Ақтөбе • 22 Маусым, 2017

«Әсем» десе әсем...

387 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оқушылар демалатын лагерьлер жазғы каникул кез­дерінде маусымдық сипатта ұйым­дастырылатыны белгілі. Бұған көз де үйренген. Көңіл де орнық­қан. Ал бұған дейін елімізде жас жет­кіншектерге арналған тұтас жыл бойы демалу лагері болып көр­мегеніне де бәс тігуге де болады. Осындай алғашқы қадам Ақ­төбе аймағынан бастау алып отыр. 

«Әсем» десе әсем...

Мұндағы оқушылардың жыл бойы демалу лагері Ақтөбе об­лысының әкімі Бердібек Сапар­баевтың бастамасымен әрі тікелей қолдауымен өткен жылы қазан айында құрылған. Әрі оған «Әсем» деген айтуға да, жазуға да өте ыңғайлы, ән сөзіндей естілетін тамаша атау берілген.
Елімізде ешқандай баламасы жоқ жарқын жоба мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында іске қосылған. Оның басты ба­залық тірегі облыстағы «Ақ­төбе-Шығыс» лагері болып табы­лады. Бір ауысымда мұнда демалатын уақыт 12 күнге есеп­телген. Әрі осы бір ауысым ара­лығында «Әсем» 115 жеткін­шекті қабылдай алады. Олардың қа­тарын халықаралық және рес­публикалық олимпиадаларда көш басынан көрінгендер құрай­ды. Ғылыми және спорттық жарыс­тарда топ жарғандар да осы лек­те. Шығармашылық конкурс­тардың жеңімпаздарын да осы топ­тан табасыз. Қысқасы «Әсем­де» биылғы жылдың соңына дейін 3220 бала демалады деп кү­тілуде. 
Осы орайда оның қызметі кешенді көзқараспен ұштасып жатқанын айтқан жөн. Яғни, лагерьдің ұйымдастыру жұ­мыстары тек демалыс­пен шектелмейді. Сонымен қа­тар келушілердің жалпы білім беру пәндері бойынша білім­дерін тереңдетуге де толық мүм­кіндіктері бар. Жыл бойы жұмыс жасайтын лагерге «Сымбат» жекеменшік мектебі де әріптес ретінде іске кіріскен. Бұған қоса «Әсемде» оқушылардың жан-жақты үйлесімді түрде демалуына да барлық жағдай туғызылған.