-суанын ірітіп-ашытпай, қымызын жылымшы қылмай, арнайы жасалған жертөлеге түсіріп тас бұлақтың суындай, сұп-суық күйінде сақтаушы еді-ау.  Сол үшін ешкімнен ақы да, алғыс та дәметпейтін. Әйтеуір жұртқа жақсы болсын дейтін. 

Бала болсақ та, үйден алған тәрбие болар, көшеде өтіп бара жатқан үлкен кісі көрсек қымыз ішіңіз деп үйге бұрып әкелетінбіз . Ол кісіні тану-танымау, білу-білмеу есеп емес. Ал енді тамыздың соңы, қыркүйектің ортасына таман бие ағытылады, ауылдағы қымыз маусымы аяқталады. Осы кезде ауылдың әр үйінде сірге мөлдіретер қымыз жиналып, үлкендер шақырылып, жаздың соңғы қымызынан дәм татырады. Қазақтың дархан пейілімен астасқан қымызды ауылдың балалық шақтағы біз көрген хикметтері осындай болатын. Одан бері тұтас бір дәуір өтті. 

Заман талабына сай жанбағыс қамымен қымызын сатуға шығарған, әсіресе, ауыл қазағының, жалпы атам қазақтың пейілі бұрынғыдай кең. Көкшетаудың Мәдениет, Талап, Ақан, Баратай, Жылымды, Жаңауыл, Жолдыбай, Қызылсая, Қызылағаш, Биіктесін, сынды ауылдарында кісісі қайтқан үйге қазан көтертпей, жаназа күнгі ас жабдығын, намазшыларды үйді-үйге бөліп әкетіп, өздері қамдайды, бар ауыртпалық-салмағын тұтас ауыл болып бірлесе көтереді. Әрине, осылай бөліскенде қайғы азаяды. Бұл өзі сонау Ақан сері заманынан бері Науан хазірет қалдырған үлгі-үрдіс, небір алмағайыптар өтсе де бұзылмай келе жатқан дәстүр-салт. Басқалай айтқанда, қазақтың құты бұл. 

Қорғанбек Аманжол, 
«Егемен Қазақстан»