Ақтөбе • 22 Маусым, 2017

Ақтөбе адымы: белесті бес басымдық

334 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының тоғыз жолдың торабын­да орналасуы, көлік-логис­тика қызметінің оң жолға қойы­луы және энергетикалық ресурс­тардың молдығы да оның жүйе түзуші кешен ретіндегі орнын ай­қындай түседі. Еліміз үшін басты рынок саналатын Ресейге шыға­тын қақпамыздың бірі де осында. Осы арқылы оңтүстік және орталық аймақтағылар Кас­пий теңізіне шыға алады. Осы орайда әлеуметік-экономи­калық дамуға қатысты алғанда облыс­тың бес саусақтың саласындай бес бірдей ерекше сипатқа ие екенін айтқан жөн. 

Ақтөбе адымы: белесті бес басымдық

БІРІНШІ ЕРЕКШЕЛІК Ақтөбенің отандық төрт агломе­рацияның бірі екендігінен туындайды. Сарапшы мамандар Ақтөбе мұнай-газ химиясы кешенін құруға лайықты деп санайды. Индустрия мен инновацияны дамытудың басты қозғаушы күшін де осы тұстан табуға болады. Ақтөбе агломерациясын құру ісінің бастауында өзге емес, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұрғаны үлкен мәртебе. Мемлекет басшысы Ақ­төбе қаласын бүгінгі заманғы ур­банистикалық орталыққа айнал­­дыру жөніндегі жобасын бұдан үш жыл бұрын 2014 жыл­дың қаңтарында жарияла­ғаны белгілі. 

Қазіргі кезде өңір агломерация табиғатына тән өзге өңірлерге негізгі тапсырыс беруші жақ ретіндегі даму жолына бет бұрып келеді. Басты мақсат осы арқылы тұтастай ел экономикасының өркендеуіне үлес қосу болмақ. Осы арада Елбасы аймақтық аг­ломерацияның алғашқы қада­мына орай: Ақтөбе ел экономикасын өрге сүйрейтін локомотив рөлін атқара алады деп жоғары баға бергенін де айту парыз. Ақ­төбе агломерациясы облыстың ал­ты ауданын қамтиды. Оның шеңберіне Ақтөбе қаласы мен осы төңіректегі жетпіс елді ме­кен кіреді. Оның екеуі Алға мен Қандыағаш секілді шағын қала, ал біреуі еліміздегі моноқалалар құрамындағы Хромтау қаласы. Бүгінгі күні агломерация аума­ғында 600 мыңның үстінде халық тұрады. Бұл өңірдегі тұрғындар санының 72,5 пайызы. 

Ақтөбе агломерациясының алдағы ат­қаратын іс жоспарлары облыстық мәсли­хаттың 2015 жылдың 7-тамызында өткізілген сессиясында бекітілген. Қазіргі күні соған сай кең ауқымды жұмыс­тар жүргізіліп келеді. Ақтөбе облысының әкімі Берді­бек Сапарбаевтың өкіміне сәй­кес жұмыс тобының құрамы­на басқармалар мен департамент­тердің басшылары және Ақтө­бе қаласы мен агломерация аума­ғындағы аудандардың әкімдері енгізілген. Олар өткен жылы Ақ­төбе агломерациясының 2016-2020 жылдарға арналған жалпы жаңа жобасын жасақтады. Мұн­да халықтың табиғи және көші-қон есебінен өсімі мен демо­гра­фиялық сыйымдылығы ин­вес­ти­циялық күштерді топтас­ты­рудың ілкімді жүйелері көрініс тапқан. 

Бұған қосарымыз, ұлттық эко­номика министрлігі маман­дарының мәлімдеуіне қараған­да, түпкілікті жағдайда және болашақта Ақтөбе агло­ме­ра­циясының демографиялық сыйым­дылығы 1 миллион 300 мың адамға жеткізілмек. Әрі Ақ­төбе еліміздің басты көлік-ло­гистика орталығының және ме­таллургия, құрылыс сала­ла­рының бірі ретінде дамымақ. 

