Аймақтар • 22 Маусым, 2017

Елдікті асқақтатқан ескерткіш

557 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Екібастұзда елді елең еткізген оқиға болып, ұлы ойшыл, тарихшы, этнограф, фольклортанушы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ескерткіші ашылды.

Елдікті асқақтатқан ескерткіш

Бірнеше жыл бұрын кеншілер қаласының бас көшесі – Ленин көшесіне әулие баба­мыз­дың есімі берілгенде, бөркін аспанға атып шаттанған халықтың қуанышы еселене түсті. Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Болат Бақауов, мәшһүртанушы Айтмұхамбет Тұрышев, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұр­пақтары, алыс-жақыннан келген қонақтар қа­тысты.
Аймақ басшысы Болат Бақауов пен ғұ­ламаның шөбересі Абай Шәрапиев ескер­ткіш жамылғысын түсірген соң, С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің оқушысы Бауыржан Кәкімов пен «Зерде» мектебінің оқушысы – Мәшһүр Жүсіп бабаның шөпшегі Перизат Сүйіндік ақын өлеңдерін оқыды.     
Екібастұзға кіреберіс тұсқа ерекше рең беріп, ел рухын көтеріп тұрған қола ескерткіш биіктігі тұғыртасымен қоса есептегенде 7 метр­ге жуық. Авторы –қарағандылық мүсінші Жау­басар Қалиев. 
Атап өтерлік жайт, 60 жылдық мерейтойын атап өткен кеншілер шаһарында қазақтың дарынды ұлдарына арнап бұған дейін талай ескерткіш соғылған. Алайда бүгінгі ескерткіш ең көркем әрі сәтті жасалғаны деуге болады. 
Ескерткіштің ашылуына Екібастұз қа­ла­сының әкімі Қайрат Нүкенов қолдау танытып, «Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп қо­­ғамдық қоры» (президенті – Бақтыбай Амантаев) үлкен еңбек сіңірді.  

Жанаргүл ҚАДЫРОВА 

Екібастұз