22 Маусым, 2017

Құнанбай мешітінің алғашқы айшығы қайда?

518 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кешегі коммунистік идеология, атеистік қасаң көзқарастар қазақ тарихына зор нұқсан келтіргені айдай ақиқат. Сұрқия саясаттың суық қолынан діни сауаты күшті қасиетті молда-ишандар, сопылар, Құранды жатқа білетін қарилар, мешіт, медреселер көп зардап шекті. Олардың қатарында Қарқаралы қаласындағы Құнанбай қажы мешіті де бар еді.

Құнанбай мешітінің алғашқы айшығы қайда?

Ғимараттың тіпті, 1980-90 жылдары, атқораға айналып, жермен-жексен болуға шақ қалған тұсы да болған. Әрине, бір Құдайдың құді­ре­тімен, көзі ашық, көкірегі ояу ел азаматтарының табанды ерлік істе­рі­нің арқасында қасиетті Алла үйі то­налса да жоғалмай бүгінге жетті. Ен­ді, сол мешіт жайында елден естіген, өзі­міз кездестірген құнды деректермен бөліселік. 

Қарағандыда облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің штаттан тыс тіл­шісі, қарқаралылық Сейітқұл Түсіп­бе­ков атты ақсақал тұрды. Бер­тін­де ел­ордаға қоныс аударды деп ес­ті­дік. Сонда Сейітқұл ақсақал осы Құ­нанбай қажы салдырған мешіт жайлы көп әңгімелеп жүретін. Қаңырап қараусыз қалған нысанды фотоға түсіріп, оны «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялап, атқораға айналып кеткен Алланың үйін қайта қалпына келтіртуге мұрындық болыпты. Сол Сейітқұл ақсақалдың суреттеріне зер сал­саңыз, мешіттің мұнарасы мен а­й­шы­ғы жоқ екенін аңғарасыз. Әрине, қа­сиетті мешітті басында кеңсе, пионерлер үйі, астық сақтайтын қойма, соңында атқораға айналдырып жатқан шолақ белсенділер оның мұнарасы мен айшығын қалдырып қойсын ба? Бұл жайында әріптесіміз, журналист Назерке Жұмабай «Құнанбай мешітінің құпиясы» деген мақаласында «1924 жылы шолақ белсенділердің: «мешітті бұзып, минарасын құлатып, кеңсе қыламыз!» деп, араларынан Имаш деген кісі, «Мен құлатамын, онда тұрған не бар?» деп, ағаш мешіттің үстінен аяғы тайып құлап, сол жерде мерт болыпты» деп жазады.  

Ал, өлкетанушы, журналист Ерлан Мұстафин  бұл деректі тағы нақтылай түседі. Ол естіген әңгіме бойынша, көп жылдар бойы Қарқаралының имамы болған аса қадірлі Қапаш Жолдыбалаұлы ақсақал мұнараны құлатқан оқиғаны балаларына айтып кетіпті. Қаданбану Қапашқызы әкесінен естігенін былай деп еске алыпты: «Кеңес өкіметі кезінде, дінге қарсы болған жылдары Құнанбай мешітінің айшығын атып түсіріңдер деген приказ болады. Біраз кісілер атқанмен, оқтары бармайды. Содан бір кісі атып кеп қалғанда, айшық жерге құлап түседі. Атқан кісі сол жерде доп сияқты доп-домалақ болып қалып, жан тапсырыпты. Әкем өз көзіммен көрдім деп айтатын. Содан марқұмды «Ақ бейітке» апарып жерлепті». 

Бүгінгі әңгіме сол айшық туралы болып отыр. Осыдан бес жыл бұрын Ерлан Мұстафин ол айшықты Қарқаралыны аралап жүріп, біреудің қорасындағы Қытайға өткізейін деп жатқан темір-терсектің арасынан тауып алыпты. Қазірде құнды жәдігер өлкетанушының үйінде ақ матаға оралып тұр. Ерлан айшықтың бертінге дейін сақталғаны туралы қарқаралылық Мұрат Даниял­ұлы Сәдуақасовтан естіпті. Ести салысымен, кәсіби тарихшы бірден іздеуге кіріседі. Мұрат Сәдуақасовтың айтуынша, оның атасы Сәду молданың төсегінің бас жағында жастықтың астында темір ай жатады екен. – Үйде 5 жасынан көзі көрмейтін Әсия деген апай болатын. Мен: «Мынау немене ай?» деп сұрағанымда, апай: «Бұл Құнанбай мешітінің айы, құлатқанда әкеліп қойған» деп жауап берген еді... 

Ол айшықтың Құнанбай мешітінікі  екенін дәлелдейтін тағы бір дерек бар. Сәду ақсақалдың көзі тірісінде, Қарқаралыға келген сайын үйіне атақты Ақжан Машани келеді екен. Құнанбай мешітін қайта қалпына келтірейін деп жатқанда Ақжан Машани Ал­матыдан қоңырау шалып, бір қа­рия­ны жұмсап, Сәду молданыкінен ай­шықты алдыртқан екен. Бірақ та ме­шіт құрлысының ұйымдастырушы ал­қасында компартия мүшелері болып, ол айшықты қалайда мұнараға іл­гізбеуге қарсы әрекеттер жасаған деседі. Содан ай ұшты-күйлі тағы да жоғалады. Ширек ғасырдан астам табылмай келген қасиетті жәдігер жайлы бү­гін, міне қайта әңгімелеп, оның сенімді қолда екеніне көз жеткізіп отырмыз.

Біз айтып отырған адам есім­­дері, нақты деректер Ерлан Мұстафиннің 2012 жы­­лы «Қарқаралы» газетінде жаз­­ған сүйінші мақаласында егжей-тегжейлі айтылып, жа­зылған. Сөзінің соңында, «Құдай қаласа, осындай көне ескер­т­кіш­­ті Құнанбай қажы мешітіне тап­сыр­мақшымын» депті. 
Қазірде Құнанбай қажы мешіті әбден қалпына келген. Өзінің әсем ай­шығы да бар. Сондықтан, ол ай­шық­ты биыл Қарқаралы ауданы ор­талығынан ашыл­ғалы жатқан жаңа ме­шітке тап­сырған жөн деп есептейміз. Сим­волдық тұрғыдан да, сауапты іс ретінде ұтымды шешім сол болар еді. Қайткен күнде де ұлы тұлғалардың ұмытылмас жәдігерлерін жинақтап жүрген Ерлан Мұстафинге бек разымыз.

Мирас Асан,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы