Ақтөбе • 22 Маусым, 2017

«Жайсаннан» басталған жол жаһанға жалғасады

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының Ресейдің Орынбор облысы арасындағы шекарасы ұзындығы артық та емес, кем де емес – тұп-тура 1000 шақырым құрайды. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының оңтүстік -шығыс бөлігіндегі Байғанин және Шалқар аудандары Өзбекстанмен шектеседі.

«Жайсаннан»  басталған жол  жаһанға жалғасады

Қалай дегенде де қазіргі күні мұнда Орынбор облысымен байланыс оң жолға қойылған. Бұл мәселе шекаралас өңірлер басшылары қол қойған өзара келісімге сәйкес шешімін тауып келеді. Егер шекаралас аймақтар арасында өткізу бекеттерінің қызметі жақсы жолға қойылса, бұл жағдай сауда-экономикалық, әлеуметтік, рухани және мәдени қарым-қатынастарды  тереңдете түсуге жол ашады. Осындай жол бірінші кезекте Ақтөбе өңіріндегі «Жайсан» автокөлік өткізу бекеті арқылы ашылған. Ақтөбе облысы әкімдігі сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлының айтуынша, мұндағы өткізу жолағы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында екеу ғана болса, қазір сегізге жеткізілген. Тұтастай алғанда өңірдегі басты өткізу бекетінің жаңғыртылып, қайтадан толық жөндеуден өткізілгендігі автокөлік тасқыны мен жүк айналымының бірнеше есе өсуіне септігін тигізіпті. 
Осы арада Ақтөбе мен Орын­бор секілді шекаралас аймақтар арасындағы жол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі арқылы тоғысатынын оқыр­мандар назарына сала кеткен жөн. Оның Ақтөбе облы­сындағы ұзындығы 628 шақырым. Жоғарыда айтылған авто­көлік пен жүк тасымалының не­гізгі бөлігі де осы жол арқылы өтеді. Әйтсе де, Ресей жағындағы «Сагарчин» өткізу бекеті әлі күн­ге дейін жөнделмей, сол күйін­де тұр екен. Бұл мәселе өткен жылы қазан айында Қазақ­стан мен Ресейдің шекаралас өңірлері басшыларының ара­сында өткізілген форум кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бер­дібек Сапарбаевтың тара­пы­нан қойылған. Өзекті мәсе­ле ресейліктердің тарапынан түсі­ністікпен қабыл алыныпты. Олар Ақтөбе облысының Мәртөк ауда­нымен шектесетін тұсында орналасқан «Сагарчин» өткізу бекетін бүгінгі биік талаптарға сай жасақтау жөніндегі жобаны 2018 жылға дейін аяқтауға сөз беріпті. Бұған қоса Ақбұлақ 
ауданы аумағы арқылы Орын­борға барар жолдағы 40 ша­қы­рымды құрайтын жол да жөндеуді қажет ететініне автокөлікпен жүру кезінде айқын көз жеткіздік. Көршілер қазір бұл жолды қал­пына келтіру жұмыстарын бастап отыр. Қазақ елінің қатпар-қатпар шежіресі мен тарихы Орынбор облысының архивтерінде жатқаны да ғылыми-рухани бай­ланыстарды ұлғайта түсуге негіз қалайды. Орынбор қазақ­тары Қазақстандағы, соның ішінде, көршілес Ақтөбе облы­сын­дағы өзгерістерге және мұн­дағы жарқын жобаларға сүйіс­пеншілікпен қарайтыны аңға­рылады. Әсіресе, орынборлық қазақ жастары күндік жұрты – Қазақстандағы әріптестерімен тығыз байланыс ұстауға ықы­ласты, деді газет тілшісіне Орын­бор облысындағы орыс-қазақ қауымдастығы арасындағы әлеу­меттік-мәдени қарым-қаты­настарды қолдау мен дамыту жөніндегі коммерциялық емес ұйымның директоры Айтпай Жалғасханұлы. Біз әңгімеміздің басында Ақтөбе облысымен шекаралас өңірлердің бірі Өз­бекстан екені жөнінде сөз сабақ­таған едік. Бұл қазақ жұртына ең жақын халық – Қарақалпақ елі болып табылады. Ашығын айтқанда, бұған дейін Өзбекстанмен өзара бай­ланыстар және көршілік қарым-қатынастар мәселелерінде томаға-тұйықтық көріністері орын алып келгені рас. Дегенмен, соң­ғы кезде бұл көршілес әрі түбі бір туыстас елмен қарым-қа­ты­нас жақсарып, оң сипат алғаны да анық.