ЕКІНШІ ЕРЕКШЕЛІК өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенді іс-әрекеттері мен қарқынды қимылдарынан бастау алады. Өзге өңірлермен салыстыра қарағанда Ақтөбенің тұтастай еліміздің ішкі жалпы өніміне қосатын үлесі жоғары. Қазіргі кезде осы үлестің деңгейін одан әрі көтеру қажеттігі туын­дап отыр. Бұл үшін Елбасы бірін­ші кезекте шағын және орта бизнестің өңір экономи­ка­сындағы үлесін елу пайызға жеткізу міндетін қойды. Сөз жоқ, бұл өте жоғары міндет. Аса ауқымды іс. Өңірдегі қазіргі іс-қимыл осы мақсатты орынауға бағытталған. Елбасы белгілеген меженің елу пайыздық мөлшерін игеру болып отыр. 

ҮШІНШІДЕН, Ақтөбе облысында рес­публика Президентінің Үшінші Жаңғыруды жариялаған Жолдауында көрсетілгендей мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тігінің аясын кеңейту ісінде көптеген жобалар іске асып келеді. Бұл жөнінде облыс республика өңірлері арасында алдыңғы орында тұр. Биыл облыста екі жақты әріптестікті жүйелі жолға қою үшін тартылған инвестиция көлемі 28 миллиард тең­гені құрады. Мемлекеттік мү­лікті сенімді түрде басқаруға берілген нысандар арасында әлеу­меттік инфрақұрылымдар жүйе­сін дамытуға басымдық беріл­ген. 

Биыл өңірде мемлекеттік-же­ке­меншік әріптестігі аясында 38 жоба жүзеге аспақ. Аймақ­та экономиканың барлық буын­дарына тән нормативтік және құжаттық база мемлекет-жеке­мен­шік әріптестігі қызметіне берік орныға бастауы – облыстың әлеу­меттік-экономикалық да­муы­ның басты ерекшелігі болып қала бермек. 

ТӨРТІНШІДЕН, Ақтөбеде ел өңірлері арасында ешқандай бала­масы жоқ медициналық клас­тердің құрылғаны аймақтың әлеу­меттік-экономикалық даму ісінен тыс тұра алмайды. Мұн­дағы басты мақсат – респуб­ликаның батыс өңіріндегі барлық тұрғындарды сапалы әрі қол­жетімді медициналық қызметпен қамту. Қазір осы бағытта облыста қосымша медициналық ны­сандар құрылыстары бой көтеріп келеді. Соның ішінде осы ны­сан­дардың 35-і жоғарыда айтыл­ғандай мемлекет-жеке­меншік әріптестігі аясында тұрғызылуда. 

БЕСІНШІДЕН, Ақтөбе облысы экономикасында өнер­кәсіпті өркендету жетекші рөл атқарғанымен мұнда агро­өнер­кәсіптік кешен мен ауылшаруа­шылығы өндірісінің даму деңгейі де жоғары. Бұл үшін бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының деңгейін көтеру мен қайта өңдеу өндірісі нысандарын дамытуға көңіл бөлінуде. Осы міндет үдесінен шығу үшін ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырудың кең ауқымды бағдарламасы қабылданған. 

Соған сәйкес облыста бал арасын өсіру, ешкі сүті мен бөдене жұмыртқасын өндіруді өнеркәсіптік жолға қою, балықты өңдеп, қалбырлап шығару секілді дәстүрлі емес шаруашылықтарды игеру қолға алынған. Өңір тұрғындары мен кәсіпкерлерінің бұрын шұғылданып көрмеген мұндай кәсіпке бет бұруы – саланы әртараптандырудың басты кілті, әрі өңірдің әлеуметтік-экономикалық ерекшелігінің ажырамас бір бөлігі болмақ.